Руханият

Ұлан жұрты ақынға құрмет көрсетті

Ұлан жұрты ақынға құрмет көрсетті


Қашаннан-ақ өлең сөздің қадірін жақсы білген біздің ел жүрегінен жақұт жыр мен сұлу сыр ақтарылған ақынды алақанына салып аялап ардақтаған, құрметтеп қошемет көрсеткен. Бұл жолы да тағы бір ақынның мерейі тасыды. Көңілдерге көктем қонақтап, көрікті жыр бүршік жарды. Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Мұрат Мырқанұлы Тастағановатың «Ұлы дала – Ұланым» атты әдеби-сазды шығармашылық кеші болып өтті.

Сұлу да көркем, ғажайып мекен Марқакөлде марқайып, қанат қаққан Мұрат ақынның бұл жолғы әдеби кешінің киелі Ұлан жерінде өтуі әсте тегін емес. Оны ұландықтар «Ұланым» атты тамаша әннің сөзін жазған ақын ретінде біледі. Ендеше, Ұлан дейтін ұлы даланың ұлылығын асырып, ұлағатын дәріптеген шабыты шалқар ақын қандай құрметке болсын лайық екені сөзсіз. Бұл жолы өлең сөздің қадір-қасиетін ежелден жақсы білетін ұландықтар осыдан он бес жыл бұрын жазылған әннің сөзін жазған авторды Семейден әдейі алдырып, құрмет пен қошемет көрсетті.

– Құрметті жерлестер! Расында да, бүгін ерекше іс-шара. «Ұланым» әні бүгінгі күні біздің әнұранымызға айналып отыр. Сондықтан да бұл кісінің осында келіп шығармашылық кешін өткізуі бізге үлкен мәртебе, ¬- деген Ұлан ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Әбдікәрімов аудан әкімі Дәулет Батырбаевтың құттықтауын оқып беріп, оның атынан ат мінгізіп, шапан жапты.

Жалпы, Мұрат Тастағанов – қазақ поэзиясына өзіндік өрнегімен келген ақын. Оның нәзік лирикаға толы өлеңдері оқырманының жүрегінің лүпілімен астасып жатады. Ақынның айтуынша, ол 6-7 сыныптап бастап-ақ өлең жаза бастапты. Десе де, осынау өлең жазуға деген құштарлық кейіннен оны поэзияның сиқырлы әлеміне алып келеді.

-Жасыратын несі бар, әйтеуір итшілеп жүріп ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім ғой, – деді шығармашылық кешінде ағынан жарылған ақын. Сол кездегі республика бойынша журналистерді даярлайтын жалғыз оқу ордасын бітірген ол кейін жолдамамен облыстық «Дидар» газетіне жұмысқа орналасып, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып он екі жыл қызмет істейді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Өскемен қалалық ұйымының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясында жетекші редактор қызметтерін атқарады. Кейіннен республикаға тарайтын «Ертіс өңірі» апталық газетінде тілші, бас редактордың орынбасары болып еңбек етеді. Бүгінде ол – Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның әдеби қызметкері.

Жалпы, мынау өмірде достардың жөні әрқашан да бөлек екені рас. Осы бір кеш барысында біз ақынның өмірде де, өнерде де қолдап, қолпаштап отыратын достарының өте көп екеніне көз жеткіздік. Солардың бірі – облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, меценат Марат Мұзапаров. Ақынның кешіне тарту-таралғысын алып, арнайы келген ол залда жиналған қауымға «Ұланым» әнінің шығу тарихын да әңгімелеп берді. Сөзін Мұрат ақын, әнін күршімдік сазгер Оралхан Көшеров жазған бұл ән бүгінде Ұлан жұртшылығының жүрегінен орын алды. Бұл күні ұландық кәсіпкер, меценат Қайрат Мусин де ақынға құрмет көрсетіп, құлынды бие мінгізді.

Сондай-ақ, ақынның шығармашылық кешінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты федерациясының президенті, жазушы, Ұлан ауданының және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Сәдібек Түгел де сөз алып, ақынға арналған жылы лебізін білдірді.

– Мұрат – патриот ақын, отаншыл ақын, мықты ақын, лирик ақын. Оның барлық шығармашылығы біздің туған Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеп, дамуын, еліміздің бірлігі мен берекесін, өр Алтайдың барлық адамдарының еңбекқорлығын жырлайды. Мұраттың шығармалары – тұнып тұрған лирика. Оның өлеңдері табиғатқа, адамдарға, туып-өскен жерге, оның ішінде Марқакөлге деген сүйіспеншілікке тұнып тұрады. Сондықтан мен Астана қаласында тұратын поэзияны сүйетін бүкіл шығысқазақстандықтардың атынан Мұратты шығармашылық кешімен құттықтаймын, – деді ол.
Сондай-ақ, шығармашылық кеште ұландық азамат Мұқан Ағзамов, күршімдік белгілі кәсіпкер Жанарбек Білімбаев, облыстық «Дидар» газетінің Күршім ауданындағы меншікті тілшісі, танымал ақын Хасен Зәкәрия, республикаға аты кеңінен мәлім айтыскер ақын Серік Құсанбаев және тағы басқалар сөз алып, ақынға деген ақжарма тілектерін білдірді.

– Бұл кеш иесінің лирик ақын екені де, баладай аңғал ақын екені де рас. Әсіресе, мен Мұраттың әнге мәтін жазғандағы шеберлігіне таңғаламын, – деді Хасен Зәкәрия.

Шынында да, Мұрат Тастағанов Шығыс өңіріне ғана емес, бүкіл республикаға көптеген ән мәтіндерінің авторы ретінде де жақсы танымал. Шығармашылық кеште ақынның досы, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, айтыскер ақын Абаш Кәкенов бастаған өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған «Марқакөл», «Алтын Алтай», «Бақыт бастауы», «Кербезім», «Сағынышым – ауылым», «Мұзтаудың мұзбалағы» сынды әсем әндерді әуелете шырқап, ұландықтардың құлағының құрышын қандырды. Әсіресе, ұландық әнші Амангелді Смағұлов орындаған ақынның күршімдік сазгер Оралхан Көшеровтің сазына жазылған «Қайырлы таң» әні залдағы көрерменнің көңілін ерекше баурап, қайталанбас сезім сыйлады.

Күнім бір ән сыйлайды,
Айым бір ән.
Қуантуға баршаны дайын тұрам.
Құшағыңды аш, жасай бер, жарық дүние!
Қайырлы таң, жамағат! Қайырлы таң!

Кезінде «Қазақ радиосы» жариялаған байқауда 490 әннің арасынан үздік деп танылған осынау ән бүгінгі күні түн түндігін түріп ашып, барша қазақ жұртын тәтті ұйқысынан оятып жүр.

Кеш соңында ақын залда жиналған барша қауымға алғысын жеткізіп, ризашылығын білдірді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button