«Ұланның» ұтымды қадамдары

Бүгінде мал шаруашылығымен айналысатын ұжымдардың саны көп болғанымен, аудан көлемінде солардың үшеуі ғана заман талабына сай асыл тұқымды түлік өсіріп, оны ниет білдірген әріптес қауымға сатып отыр. Осы үш қожалықтың бірі – Бурабай ауылына қарасты Суықбұлақ телімін мекендеген «Ұлан» шаруа қожалығына біз ат басын арнайы бұрған болатынбыз. Атаулы межеге жеткенде бұрыннан естіп-біліп жүрген тың жаңалықтар мен айтулы игіліктерді көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей, тәнті болдық. Өзіміз күнде көріп, бойымыз үйренген малшы қыстағының орнына алдымыздан сәулетті үйлер мен тіршілікке барынша қолайлы шаруашылық кешені шыққанда көңіліміз толып, бойымызды осы шаруаны сауаттылықпен жолға қойып отырған жетекшіге деген ризалық биледі.
– Малды бақтыру үшін алдымен малшыға, осында тер төгетін жұмысшыға барынша жағдай жасалуға тиіс, – дейді «Ұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Арғын Қабдуллин. – Сөйткенде ғана қол астыңдағы қауымнан нәтижелі жұмыс күте аласың. Біз осы талапқа әркез баса көңіл қойып отырамыз.
Арғынның айтқанының рас екендігіне көп ұзамай-ақ көзіміз жетті. Мұндағы тұрғын үйлер қаладағыдай орталықтан жылытылады, ыстық-суық суы, моншасы, кәріз жүйесі бар. Жеке қазандықтағы скважина насос арқылы суды өзі тартып, ысытып, таратып тұрады. Жұмысшылардың үйлері бөлек, олардың өз моншалары бар. Малшылар мен жұмысшыларға тиянақты еңбекақы төленіп, зейнетақы қорына уақтылы аударым жасалып отырады. Электр тогы тұрақты, теледидар, басқа да тұрмысқа қажетті құралдарды пайдалануға мүмкіндік толық.
– Бізде 400 бас ірі қара түлігі бар, – деп әңгімесін жалғастырды Арғын Ақманұлы, – сонымен бірге 300 жылқы ұстап отырмыз. Жылқы түлігі «Ішек көлі» атты фермада бағылуда. Ал 120 бас сиырды бұрын Бурабай фермасының «Орталық» деп аталған телімінде ұстаймыз. Қалған бойдақ ірі қара – осында.
1996 жылы Абай атындағы совхоз таратылғанда, өздеріне пайға тиген «ЮМЗ» тракторы, 80 қой, үш атпен жеке шыққан Қабдуллиндер тәуекелге бел буып, осы шаруашылықты құрған болатын. Сөйтіп, құлағалы тұрған бұрынғы ескі қораны бұзып, орнына жаңадан еңселі қора тұрғызған ағайынды Сайран, Арғын, Тұрғанбек атты үш жігіт қолдағы малды өсіріп, шаруашылықты өркендетуге кірісіп кеткен-ді. Оларға Бурабай фермасының атақты шопаны атанып, 40 жыл қой баққан әкелерінің ақыл-кеңесі мен көмегі үлкен қолдау болды. Талап пен еңбек бар жерде табыстың да болатыны рас қой, көп ұзамай ағайынды азаматтардың алды жүріп, мал басы өсе бастады. Маңдай терді төгіп, жұмысқа барынша ден қойған «ұландықтар» мал тұқымын асылдандыруға 2003 жылдан бастап бел шеше кірісіп, 2011 жылы «Асыл тұқымды шаруашылық» деген мәртебеге қол жеткізді.
Мұндағы басты олқылық электр желісінің жоқтығы еді, көп ұзамай ол мәселе де шешімін тапты. Бес шақырым жердегі негізгі желіден бағандарын орната отырып, тартылған жүйе 10 млн. теңгеге түсті. Дегенмен, бүгінгі таңда электр тогынсыз өркениетті тірлікті елестету мүмкін емес қой.
– Келешекте заманауи қасапхана салмақпыз, – деп Арғын бізді өзінің алдағы жоба-жоспарларымен таныстырып өтті. – Ірі қара етін алдымен +5 градуста салқындатып, сорғытып алып, соңынан – 25 градуста қатыратын бес және он тонналық екі тоңазытқыш сатып әкелгелі отырмыз. Ал телімімізді албаты адам кіре алмайтын, жұқпалы аурулардан жақсы қорғалған жабық ауыл шаруашылығы кешеніне айналдырмақпыз. Бизнес-жоспарымыз даяр, амандық болса бұл іске 2018 жылы кірісеміз. Сонымен қатар малды бордақылауды да жолға қоюды межелеп отырмыз.
«Ұлан» шаруа қожалығы бүгінде жыл сайын 70 жас бұқа, 40-50 құнажын саудалайтындай жағдайға жетіп отыр. Ал оларды шаруалар бүкіл облыс көлемінен әдейілеп келіп сатып әкетіп жатады екен.
Алдағы уақытта шаруашылық экологиялық жағынан таза, семіз етті тапсырыс бойынша даярлауды қолға алмақ. Іргеміздегі алпауыт ел – Қытай халықаралық келісімшартқа сәйкес Аягөз бен Талдықорғаннан ет қабылдайтын үлкен кешендер ашқалы жатыр. Сол арада арнайы зертханалар салынады, оларда мұқият тексеріліп, сыннан өткен мал еті бүкіл Қытай мемлекетіне тоқтаусыз таратыла бастайды. Ал Арғын Ақманұлы өз өнімдерінің осы деңгейден көріне алатынына нық сенімді.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы