Қоғам

Әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлде

Әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлде

Өскемен ел хоккейінің ұстаханасы екені тағы бір мәрте дәлелденді. Австрияда 18 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен шайбалы хоккейден Әлем чемпионатында құрамында 12 өскемендік бойжеткен өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы тәуелсіз ел тарихында болмаған үшінші орынды иеленді.
Қола жүлдегерлерді облыс орталығының Защита теміржол бекетінен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов бастаған қалың жанкүйер құшақ-құшақ гүлдермен қарсы алды.
– Қыздарымыз ел құрамасының сапында Әлем біріншілігіне қатысып, «Б» тобында Румыния, Австрия, Ұлыбритания, Қытай секілді мықты мемлекеттердің командаларымен бақ сынады. Нәтижесінде қола жүлдегер атанды. Бұл тәуелсіз Қазақстан хоккейінің тарихында болмаған жетістік, – деп қуанышын жасыра алмаған Елдос Чикенов еліміздің абыройын асқақтатқан бұрымды хоккейшілерімізге алдағы маусымда жаңадан спорттық құрал-жабдықтар мен киім алып беруге уәде етті.
Сонымен қатар, басқарма басшысы өз сөзінде облыстық хоккей федерациясы алдына үлкен мақсат қойып отырғанын жеткізді. Хоккейші қыздарымыз осы қарқынын жоғалтпай, жоғары деңгейде өнер көрсетулерін жалғастыра беретін болса, келешекте «Б» тобынан элиталы «А» тобына көтерілуге мүмкіндік зор. Алда тұрған ендігі меже сол.
– Бұл жүлде оңайлықпен келген жоқ бізге. Төккен тердің, жатпай-тұрмай еткен еңбектің өтеуі деп ойлаймын. Ең бастысы, бапкердің еңбегі орасан зор. Өздеріңіз көргендей, чемпионаттағы қарсыластарымыз осал болмады. Бәрі де жеңіс үшін жандарын салды. Жартылай финалда жолымыз болмады, есесіне үшінші орын үшін таласта жеңдік, – дейді өскемендік жас хоккейші Александра Кокорина.
Айта кетейік, шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Әлем чемпионаты (бірінші дивизионның іріктеу турнирі) 7-11 қаңтар аралығында Австрияның Шпитталь-ан-дер-Драу қаласында өткен-ді. Бұл дүбірлі додада Өскемен хоккей мектебінің тәрбиеленушілері ұлттық құрама команда сапында ойнап, төрт кездесудің үшеуінде жеңімпаз атанып, қола жүлдеге қол жеткізді. Енді ойыншыларының басым үлесін өскемендік хоккейшілер құрайтын ұлттық құрама команда биылғы сәуір айында өтетін Әлем чемпионатына дайындалады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button