Руханият

Әлемі әдемі Әмина

Әлемі әдемі Әмина


Есімі ел есінде жатталып қалған сахна саңлақтарының бірі – Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы, жерлесіміз Әмина Өмірзақова екені даусыз. Биыл актрисаның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Осы орайда облыстық А.Пушкин атындағы кітапханада Әмина апамыздың мерейтойына орай «Әлемі әдемі Әмина» атты еске алу кеші болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.

Қазақ киносының анасы атанған Әмина Өмірзақованы еске алуға арналған кешке жиналған қауым ең алдымен өнер саңлағының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге актриса туралы өнер сыншылары мен әріптестерінің естеліктері, өнердегі қиын да қызықты жолы туралы материалдар мен суреттер қойылыпты. Әйгілі актриса 1919 жылдың 8-наурызында Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Ленинградтағы сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітіріп, 1938-1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының труппасында, 1942-1949 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында, ал 1949 жылдан Қазақ академиялық жастар мен балалар театрында қызмет істеген. Жалпы алғанда, Әмина Өмірзақова саналы ғұмырының 68 жылын кино мен театр өнеріне арнапты. Барлығы 178-ден астам рөлді сомдаған. Еске алу кешінде Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов бейнежолдау арқылы Әмина апай туралы өзінің естелігімен бөлісті.

– Биылғы жыл рухани байлығымызды түгендейтін жылдың бірі болып тұр. Соның ішінде қазақтың кезіндегі ерке қызы Әмина апамыздың мерейтойы ұлы мерекелердің бірі екені сөзсіз. Әмина апамыздың сахнада ойнаған рөлдері халқымыздың асқақ өнерінің сан қырлылығын көрсетеді, – деген актер сонау 1971 жылы Ғ.Мүсрепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының табалдырығын алғаш аттағанда өзін жылы жүзбен қарсы алған ағалар мен апалардың алдыңғы легінде осы Әмина апамыздың болғанын, жанарынан шуақ, жүрегінен жылу төгілген осынау бір ананың қамқорлығын көргенін ерекше бір мақтанышпен жеткізді.

– Десе де Әмина апамызды ел¬-жұртына әбден танытқан экран еді. «Абай әндері» фильміндегі Ажар бейнесі арқылы апамыз үлкен экранға қадам басты. Содан кейін «Тақиялы періште» секілді әйгілі фильм дүниеге келді. Әмина апамыз қазақ өнерінің дамуына үлесін қосқан асқақ аналарымыздың бірі, – деді Д.Жолжақсынов.

Әмина апайдың өнердегі әріптесі Роза Әшірбекова да бейнежолдау арқылы ол кісі туралы бір ауыз жылы лебізін білдіріп, Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындағы музейдегі Әмина апайдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлерді көрермендерге таныстырып өтті.

Жалпы, Әмина апамыздың есімі ауызға алынғанда, көз алдымызға оның «Тақиялы періште» фильміндегі рөлі ойымызға түсетіні сөзсіз. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттерінен құралған «Шабыт» жастар театрының өнерпаздары осы фильмнің сахналық нұсқасынан үзіндіні көрермендер назарына ұсынса, ал өңірімізге есімі танымал әнші Қадыхан Манай осы фильмдегі «Мама» әнін әуелетті. Сондай-ақ, Әмина апамыздың өмірі мен шығармашылығы туралы викторина сауалдарына дұрыс жауап берген оқырмандар шағын сыйлыққа да ие болды.

Кеш соңында жиналған қауым үлкен экраннан Әмина апамыз басты рөлді сомдаған «Тақиялы періште» фильмін тамашалады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button