Әлем кубогына жолдама алды
Аягөз жұртшылығы, тіпті облыс халқы үшін атап айтуға тұрарлық қуанышты жаңалық. Атырауда өткен әскери самбодан Қазақстан чемпионатынан жерлестеріміз жеңіспен оралды.
Еліміздің батысында өткізілген байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Семей, Шымкент, Өскемен, Қызылорда, Тараз Көкшетау, Қостанай қалаларынан 500-ге жуық спортшы қатысты.
Осы жарысқа облыстық іріктеу сындарынан сүрінбей өткен Аягөз ауданының төрт спортшысы барған-ды. Нәтижесінде Рауан Манасов пен Хайса Аманжол үшінші орынмен қатар спорт шеберлігіне кандидат атағын жеңіп алды. Енді балуандарымыз әскери самбодан шілде айында жалауы желбірейтін Әлем кубогына қатысады.
– Жігіттер Әлем кубогынан да жүлдемен оралса деген тілегіміз бар. Өйткені, олар тыңғылықты жаттығулардың арқасында осындай нәтижеге қол жеткізді. Енді алда күтіп тұрған үлкен сыннан да мүдірмей өтеді деп сенеміз. Сондықтан қазірден бастап дайындықты қызу жүргізіп жатырмыз, – дейді екі спортшының бапкерлері Ерғазы Татенов пен Мейрам Мұсабаев.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.