Лауазымдық міндеттемелер тең бөлінбеген
Өңірдегі мемлекеттік органдарда еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалар қалай орындалып жатыр? Заңбұзушылықтардың алдын алуда қандай жүйелі шаруалар қолға алынған? Мемлекеттік қызметшілердің құқығы қаншалықты сақталуда? Облыстық әкімдікте өткен әдеп кеңесінің кезекті мәжілісінде аталған мәселелер және мемлекеттік қызметшілерге қатысты бірқатар тәртіптік істер қаралды.
Алдымен жиналғандардың назарына ағымдағы жылдың 14 ақпанында өткен әдеп кеңесінде қабылданған шешімдердің орындалуы жайында ақпарат ұсынылып, ол туралы департамент басшысының орынбасары – әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат Сапарғалиев баяндады.
Ал мемлекеттік қызметшілер құқығының сақталуына талдау жасаған департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Тәшенов сараптама 2018 жылға арналған мемлекетік қызметтегі әдептілік деңгейін жоғарылату бойынша кешенді жоспардың 1.1 және 1.2 тармақтарына сәйкес жасалғандығын жеткізді. Оның айтуынша, департамент өңірдің 37 мемлекеттік органында жасырын сауалнама жүргізген, оған екі жарым мыңға тарта мемлекеттік қызметші қатысқан. Нәтижесінде кейбір органдарда лауазымдық міндеттемелерді тең бөлмеу және атқаратын лауазымына тән болмау фактілері бар екені анықталған.
– Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулығында олардың міндеттері толық әрі нақты жазылған. Алайда оған немқұрайлы қарайтындар көп. Атқаратын міндеттерді бөлуде берекесіздікке жол берілген, – деді ол.
Мәселеге орай сөз алған Әдеп кеңесінің мүшесі Жомарт Манақов мемлекеттік органдарға жүргізілген рейд кезінде анықталған заңбұзушылықтарды алға тартты.
– Жұмыс барысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтары жиі бұзылады. Мысалы, жұмыс уақыты аяқталса да, сағат кешкі сегізге дейін мекемеде отырған қызметкерлерді кездестірдік. «Неге үйге қайтпайсыздар?» деген сауалға «Басшы жиналыста отыр, соны тосып отырмыз» деп жауап берді, – дейді Жомарт Манақов.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Жанна Қабдолдақызы өз кезегінде қатысушыларға агенттік арқылы мемлекеттік қызметшілердің құқығын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді. Мәселен, оларға тегін медициналық қызмет көрсету, спорттық нысандарға баруға өздеріне және отбасы мүшелеріне мүмкіндік жасау мәселелері шешімін табуда. Осыған қатысты өз ойын білдірген облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов бүгінгі таңда облыста үш мыңнан аса спорттық нысан жұмыс істеп тұрғанын айтты. Оның 1800-і ауылдық жерлерде. Басқарма басшысының мәліметіне сәйкес қолданыстағы «Денешынықтыру және спорт туралы» Заңға сәйкес барлық нысандардың есігі азаматтар үшін де мемлекеттік қызметшілер үшін де ашық. Кеңес мүшелері Асқар Можановтан мемлекетік органдар өкілдері алдағы уақытта жиі барып тұруы үшін өңірдегі спорттық нысандар туралы толықтай ақпарат дайындап беруін сұрады.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік қызметшілердің құқығын мүлтіксіз сақтау жөнінде нақты ұсыныс әзірленіп, әдеп кеңесінің хатшылығына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отыру, қызметкерлердің құқығы бұзылу фактісі кездескен жағдайда, мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін әдеп кеңесінің мәжілісінде қарауға шығару тапсырылды.
Білім саласында жемқорлық азаймай тұр
Сондай-ақ кеңесте облыстың білім саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі қаралып, ол жөнінде департаменттің бас маманы Эльнар Тұрсынқанов баяндады. Оның айтуынша, республика бойынша білім саласындағы жемқорлыққа қатысты қылмыстар азайып келе жатса, бізде керісінше көбейіп кеткен.
– Мысалы, 2015 жылы өңірде қылмыстық жауапкершілікке білім саласының төрт қызметкері тартылса, 2016 жылы – жеті, 2017 жылы тағы жеті адам тартылды. Келтірілген шығын 20 млн. теңге көлемінде, – дейді Эльнар Тұрсынқанов.
Әдеп кеңесінде осыған қатысты облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмаділованың, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкинаның, Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарованың баяндамалары тыңдалды. Себебі сыбайлас жемқорлық қылмыстары соларға қарасты мемлекеттік мекемелерде жиі орын алуда.
Білім саласының өкілдері тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын алға тартып ақталып баққанымен, кеңес мүшелері Сергей Потанин мен Олег Чернышов одан ешқандай нәтиже шықпай отырғандығын айтып, керісінше мектептерде, балабақшаларда жемқорлық қылмыстары өршіп тұрғандығын нақты мысалдармен келтірді. Сонымен бірге бұл бағыттағы жұмыстарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың аясында түбегейлі өзгертіп, нақты жұмыс істеуді тапсырды.
Келесі ретте кеңесте Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінде және Семей қалалық жер қатынастары бөлімінде мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалардың бұзылуының алдын алу және ескерту бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындылары тыңдалды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Надежда Окатенконың баяндауынша, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінде 2017 жылы жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке төрт лауазымды тұлға тартылған және оның бірі – департамент басшысы.
Ал Семей қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Құдайберген Сейілханов мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әдеп кеңесі мүшелерінің алдына келіп отырған жайы бар.
Кеңес мүшелері екі мекеменің де өкілдеріне мемлекеттік қызметті сапалы көрсету – қазіргі таңдағы мемлекеттік аппарат тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екендігін айтып, олардың басшыларына заңнаманы бұзуға жол бергендердің жауапкершілігін қарауға ұсыныс берді.
Әдеп кеңесінде жалпы мәселелер талқыланып болған соң, Риддер қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қуат Мұхамедчиновқа және Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Өскемен аумақтық инспекциясының басшысы Бақытжан Букембаевқа қатысты тәртіптік істер қаралып, кеңес мүшелері аталған мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде сәйкесінше ұсыныс енгізді.
Дәурен Аллабергенұлы