Қоғам

Лаура Кемешева, Күршім аудандық мәслихатының хатшысы:

– Міне, бүгін  президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты  мақаласы жарық көрді. Оны бүкіл қазақстандықтар қызыға оқып, жарыса талдауда. Президент бұл жолы да өзінің аса білімді, келешекті кеңінен ойлайтын көреген адам екендігін аңғартты. Абай – бүкіл қазақ халқының данасы, жол бастар ақылшысы әрі әлемдік деңгейде бетке ұстаған мақтанышы.  Президенттің  ақынның 175 жылдық мерейтойын  әлемдік деңгейде тойлауға шақырып отырғаны, бұл іс-шараға қазақ жұртшылығының жаппай атсалысып,  жұмылуы қажеттігін меңзеуі  кім-кімнің болса да ризалығын тудырып, бірлік пен ынтымаққа құлшындырып отыр. Осы бағытта бұл айтулы мерекеге орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын атап айтқан Мемлекет басшысы ұлттық сананы жаңғырту  және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін Абай шығармаларын мұқият оқу керектігіне бөле-жара тоқталып отыр. «Өйткені, – дейді Президент, – Абайдың  қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін өте пайдалы. Сондықтан Қазақстан халқы Ұлы ақынның ойынан да, тойынан да тағлым алуға тиіс».

Сонымен бірге Президентіміз Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттау керектігін атап айтып отыр. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалауға тиіс. «Сол себепті Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен танытуымыз қажет», – деп тиянақтайды Прензидент сөзін. Сондай-ақ «әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұрсын» дегендей, әр шаңырақта Абайдың кітаптары мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруға тиіс екенін еске салады.

Осының барлығын салиқалы оймен сараптай келе, өз басым Президентіміздің көтеріп отырған мәселелерінің қай-қайсысы болмасын өте орынды әрі мазмұнды пікірге саяды деген ой түйдім.

Осы айдарда

Back to top button