Ұлан ауданы ақын-жазушыларды ардақтады

Қазақ руханиятының қазанын қайнатып жүрген жерлестеріміз жетерлік. Оның біразы ұлт руханиятының ордасы саналатын Алматы, Астана қалаларында еңбек етіп жүрсе, енді біразы бар ғұмырын туған жеріне арнап, ерке Ертісті ен жайлаған елдің ортасында шабыт құсын түлетуде. Бір өкініштісі, соңғы топтағы шығармашылық иелерінің басы бірікпей, бір-бірін тек топырақты өлім мен торқалы тойлардан кездестіріп жатады. «Әттең, әдеби ортаның жоғын-ай» деп жастар жүреді бармағын тістеп…
Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін алғашқы болып Ұлан ауданы атқа мінді. Олар қасиетті Құрбан айттың үшінші күні өңірдегі өнер саласының ай мүйіз серкелерін шақырып, «Әдебиет пен мәдениет әлемі» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Ұлан руханиятына үлес қосып жүрген кейбір ақын-жазушыларға алғыс айтып, сый-құрмет көрсетті.
Шыны керек, бүгіндері ауданның мәдениет саласының тізгінін ұстап жүрген белгілі айтыскер ақын Аслан Ғафуров жергілікті ақын-жазушыларға сауын айтып, қонаққа шақырғанда, кейбір қаламгерлер шара шымылдығының ішінде не жатқанын білмей абдырап қалды. Десе де, арысы Ақсуат пен Семейден, берісі Өскемен мен Ұланнан жиналған әріптестер бір-бірін көріп бір марқайып қалды. Бұлардың қатарында Әлібек Қаңтарбаев, Айтмұхамбет Қасымов, Оңдасын Елубай, Мұрат Тастағанов, Болат Салықбаев, Зейнолла Қайсенов, Айжан Қартаева сынды қарымды қаламгерлер мен әдебиетші-тарихшылар, сондай-ақ, кезінде айтыс әлемінде өзіндік өрнек қалдырған Серікхан Жақиянов, Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Хасен Зәкәрия, Дәмеш Омарбаева, Құралай Камалиева сынды айтыскерлер бар.
Келген құрметті қонақтарға алғысын айтып, кеш мазмұнын түсіндірген аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Әбдікәрімов пен аудандық мәслихат хатшысы Оразай Садықов бұл шараның ешқандай да бір саяси мәнінің жоқтығын, тек Аслан Ғафуровтың өтініші бойынша әдебиет пен мәдениет төңірегінде еркін ой өрбітіп, әңгімелесу мақсатында ақын-жазушыларды шақырып отырғандарын түсіндірді. Олар аудан әкімі Дәулет Батырбаевтың атынан биыл алпыс жасқа толып отырған, ауданның әнұранына айналған «Ұланым» әнінің сөзін жазған Мұрат Тастағановқа, осы шараның өтуіне ұйытқы болған белгілі ғалым Айжан Қартаеваға алғыстарын айтып, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, Тайынты ауылында өткен «Орай шап» оқиғасының 100 жылдығы аталып өткен кезде, ұйымдастырушыларының бірі болған әріптесіміз, ақын Дарын Нұрсапаровқа да алғыстарын айтып, арнайы жасатқан қазақтың қасиетті қара домбырасын тарту етті.
Бұдан кейін қаламгерлер әдебиет пен мәдениеттің төңірегінде қордаланған мәселелер жөнінде еркін әңгімеге көшті. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Әлібек Қаңтарбаев мәдениеттің мәйегін бұзбауымыз, әсіресе, бүгінгі таңдағы бассыз кеткен асабаларды мәдениет саласының өкілдері назарда ұстауы керектігін айтты. Ол кісі әдебиет саласын да айналып өткен жоқ, Жазушылар одағының өңіріміздегі мүшелер санының аздығы, шығармашылыққа құлшыныс жасап жүрген соңғы толқынға қолдаудың жоқтығы, Семей мен Өскемен өңірінің әдеби қарым-қатынасының алшақтығы сынды мәселелерді тізбелеген қаламгер мұны жергілікті билік өкілдерімен бірлесе шешуге болатынын айтты. Әлағаңның әсіресе соңғы буынға қарата айтқан үндеуі кітабын шығара алмай жүрген жастардың құлағына майдай жақты.
Әр өнердің асқарына табан тигізген аға буын өкілдері ақтарыла сөйлеуге мүмкіндік алды бұл күні. Әркім өз көкірегінде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды. Айтыс өнерінің айбозына айналған әріптесіміз Серік Құсанбаев жастар фестивалінің сиреп кеткенін тілге тиек етті. Тек бір ғана саланы емес, өнердің барлық түрін қамтыған ауқымды бір байқау болып, дәстүрлі түрде өтіп тұрса, өңірдегі жастардың өнеріне үлкен қолдау болатынын жеткізді.
Қазақ әдебиетінің қазанын қайнатып жүрген ғалым Айжан Қартаева өңір әдебиетінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Жастар поэзиясының ағымдарын, олардың аяқ алысын жіліктеп берді. Айжан Маратбекқызының да өкініші сол, жастар шығармашылығына қолдаудың жоқтығы, олардың әдеби ортасының қожырап бара жатқанына қынжылды. Алдыңғы буын өкілдері соңғы буынға үлгі болса екен деген өтінішін жеткізді. Ал Оңдасын Елубай ағамыз спорт саласы бойынша көсіле сөйлеп, шараның ұйымдастырушысы Аслан Ғафуровқа кітабын сыйлады.
Аудан әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының назарына бағыттап, бір ауылдан шыққан шығыстың үш шынары: Серік Ғабдуллин, Тұрғазы Нұқайұлы, Мүсілім Құмарбекұлының шығармаларын ұрпаққа ұлықтау мақсатында дәстүрлі шаралар өтсе деген ұсыныстар айтылды.
Бұл күні әнші-сазгер Нұржан Шөкеновтің, жас ақын Алпыс Жақияновтың бірнеше әнінің тұсауы кесілді. Күй шертіліп, ән қалықтады.
Бұл өңіріміздегі ақын-жазушылардың ақтарыла сөйлеген, армансыз ойын айтқан алғашқы шарасы болды. Сондықтан болар, сөз тізгінін ұстаған әрбір азамат ауданға, Асланға риясыз алғыстарын айтып жатты. «Келесіде бас қоссақ, ақылдасар шаруалар бұдан да көп» десті жиналғандар. Бірақ қашан, қайда бас қосатындарын ешкім де айта алмады. Игі бастаманы Ұлан ауданы қолға алып отыр. Енді оны әрі қарай жалғастырып, өңірдегі ақын-жазушыларды ардақтаймын, қоғамдағы мәдени-әдеби мәселелер төңірегінде ортақ ой бөлісем десе, кез келген ауданның еркінде.
Мұратхан Кенжеханұлы