Ұланда ұлан-асыр той өтті
«Көңілдің кәусар бұлағын, Бұрғым кеп саған тұрамын… Ұланым менің, Ұланым…». Қарт Қалбаның аспанында осы әуезді ән екі күн сан қайталана шырқалды. Ақын Мұрат Тастағановтың сөзіне жазылған Оралхан Көшеровтің «Ұланым» әні ғой бұл. Ауданның бейресми әнұранына айналған асқақ жыр Ұланның 90 жылдық мерейтойына орай шырқалып жатқан болатын.
«Қызыл алма» көрерменді қызықтырды
Торқалы тойдың шымылдығы «Ұлан ауданының 90 жылдық тарихи толғауы» атты конференциямен түрілді. Белгілі ғалым Зейнолла Самашев, қаламгер Сәдібек Түгел, жазушы Шәрбану Бейсенова бастаған төл тумалары мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиында ауданның бүгіні мен ертеңі туралы біраз келелі дүниелер талқыланды.
Ауданның тарихына тоқталған Сәдібек Түгел өткен 90 жылды төрт кезеңге жіктеп, жіліктеп тұрып айтып берді. Оның алғашқы кезеңі 1928-1941 жылдар. Қазақтың барын алып, бақанын қолға ұстатқан осы бір нәубет жылдардың аты аталса, кез келген қазақтың жүрегін дір еткізері хақ. Сорпа бетіне шығарларының сорын қайнатып, бай-манаптарын шекара асырған сол жылдар Райымжан Мәрсеков бастаған ұлттың оғыландарының қанын арқалап кете барды. Иә, бүкіл қазақтың үштен екісін жалмаған бұл таухметті жылдарды ұландықтар та көппен бірге көріп алды. Аудан тарихының екінші кезеңі де қаралы хаттармен басталып, сұм соғыстың қанды беттерімен парақталады. Бірақ, толарсақтан қан кешіп, адамзат баласына алапат қайғы шеккізген сол жылдар ұландықтар үшін мақтаныш деп айтуға болады. Себебі алақандай ауданнан Кеңес одағының 11 батыры шыққан ғой. Ал тәуелсіздікке дейінгі үшінші кезең, қазақтың қарны тоқ болғанымен, тіл мен дініне шабуыл жасалған тәуелсіздікке дейінгі дәуір болатын. Төртінші кезең, әрине, қазақтың өшкені жанып, өлгені тірілген арайлы азаттықтың ширек ғасыры. Ауданның аумалы-төкпелі жылдарын осылай түсіндірген С.Түгел Сібе көлдерінің тағдырына тоқталды. Оның «сұлу табиғатын бүлдіріп алмасақ» деген алаң көңілін жасырмады. Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан тарихында көкпардан тұңғыш рет республикалық чемпионат ұйымдастырған ұландық Мэлс Наримановтың есімі Меновноедағы атшабарға берілсе деген ұсынысын айтты.
Ал Ұлан жерінің сонау Сақ заманынан, көне түркі дәуірінен бергі өркениеті мен тұрмыс-тіршілігіне тоқталған белгілі археолог Зейнолла Самашев ауданның тарихи ескерткіштері туралы жинақ шығарсақ деген ойын ортаға салды. Сонымен қатар сондай көне тарихы бар ауданның әлі күнге мұражайы жоқтығы сөз болды.
Ұлан тарихын зерделеп жүрген Зейнолла Қайсенов ақсақал Үржар өңірінде жатқан Танаш батырдың басын көтеру керектігін тілге тиек етсе, тағы бір өңір тарихын зерттеуші Алдияр Әубәкіров Алаш орданың атқамінерлеріне көше беру керектігін жеткізді.
Конференцияны қорытындылаған аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтылған ұсыныстардың ешбірінің ескерусіз қалмайтынын айтып, ауданға еңбек сіңірген азаматтарға мерекелік төсбелгі мен «Ауданның Құрметті азаматы» куәлігін тапсырды. Құрметке ие болғандардың ішінде «Дидар» газетінің ардагерлері Мұрат Әміренов пен Айтмұхамбет Қасымов ағаларымыз бар.
Салтанатты шара облыстық драма театрда жалғасты. Бұл жерде де ауданға айтарлықтай еңбек сіңірген қарапайым жұмысшыдан бастап, кезінде еселі еңбек еткен ел ағаларына дейінгі құрметке лайық азаматтар ескерусіз қалған жоқ. Астанадан арнайы келген Естай Мұқашев пен Бекболат Байсағатов бастаған әншілер жұртшылыққа әннен алқа тақты. Бұл кеште елдің көңілін ерекше көтерген Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың әртістері ұсынған қойылым болды. Академиялық қазақ театрының әртістері ауданның мерейтойына өзбек жазушысы Эркин Хушвақтовтың «Қызыл алма» атты лирикалық комедиясын әкеліпті. Қасым Қайсенов туралы сериалда батыр бейнесін сомдаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев бастаған өнерпаздар елдің езуін жиғызбады. Аталмыш жанрды Алтай елі сағынып қалса керек, қонақтардан қошеметін аяған жоқ.
«Қарақұс» «Асқар таудан» асып кетті
Тойдың көрігі Меновноедағы атшабарда қызды. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер көшпенділер өркениетін көз алдыға әкеледі. Жүк көліктерден әр өңірден келген үкілі жүйріктер түсіріліп жатыр. Ел назары – Көкпекті мен Ұлан ауданының көкпаршылар құрамасында. Бас киімдерін жымыра киген тастақым ойыншылар ақтық сында өнер көрсетіп жатқан-ды. Соңғы кездері ұлттық спорттың осы түріне зер салып отырған қос ауданның ойыншылары бір-бірлеріне сақадай сай екенін бірден аңғартты. Ойынның негізгі уақытында бір-біріне есеп ашқызбаған қарсыластар қосымша уақытта да қорғаныстарынан сыр бермеді. Төрешілер ақыры ақылдаса келе, овертаймға жүгінді. Ақыры бір ұпаймен алға шыққан той иелері бірінші орынға тігілген 500 мың теңгелік жүлдеге ие болды. Екінші орынның жүлдесі көкпектіліктерде, үшінші орын Өскемен құрамасына бұйырды.
Аударыспақтағы әр салмақтың бірінші орындарын ұландық жігіттер ешкімге бермеді. Екінші, үшінші орындарын Күршім, Жарма ауданының азаматтары бөлісті. Ең қызығы, ұландық Жансерік Ысқақов салмағына қарамай жарыстың түйе балуаны атанды. Ол 60 келі салмақта жеңімпаз атанған болатын. Сөйтсек, оған салмағы ат белін талдырған алпамсадай азаматтар да шыдас бере алмапты. Нағыз мықты десті жұрт.
Бұл күні жасөспірімдер арасында Мэлс Наримановтың атында еркін күрестен турнир өтті. Әр салмақтан жүлдегер атанған төрт бала спорт шебері атағына қол жеткізді. Сондай-ақ тойдың сәнін келтірген жастар арасындағы бөренеден құлату ойыны мен қыз жарыс ойыны елдің есінде қаларлықтай қызықты өтті.
3200 метрлік ұшқыр бәйгеде көкпектілік аттардың бабы мен бағы қатар шапты. «Талап» шаруа қожалығының қос сәйгүлігі мәре сызығын бірінші, екінші болып кесіп өтсе, үшінші орынды өскемендік Саян Жұмабектің жүйрігі еншіледі.
Қазақ күресінің түйе балуанға тігілген 600 мың теңгелік бас жүлдесін ұландық белгілі балуан Талғат Әміренов алды. Екінші орынды Талғатқа дейінгі қарсыластарды тымақша атып келген Елдар Зарықханов иеленді. Небары 85 келі салмақпен 130 келілік қарсыластарын таза жеңіспен ұтқан Елдардың ерлігі көрерменнің көпшілігін таңғалдырды.
Атқұмар жұрттың асыға күткен аламан бәйгесі де басталды. Ә дегеннен топтан суырылып шыққан үржарлық Ерасыл Сүлейменовтің «Асқар тау» атты жүйрігі жеті айналым бойы жеке топ бастады. Тек ақырғы айналымдарда алғашқы арынынан айырылған жануар мәрені екінші болып кесіп өтті. Алдыңғы аптада ғана Күршімдегі бәйгеде топ жарған саңлаққа жұрт сүйіне қол соқты. Үшінші орынды ұшқыр бәйгенің жүлделерін түгендеген «Талап» шаруа қожалығының тағы бір жүйрігі – «Гранта» алды. Ал бірінші орынға тігілген «Нива» автокөлігі Қанат Оразбектің «Қарақұс» атты желтабанына бұйырып, Күршімге кетті.
Ауданның 90 жылдық тойына орай өткен мүшәйраның бірінші орынға арналған жүлдесін ақын Құмар Зиятханұлы, екінші орынды тарбағатайлық Нұрболат Абзалханов, үшінші орынды ұландық ару Гүлнар Дүйсенова еншіледі.
Ұлттық спорт ойындары мәреге жеткенімен той тараған жоқ. Киіз үйлерден домбыра үніне ілесіп ән қалықтап жатты. «Алтаймен қол ұстасқан, Тарбағатай таулары…». Өңірдегі өнерпаздардың осы әуенін кешке қарай Қасым Қайсенов кентіндегі орталық стадионда эстрада жұлдыздары Айгүл Иманбаева, Сейфулин Жолбарыс. «Алаш ұлы» сынды топтар жалғап жатты…
Мұратхан Кенжеханұлы