Ұландықтар бастаған жәрмеңкені өскемендіктер жалғастырды

Өскемендегі «Фреш-Маркет» логистикалық сауда орталығында Ұлан ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің жаңа маусымының ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин қатысты.
Бұл жылдың жәрмеңкесін бастаған ұландық шаруалар, кәсіпкерлер ауылшаруашылық өнімдерін үйіп-төгіп алып келіпті. Сауда сөрелерінде әсіресе, ет өнімдерінің түр-түрі тұрды. Бағасы да тұрғындар үшін қол жетімді. Келісі – 900 теңгеден. Облыс әкімінің орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Дүйсенғазы Мусин шаруа қожалықтардың мал бордақылауда қандай тәсілдер қолданатынына қызығушылық білдіріп, қожалық иелеріне де өз ұсыныстарын айтты.
Ұлан ауданы әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, қалалық тұтынушыларға 21 тонна ет өнімдерін әкелген. Оның ішінде жылқы, сиыр, қой, тауық және шошқа еттері бар. Сонымен қатар, көкөніс, бал, балық, сүт өнімдері де саудаға қойылды. Бұл жәрмеңкеге Ұлан ауданының әрбір округіндегі кәсіпкерлер атсалысты. Айыртау ауылынан келген Мұхамедолла және Сұлухан Ағзамовтар аспаздық цехын ашып, төрт адамды жұмыспен қамтыған. Олар дәмді бауырсақ, бал бауырсақ, торт, тұшпара пісіріп сатумен айналысады. Бүгінгі жәрмеңкеге де өз өнімдерін алып келіп халыққа ұсынған. Айыртаулық аспаздардың тағамдарынан дәм татқан тұтынушылар әртүрлі бауырсақтардан көптеп сатып алды. Сондай-ақ, құрт, сүзбе, қаймақ, ірімшік, талқан, қоспа сынды өнімдеріне де сұраныс көп болды.
– Өздерін жұмыспен қамтып, нәпақаларын тауып отырған кәсіпкерлерге көмектесуіміз керек. Ұлттық тағамдарды өндіруде де көп еңбек істеп жатқандары көрініп тұр. Оларға кәсібін жалғастыру үшін қол ұшын беруіміз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.
Жәрмеңкеге аталмыш ауданның мектеп ұжымдары да құр қол келмеген. Мектеп учаскелерінде өсірілетін жеміс-жидектердің қайнатпасы сатылды. Сонымен бірге, 55 теңгеден картоп, қызылша, сәбіз саудаға қойылды. Бұдан түскен ақша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жұмсалады екен.
Маусымашар жәрмеңкеге келген қала тұрғындары мен қонақтары да риза болды. Ауыл өнімдерін бірі дорбалап, енді бірі арбалап әкетіп жатты.
Сондай-ақ, ұландықтар бастаған жәрмеңке маусымын ертеңінде облыс орталығының кәсіпкерлері жалғастырып әкетті. Бұл күні елуге тарта өскемендік ауылшаруашылық өнімін өндірушілер «Фреш Маркет» сауда-логистикалық орталығы жанындағы жәрмеңке өтетін арнайы алаңды жергілікті жерде өндірілген, арзан азық-түлікке толтырып тастады.

Ағымдағы жылда осымен екінші мәрте ұйымдастырылған жәрмеңкеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов қатысып, арзан өнімді молынан әкетіп жатқан елмен бірге жәрмеңкені аралып көрді, сөредегі ауылшаруашылық өнімдерінің бағасымен танысты.
Облыс орталығының кәсіпкерлері бұл күні жиыны 6,5 тонна етті, 200 келіден астам құс етін, дәл осынша мөлшердегі шұжықты, бір жарым тонна балды, бір тоннаға жуық балық өнімдерін, үш мың данаға тақау жұмыртқаны, 500 литр күнбағыс майын, 130 келі сарымайды сатылымға шығарды. Бұлардан бөлек, халыққа бес тонна картоп, жарты тонна орамжапырақ, бір тонна сәбіз, 1,6 тонна пияз, жарты тоннаға тарта жеміс ұсынылды. Қалалықтар үшін жеңсік ас саналатын тары мен талқан, құрт пен ірімшік, сүт өнімдері де келушілерге молынан жетті.
Ал жәрмеңкедегі өнімдердің бағасына келер болсақ, еттің барлық түрі келісі 1000 теңгеден айналды. Қазы-қарта келісі – 1800 теңгеден қойылды. Балды келушілер бір келісін – 800 теңгеден алса, қымыздың литрі – 600 теңгеден, сарымай – 1100-1300 теңгеден сатылды. Картоптың келісі – 50-55, пияз – 70, сәбіз – 60, қызылша – 70, орамжапырақ – 80 теңгеден саудаланды. Алма мен мандариннің келісі – 350 теңгеден қойылды. Балық өнімдеріне келсек, бір келі филесі – 500-850 теңге аралығында, сазанның келісі – 750, ұшқыш балығы – 700, көксерке – 800, шортан – 300, мөңке – 300 теңгеден болды. Қойдың тұтас етін 16500 теңгеден арқалап бара жатқандар да көзге шалынды. Бұлардан басқа, күнделікті тұтынатын тауарларды да сатып жатқандардың қарасы мол болды.
– Кешеден бері ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелер көңілден шығып жатыр. Бүгін де келіп, керегінше картоп, пияз, күнбағыс майын алдым. Мұндағы баға үйдің қасындағы дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Тек келуге ерінбеу керек. Халық апта сайын қажетін осы жәрмеңкеден түгендеп алуға дағдыланғандары жөн, – деді қала тұрғыны Төлеухан Медеуханқызы.
– Бүгін жәрмеңкеге балық өнімдерін арзан бағамен қажетінше шығарып отырмыз. Көптеп алғандарға жеңілдіктер де қарастырылған. Арнайы тапсырыс беретіндер болса, үйлеріне де жеткізіп бере аламыз, – дейді жеке кәсіпкер Ерлан Әбішев.
– Аталған жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат – мереке күндері облыс орталығының тұрғындарын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету, оларға мерекелік көңіл күй сыйлау. Өздеріңіз көргендей, халық жәрмеңкеге әбден үйреніп қалған. Бүгін жұрт күннің салқындығына қарамастан, таңертеңгі сегізден бастап сөрелер маңынан табылды, – деді Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қымбат Ақажанова.
Мерей Қайнарұлы,
Дәурен Аллабергенұлы