Қоғам

Ұланда ұлан асыр той болды

Ұланда ұлан асыр той болды


Өткен сенбі күні ұландықтар аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде Әз-Наурыз мерекесін тойлады. Қазан көтерілді, тұрғындар үшін ақ дастарқан жайылды. Өнерпаздар сахнада ән шырқап, би билесе, бозкілемде балуандар белдесті.

Ұлыстың ұлы күніне орай өткен шараға ауданның ауылдарынан да қонақтар келді. Ақ шаңқан киіз үйлерге әркім бас сұғып, наурызкөжеден дәм татты. Қыз-жігіттер алтыбақан теуіп мәз. Алаңның бір шетінде білектілер бағанаға өрмелеп, бақтарын сынап жатса, енді бірі гір көтеруден сайысқа түскен. Қой көтеріп, мықтылықтарын дәлелдегендер де бар. Алаңда «Ұлыс оң болсын» деп бір-бірін құттықтап жатқан халықтың қарасы көп. Аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов та аудан халқына жылы лебізін білдірді.

– Құрметті ұландықтар, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз мерекесінде халқымыз өткен жылға қорытынды жасап, жаңа жылды жаңа жоспарлармен, жаңа мақсаттармен қарсы алады. Наурыз әр шаңыраққа береке, бақыт, жақсылық әкелсін! – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сахнада Ұлан ауданының жергілікті әншілерімен қатар еліміздің эстрада жұлдыздары – Мәдина Сәдуақасова, Стив Альваре сән шырқады.

– Наурыз мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өзіме эстафеталық жүгіру ойыны қатты ұнады. Тұрғындар мәз-мәйрам. Осы берекелі де мерекелі күніміз мәңгі болсын! – деген тілеген білдірді. Кент тұрғыны Ақерке Еркінбекқызы.

Дәстүрлі шара соңына қарай спорттық жарыстарда жүлделі орын алған қыз-жігіттер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мөлдір Мирас
Ұлан ауданы

Осы айдарда

Back to top button