Қоғам

Әлем чемпионатының қола медалін иеленді

Әлем чемпионатының қола медалін иеленді

Беларусь астанасы Минскіде өткен шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы қола медальді еншіледі.
Бірінші дивизионның «А» тобында ойнаған отандастарымыз финалда Австрия хоккейшілерімен шеберлік сынасып, нәтижесінде 5:2 есебімен жеңіске жетті. Матчтағы алғашқы шайбаны кездесудің 18-ші минутында Данияр Саян соқты. Арада төрт минут өткенде, яғни, екінші кезең басталысымен Әділ Бектаев мергендігімен көзге түсіп, басымдықты еселеді. Бірақ қарсыластар да қарап қалған жоқ, ширақ қимылдап, дереу есеп айырмасын бір шайбаға қысқартты. Бір қызығы, австриялық команданың бұл белсенділігі біздің ұлдардың шабытын түртіп оятқандай болды. Өйткені матчтың екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы қарсыластың қақпасына бес бірдей шайба соқты. Голдардың авторлары: Әділбек Жанғазинов (28 минут), Артем Синицын (33 минут) және Александр Борисевич (37 минут).
Бапкердің берген нұсқауы солай болса керек, кездесудің үшінші кезеңінде жерлестеріміз басымдықты сақтап қалуға күш салды. Сауатты қорғанудың арқасында еуропалық команданың ұйымдастырған дүркін-дүркін шабуылдарына лайықты дәрежеде төтеп берді. Тек матчтың аяқталуына бес минут қалғанда қарсыластың бір шайба салуға шамасы келді. Голдың авторы – Давид Кониг.
Сөйтіп, Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында үшінші орынды иеленіп, қола жүлдегер атанды. Ал алтын және күміс медаль иегерлері Германия мен Беларусь арасында өтетін ақтық ойында анықталмақ. Екеуінің қай жеңгені – чемпион.
Естеріңізге сала кетейік, Әлем біріншілігінде үздік үштіктен көрінген Қазақстан құрама командасының негізгі ойыншылары Өскемен хоккей мектебінің өкілдері. Осы байрақты бәсекеге оларды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов бастаған қалың жанкүйер ақ жол тілеп, шығарып салған болатын.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button