Қоғам

Ұландықтар өнімдерін тұрақты бағамен сатты

Ұландықтар өнімдерін тұрақты бағамен сатты

Өскеменде сенбі сайын өткізіліп жүрген аудан-қалалардың ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіндегі жалған баға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ сынына ұшыраған соң, қалада «Нұр Отан» партиясының және қоғам өкілдерінен бағаның барысын бақылауға арнайы комиссия құрылған болатын.

Аталған комиссия өткен сенбіде Ұлан ауданы фермерлері ұйымдастырған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып, бағаның жайын бақылаған рейд ұйымдастырды.

Ұландықтар ұйымдастырған жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Дүйсенғазы Мусин аралап көріп, бағаның шынайы қойылғанына тағы бір мәрте көз жеткізді.

Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажанов бұл жолы жалпы көлемі 29 тонна ауылшаруашылық өнімдерін жеткізгенін, оның 10 тоннасы ет, қалғандары сүт, бал, көкөніс екенін айтты.

– Қажетті өнімдердің бәрін әкеліп отырмыз. Баға базар бағасынан 20 пайызға арзан. Мысалы, базарда еттің келісі 1700-1800 теңгеден болса, бізде 1200-1400 теңгеден сатылымға шығарылды. Бағаны әкімдіктің адамдары да қосымша бақылап жүр. Сырттан ешбір саудагер кіргізілмеді.Шаруалар өнімдерін өздері сатты, – деді ол.

Тұрғындарға алған өнімінің дәлдігін тексеріп алу үшін жәрмеңке алаңының ортасына арнайы таразы да қойылған. Саудаға аудан мектептерінің қосалқы шаруашылығында өндірілген бақша өнімдері де молынан шығарылыпты. Тіпті, марал етінің де, қазақтың ұлттық музыка аспаптары, қолөнер бұйымдары да қала тұрғындарына ұсынылғанын байқадық.

Мұндағы азық-түліктің бағасына тексеру жүргізіп, сатушылармен сөйлескен «Нұр Отан» партиясының және қоғам өкілдері ешқандай заңбұзушылықтың орын алмағанын, алдамшы бағаның кездеспегенін жеткізді.

– Осыған дейін қағазда басқа баға жазылып, ал сатушылардың басқа бағамен сатқан жағдайы тіркелген болатын, – деді «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова. – Сонымен бірге, ауданның жәрмеңкесіне қалалық саудагерлер де араласып, бағаны көтеріп жіберетін. Біз бүгін сол олқылықтарды болдырмау үшін арнайы рейд жасап отырмыз. Көргеніміздей, ешқандай жалған баға болмады. Ұлан ауданының өкілдері бұл жұмысты өте жақсы ұйымдастырған.

– Мен бүгін жәрмеңкенің бағасын тексеру үшін қаланың екінші басындағы Защита ықшамауданынан арнайы келіп отырмын. Өзім отыз жыл сауда саласында қызмет еттім. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарай алмаймын. Өткенде облыс әкіміне де бұл туралы айтқан болатынмын. Ал бүгін бағаның бәрі ойдағыдай, әкімнің тапсырмасынан қорытынды шығарылып, ретке келтірілген, – деді өскемендік зейнеткер Раиса Әзімханова.

Арзан баға халықтың көңілінен шыққанын ет өнімдерінің түске дейін толық сатылып кеткенінен-ақ байқадық.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button