Ұларбек Жеңісбек жеңіске жетті

Өскеменде оқушылар айтысы өтті. Бұл «Жыр алыбы – Жамбыл» деген атаумен жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан бала ақындардың сөз барымтасы.
Қазақ әдебиетінің жүз жасаған бәйтерегінің құметіне аталған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында он екі бірдей жас түлек жарысқа түсті. Облыстық қосымша білім беру және денешынықтыр орталығы шараның басы-қасында болғанын айта кеткен жөн.
Көріп отырмыз, бала да болса осы уақытқа дейін неше мәрте үлкен сахна көріп, мектеп танып, соқпақ-танабын тауып үлгерген жас ақындар да бар.
Әйткенмен бөле-жарары жоқ, барлығын да жіпке тізіп шығайық. Өскеменнен Ерасыл Ермекұлы, Зайсан ауданынан Ұларбек Жеңісбек пен Тәжібол Серікбол, Тарбағатайдан Жаңагүл Даршынқызы және Нұрайым Асқарқызы, Аягөзден Мирас Зәкенов, Жармадан Өнербек Жақсыбек пен Рахат Тамаша, Семейден Ділназ Баекенова мен Ғибрат Ғабрахманова, Ұланнан Айхат Әділов пен Нөсерхан Шуақ келіп, дода көрігін қыздырды.
Қарсыластар сайыс басталардың алдында, көпшіліктің көзінше жеребемен анықталды. Сондықтан да тапбермеде тауып айтқан тапқырлар оза шауып келіп жатты. Бәрінен бұрын мектеп оқушыларының қастерлі өнерге шындап ден қоя бастағаны тәнті етті көпшілікті.
Алаштың Абашы бастаған қазылар алқасының шешімімен Зайсан ауданының намысын қорғаған Ұларбек Жеңісбек бас жүлдеге лайық деп танылды. Бұдан өзге бірде-бір оқушы құрқол қайтқан жоқ. Ал жүйрік шыққан Ұларбек 22 ақпан күні Алматыда өтетін республикалық айтыста Шығыстың атынан бәйгеге қосылады.
Оразай Жеңісұлы