Қоғам

Көзкөргендер

 Көзкөргендер

Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, ұзақ жылдар түрлі салада басшылық қызметтер атқара жүріп аудан экономикасының дамуына зор үлес қосқан Баяш Нұғұманов бұл күнде зейнет демалысында. Түрлі дәрежедегі басшы азаматтармен қоян-қолтық жүріп еліне адал қызмет еткен байқары бар ағамыздың күн демей, түн демей қызмет атқарған сонау бір қызықты да, шыжықты кезеңдерінен естелік қып айтары да бар екен. Төмендегі жазбалар сол кісінің көңіл күнделігінен алынып отыр.
Редакция
ТӨРТІНШІ ЕСІК СЕНДЕР

Жасымыз, тәжірибеміз толысып қызметте еңбегіміз көріне бастаған шағымызда Торғайдың Есіл ауданынан Социалистік Еңбек Ері Рысбек Мырзашев облысқа екінші хатшы болып келіпті. Сол кездегі қызмет бабында бірінші хатшы А.Протазанов ол кісімен қатты санасады екен. Қажет болса обкомның бюросын өзі басқаратынын естіп жаттық.
Сөйтіп, асыл ағамен кездесуді армандап жүргенде жүздесіп, ақыл кеңестерін тыңдаудың да сәті түсті. Аудан басқарған Зәкең, Базарбек ағамыз шаруашылықтарды таныстыра келіп, Маңырақ кеңшарын аралатты. Директор Мұқаш, марқұмдар Мұхтан, Оразкен, Байдархан, Зиябек, бас инженер және директордың өндіріс жөніндегі орынбасары мен бар, Сары-Бұлақта тосып алдық. Қазақтың ер-азамат сүйсіне қарайтын, келбетіне мінезі сай, кеудесіндегі алтын жұлдызы қара костюмі мен ақ көйлегіне айрықша сән берген, адамды жылылықпен өзіне тартып тұратын, бір ауыз сөзі ақыл, ерекше жан екен. Жоғарыдағы азаматтарды күнде көріп жүргендей іш тарта шүйіркелесе кетті. Біз жаспыз, 3әкең, Мұқаш, Мұхтан, Оразкен 1932 жылдың тумалары. Рысбек ағамыз өзінің құрдастығын пайдаланып; – Зарыптан басқаларың сүтке тоймайсыңдар ма? – деп, қалжыңға басқанда, – Бұлар ашаршылықтың төлдері ғой, – деп Зәкең де орнымен, ұтымды әзілдесе біліп еді.
Ел мен жердің тарихын сұрап тұрғанда жер жәннаты Шілікті туралы сөз қозғалды. Сапарының бағыты болғандықтан бізге жымия қарады. Аудандағы алғашқы жоғарғы білімді агроном марқұм О.Нұргендіров кезінде өзі қызмет атқарған Шілікті туралы сөз қозғап ежелден адамға жайлы, малға шұрайлы жер. Ел аузындағы аңыз бойынша Асанқайғы бабамыздың желмаясымен Шілікті жазығына келгенде: «Адамға құтты, малға мекен, төрт есігің болғанда – Жұмақтың төрі екенсің!» – дегенін, тіліне тиек еткен Оразкен қасиетті үш есігі оңтүстігінде Баймырза, батысында Сары-өлең, солтүстігінде Үйдене – екенін айта бастағанда, Рекең:
– Әй, азаматтар! Төртінші есігі сендер емес пе? – деп, бізге жымия қарады. Осы бір кішкене ғана әңгімедегі аты аталған азаматтардың бәрі де, «Елім!» – деп жүрегі соққан аяулы жандар еді. Таяуда ғана, Мәскеуде өткен пленумнан кейін Кремль дүкендерінен үйге-сәлемдеме алғанын, орауының сыртын оқып, біздің Тұғылдың сары алтындай кептірілген балық заводы өнімі екен, – дей келе оны өркендету туралы ақыл-кеңесін берді.
Кетерінде жымия қарап: «Мынандай шалғай, табиғаты ауыр, орталықтан алыс шекараға еңбек етіп жатқан халықтың бәріне «Еңбек ері» атағын берсе де лайықсыздар» – деп қоштасты.
Бүгінгі күні елге жетпей тұрғаны үлкенді-кішілі «мырзалардың» бір ауыз жылы лебізі екені шындық емес пе…?

«Қазақты қазақтың жерінен қуалағанды сенен көрдім»

Өз замандастарынан белсенді, азаматтық ұстанымымен, бастамашылдығымен, жауапкершілігімен ерекше, облысымызға танымал тұлға, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеухан Қоғабаев ағамызбен қызметтес болдым. Ағамыздың қайырымдылығы, сергектігі, ардақты азаматтығы туралы еске алу өзімнің борышым,-деп санап, қолыма қалам алдым. Төкеңнің балалық және жастық шағы алғашқы еңбек жолы Тарбағатай ауданының Шілікті кеңшарында өтті. 1960-1969 жылдары «Ақжар» кеңшары директоры қызметін атқарды. Заман талабына сай ол кезде мектеп оқушыларын міндетті түрде қой төлдетуге жіберетін. «Абай» орта мектебінде оқып жүргенде біздің сынып Төкеңнің шаруашылығына бөлінді. СОВХОЗДЬІҢ клубында өткен үлкен кездесуде оқушылар алдында «Біз төлді-төлге бақтырғалы отырмыз» – деп сөйлеген сөзі, бүгінгі күнге дейін есімде қалыпты.
Ер жеттік, шаруашылықта жүргенмін. Сәкең (С.Аухадиев) аудандық партия комитетінің хатшысы. Алғаш ашылған аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне меңгерушілікке шақырды. Төкең 1969-1985 жылдары облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі бөлімін басқарған. Осы қызметтен зейнеткерлікке шықты. Үнемі дала безіп үйренген адамға отыру, көп қағазға төселу өте қиын болды. Оның үстіне іс қағаздары таза орыс тілінде жүреді. Орыс тілінен ақылшымыз Н.Кузнецов. Өте тәрбиелі адам еді. Амал не, өзі жазудан қате жіберіп алатын. Аппарат басшысы Кәкең шаруасы басынан асып жатса да, уақыт тауып кеңес беріп, бір соғып кететін. Бұл тіл Тарбағатайдың талай дарынды ұл-қыздарына қызметтен өрлеуге тұсау болды ғой.
Сол кездегі облыстың партия комитетін басқарған А.Протазановпен ортақ тіл тапқан өз ісінің білгірі Төлеухан ағаға тікелей бағынышты едім. Үшінші күні телефон шылдыр ете түсті. Ар жағынан Төкеңнің:
– Ұл, қалың қалай? – деген таныс дауысы естілді. Ә дегенде, абыржыдым. Үлкен дәрежедегі тұлғамен сөйлесу оңай емес.
– Аға, адам қатарына қосылып келемін, – дедім. – Баяш, адам анадан туғаннан бір жылдан кейін аяғын басады. Сен енесінен бүгінгі туған қозыға ұқсап, ширақ қимылдап төрт аяғыңнан тік тұру керек» – деген дауысы әлі құлағымнан кетпейді.
Жазуға төселіп, жұмыс істеу тәсіліне үйреніп қалғанда Сәкең Қарасу кеңшарына директорлыққа жіберді. Шаруаның басы-қасында болған азаматтар біледі. Өскеменнің ет комбинатына мал айдайтынбыз. Бұл бір ауыр, күзге таман етке мал алу графигі кешеуілдеп, күн суып малшылардың күйісі кететін шақ еді. Ярославль кеңшары директоры, аты-жөні есімде қалмапты, «Көпжылдық шөпке қой түсті» – деп, шопандардың ер-тұрманын алып кетіпті.
Екеуіміз ары айтысып, бері айтысып, ортақ тілге келе алмадық. Тілі өтетін облыстық ауыл шаруашылығы бастығының орынбасары Баян еді. Ол кісі іссапарда екен. Тағы да кештетіп Төкеңе бардым. Кеңшар директоры табылмады. Көмекшісіне іздеп, тауып шақыруды тапсырды. Ертелетіп барсам, сүмірейіп ер-тұрман тартып алған директор отыр. Төкең оны: – Жолдас! Қазақты қазақтың жерінен қуалағанды сенен көрдім, – деп пышақсыз бауыздағаны. Оның бүлкілдеп менің соңымнан ілеспеске амалы қалмады.
Төкең құрметті демалысқа шыққан соң да, қоғамдық қызметпен белсене айналысып, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы соғыс ардагерлері комитетін басқарды. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болды. Төлеухан Құсайынұлы Өскемен қаласындағы «Даңқ» мемориялын салу бастамашыларының бірі. Соғыстағы және еңбектегі ерен қызметі ескеріліп, «Үшінші дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерін иеленді. Оқта-текте жолыққанда асқан сағынышпен өзі қызмет атқарған «Ақжар» кеңшары жайлы, механизаторлар Мәуітхан, Маман, Құрманбек, шопандардан Сұлтан мен Қадырмолда, жүргізушілерден Битан, Қасым, Мұрат, Есмұхан, Мәмиді сұрап, сәлем айтуды тапсыратын.
Ағаның әдеби-шығармашылықта өнерімен қатар, домбырамен Ақан Серінің Маңмаңгерін орындағанында ұйып тыңдамайтын адам кемде-кем еді. Ағалар тәрбиесін көрген біз, соғыстан кейінгі ұрпақтар шамамыз келгенше елге адал еңбек еттік. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі адам баласы төзгісіз ауыр шақты басымыздан өткізіп, елге деген адалдығымызды жоғалтпадық. Қазақстан Республикасының аяғынан қаз тұруына, шаруаның ең алдыңғы қатарында жүріп үлесімізді қостық. Өмірлік серігім, балаларымның аяулы анасы Марғузарым екеуіміз мемлекеттік қызметкер атағымен зейнеткерлікке шықтық. Мұндай дәрежемен құрметке бөленген жанұя санаулы.
Тәрбиесін алған Төлеухан ағамыздың көзім көрген, есімде қалған қасиеттерін жазуға көптен бері толғанып жүруші едім. Енді ғана сәті түсті.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмасын!

ҰСТА ЖАҒАДАН…

Тарбағатай кеншарында Қызылорданың тумасы, Жұмықтың қызы апайымызға үйленген, бүкіл елге жезде Қазынбай Піржанов деген ер мінезді ағамыз көп жыл қызмет атқарды. Бір айтқанынан қайтпайтын. Шофері Қаппас батып қалғанда тек алға жүргізіп, мүмкіндік болмаса да ырымдап, УАЗ-ды артқа шегіндіруді жамандыққа жоритын. Жездеміз кеңшардың бір бөлімшесі Қаройға егін салмақ болып Ақсуаттың Қарғыба өзенінен Маржақыпқа С-100 трактормен бөгеу салдыртады. Жер, су дауы шаруашылықтың бас ауыруы емес пе. Мұны ести сала Ақсуаттың «XX партсъезд» совхозы кеңшарының директоры жанында партия ұйымы хатшысы бар Қалихан да жетеді. Қасында партия ұйымы хатшысы Қапшен ағамыз бар Қазекең тосып алады. Екі директордың арасындағы жәй сөз дауға айналып, бір-бірін тұрған орнынан итеріспекке дейін барады. Сонда Қапшен ағамыз өзінің әріптесі «XX партсъезд» кеңшары партком хатшысына. – Әй, тұрма. Ауылға барғанда басымызға пәле болады. Ұста жағадан, біз де жұлысайық, – деп ақыл тауып кетіпті.

БОРАН – ӨСКЕМЕННІҢ ІРГЕСІ ЕКЕН

Бір жылдың төлі, әріптесім Көкенай Бидәшев мамандығы инженер, Марқаның беделді азаматтарының бірі еді. Көкенай Марқаның шалғай шетіндегі Қарой кеңшарында ұзақ жыл директор болып Боранға ауысады. Сонда неше жылдан бері жердің Өскеменнен шалғайлығы әбден мезі қылған ол: – Боран дегеніміз, Өскеменнің іргесі екен-ау, – деп риза болыпты.

ШАРУАНЫҢ ТҮБІНЕ КІМ ЖЕТКЕН?

Аудандық партия комитетінде Әскербек Белгіновпен қызметтес болдым. Сөзге шебер, орынын тауып айтқан қалжыңы өлгелі жатқан кісіні күлдіртетін. Сол әзілі өзіне жарасатын. Бірде Мұқаш Қарасаев екеуі төл кезінде мал аралап, жер бедері техникаға қолайсыз, әрі шалғай, өте ауыр шаруашылықтың бірі Маңырақ совхозынан азып-тозып оралады. Әдеттегідей Мұқан Әсекеңе үйге түс, шай ішіп алайық, – деп ұсыныс айтады. Әсекең: – Жә, Мұқа! Осы қу шаруаның түбіне бір жетсе, Сәкең жетер (ауданның бірінші хатшысы Сайлаухан Аухадиев). Үйге кірсек, кірейік. «Аштан өл!» деген үкімет жоқ» – деген екен.

ТҮЙТІК ЖОҚ

Аудан орталығы Ақжарда бас секретарь М.Горбачевтың араққа қарсы саясатын қолдау бағытында ауданның барлық активтері жиналған үлкен шара өткізіліп жатқан. Сөйлей келе не айтылмады. Кезекті үзіліске шыққамыз. Қапшен мен Сапа аға екеуі мәселені ары қарай талқыға салып жатыр екен. Бір уақытта Қапшен аға:
«Ей, осы Горбачевта түйтік жоқ. Арақ – орыстың атау кересі емес пе және атасынан қалған асы. Оны қойдыру мүмкін емес қой» – деп қорытынды жасады.

ЦИКЛОН ҚАЙДА ЖҮР?

Диспетчер Секен рациямен фермаларға «Циклон келе жатыр, күн суытады. Жақсылап әзірленіңдер!» – деп жанталаса жеткізіп жатады. Оны шала ұққан Әкия ағамыз семіз бір тоқтыны сойдырып, ет піскен соң директорға телефон соғып: – Әлгі циклоныңыз қайда жүр, тамақ әзір болды? – депті.

ПРОРАБ

Қалада өскен, өте сауатты Қабидолла деген ағамыз арнайы жолдамамен Қарасуда кеңшар прорабы қызметін атқарды. Ел қалайда атын атамай, «Прораб» деп кетті. Қатардағы жұмыскер Әрімжан ақсақал бір шаруамен кеңшар директорына келгенде, ол кісінің шаруасын Қабидоллаға тапсырыпты.
Шаруасы біткен соң: – «Әй, балам, осы сенің өзің атың прораб па, әлде әкеңнің аты ма?» деп сұрапты.

Баяш Нұғұманов,
Тарбағатай ауданының
Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button