Қоғам

Латын қарпін оқытатын орталық

Латын қарпін оқытатын орталық


Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Пушкин атындағы облыстық кітапханада латын әліпбиін оқытып-жаздыруға арналған орталық ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатына мемлекеттік қызметкерлер, жоғары оқу орындарының өкілдері, тіл мамандары, студенттер, оқушылар қатысты. Бұл жобаның іске асуына Өскемен қалалық мәслихатының депутаты С.Коротин жәрдем жасапты. Шара барысында мәслихат депутаты жиналған жұртты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, мемлекеттік тілде лебізін жеткізді.

Бүгінгі капиталистік дәуірде өмір сүріп жатқан біз үшін рухани жаңғыру ауадай қажет болатын. Экономикамыздың мығым болғаны, әрине, жақсы. Бірақ ең қасіреттісі – рухани кедей болу. Біз негізі Тәуелсіздік алған кезден бастап осы әліпбиге көшуіміз керек еді. «Ештен кеш жақсы» демекші, біраз жыл күттіріп барып осы жұмысты қолға алып жатырмыз. Ұлттың осы бір ұлағатты жұмысына өңірдегі бас кітапхананың алғашқы болып орталық ашып жатқаны қуантады, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияров.

Қазақ тілінің қағидаларын бір кісідей білетін тіл білгірі ұлттың үнінде 28 әріп барын көлденең тартты құттықтау сөзінде. Бірақ латын әліпбиінің ұсынылған соңғы нұсқасында 32 әріп бар екені белгілі.

Орталықтың ашылу салтанатына келген жұрт бейнежазба арқылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанованың сабағын тыңдады.

Осы орайда ұлттық әліпбидің соңғы нұсқасын ұсынып отырған аталмыш институт екенін атап өткен ләзім. Анар Мұратқызы лекция барысында жаңа әліпбидің ішіндегі төбесі түртілген сегіз әріпке айрықша тоқталды. Соңғы кезде ел арасында аталмыш қаріптер туралы екіжақты пікір туғаны белгілі. Сабақ барысында да ол сауалдар қойылды. Бейнежазба лекциядан кейін қатысушылар онлайн режимде оқытушыға қашықтан сұрақтар қойып, ой бөлісті.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button