Латын графикасына кезең-кезеңмен көшеміз

Елбасы Жарлығын іске асыру мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Ұлттық комиссия құрылып, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуде.Жоғарыда аталған жоспар бойынша 2018-2020 жылдары емле ережелерін дайындау, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, әліпби үйрету әдістемесін әзірлеу, көпшілікке жаңа әліпбиді үйрету үшін IT бағдарламалар дайындау, конвертор әзірлеу жоспарланған.
2021-2023 жылдарды қамтитын екінші кезеңде құқықтық нормативтік актілерді, ҚР азаматы паспорты мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасына көшіру, мектеп оқулықтарын дайындау, әртүрлі салалық карталар жасау, қазақ тілінің академиялық грамматикасын, үлкен түсіндірме сөздік дайындау жоспарланған.
2024-2025 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың ісқағаздарын латын графикасына көшіру, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын және баспасөз басылымдарын жаңа әліпбиге көшіру және тағы басқа да жұмыстар жоспарланған.Осы жоспарларды жүзеге асыру мақсатында, Ұлан ауданының «Тілдерді оқыту» орталығында 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 36 сағаттық латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйрету курсы өз жұмысын бастады. Аталған курсқа полиция, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар мекемесі, сот және басқа мекемелердің қызметкерлері мен мамандары қатысуға ниет білдіріп, бекітілген кесте бойынша сабақтар жүргізілуде. Курс аяқталғанда тыңдаушыларға сертификат табысталады.
Тілдерді оқыту орталығы