Қоғам

Ұланда қой басы өсіп келеді

Ұланда қой басы өсіп келеді


Облыстың өзге аудандарында қой басы құлдырап тұрғанда Ұлан ауданында оң динамика тіркеліпті. Бұл туралы аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.

Аудан басшысының айтуынша, қой мен ешкі саны 74 мыңнан 107,2 мың басқа артқан. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6,4 пайызға көп. Жалпы, бір жыл ішінде 17 мың тонна ет, 21 мың тонна сүт өнімдері, 9,5 млн. дана жұмыртқа өндірілген.

-Аудан халқы қолындағы малдың тұқымын асылдандыруға да ден қоя бастаған. Әсіресе, кооперативтер сүт бағытындағы асыл тұқымды бұқалар сатып алуда. Азовое ауылдық округінің «Зәулім» АӨК сүт бағытындағы асыл тұқымды 8 бас бұқа сатып алса, Таврия ауылдық округінің «Жартас» АӨК 3 бас бұқа, Таврия ауылдық округінің «Дұбығалы» АӨК 6 бас бұқа сатып алды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Суару жүйелері мен су қоймалары аумағындағы қолданылмаған суармалы жерлерді түгендеу нәтижесінде суармалы жер көлемі 300 гектарға артып, 11128 гектарға жетті.

Ауданда 8 азықтық және қайта өңдеу өнеркәсібі тіркелген. Оның ішінде бір кәсіпорын сүт өнімдерін өндірумен, бірі қымыз өндірумен, 5 кәсіпорын ет өнімдерін өңдеумен, бір кәсіпорын жарма өңдеумен шұғылданады.

«Багратион Ұлан» ЖШС күніне тұрғындар мен шаруа қожалықтарынан 15 тоннаға дейін сүт қабылдайды. Кәсіпорын сүт өнімдерінің 33-тен аса түрін шығаруда.

Биыл Сібенің Шалқар көліндегі муниципиалды жағажай жұмысын жалғастырады. 2018 жылы 16 маусымда аталмыш нысанда жағажай маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Өткен жылы жағажайға келген демалушылар саны 20 мыңнан асқан.

Әкімнің айтуынша, аудандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту үлесі 100%-ды құрайды.

Жыл басынан бері ауданда Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің мерейтойы тойлануда. Ал облыс әкімінің жүлдесі үшін ұлттық спорт түрлерінен өткен ХХІ халықтық спорт ойындарында Ұлан ауданының спортшылары жүлделі ІІ орынға ие болды.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button