«Күзгі оқиғаның» көтерген жүгі ауыр

Өскемендегі облыстық драма театрында тағы да жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Бұл жолы қазақ труппасы итальяндық драматург Альдо Николаидың «Күзгі оқиға» драмасын сахналады.
Пьесаның өзі «Күзгі оқиға» деп аталады. Неге күзгі? Неге көктемгі немесе жазғы оқиға емес. Өйткені, пьесаның басты кейіпкерлері Бокка мен Палья да өз өмірінің күзін басынан өткеруде. Көктемдей құлпырған балалық шақтың, жаздай жарқыраған жастық дәуреннің қол бұлғап бұлардан алыстап кеткені қашан. Енді, міне, өмірдің күзі де жетіпті. Екеуі де – жетпісті алқымдаған егде адамдар. Бірінің көзі нашар көрсе, бірінің аяғы ауырады, жүріп-тұруы қиын. Дегенмен, басқа түскен қарттық – қайғы емес. Құдайға шүкір, балалары, немерелері бар. Кездейсоқ кездескен екі қарттың әңгімесінің негізгі өзегі де – балалары. Тіпті олар кейде балаларын жақтап өзара тәжікелесіп те қалады. Кім өз баласын жамандыққа қисын. «Менің балам сыйлық сыйлайды, маған қамқор» дегенімен, бұл сөздің арғы жағында бір гәптің бар екенін көрермен де жақсы сезеді. Шындығында, туған балалары оларға қамқор ма? Туған балалары екеуіне жақсы қарай ма? Жоқ, керісінше. Олар қартайған әкелерінен құтылуды армандайды, қарттар үйіне өткізгісі келеді. Қанша жерден туғаны болса да, қанша жерден жақыны болса да, олар сондай жат. Ал үшінші кейіпкер Амбра (Диана Қазыкешова) – өмірі тұрмысқа шықпаған әйел. Баласы жоқ. Өмір бойы жұрттың баласын тәрбиелеумен айналысқан. Кейде Бокка мен Пальяның қылығы оған оғаштау көрінетіні де рас. Ақырында, олар өмірдегі жағымсыз, қайғылы ойлардан, өзімшілдіктен құтылуды ойлап, жоспар құрады. Олар балаларынан қашып, тәуелсіз, еркін өмір сүруді қалайды…
– Бұл шығарма, негізінен, бүгінгі қоғамның ащы шындығын сөз етеді. Бүгінгі күні қарттардың қоғамға керексіз болып қалуы – өте ауыр жағдай. Бұл пьесамен жұмыс істегенімізге биыл үшінші жыл болды. Әрине, ұдайы, үзбей дайындалдық дей алмаймын. Дегенмен де, басты рөлдерді жас актерлер сомдайтындықтан, кейіпкерлерді психологиялық жағынан зерттеуге біраз уақытымыз кетті. Қарт болып та ойнап көрдік, бала болып та ойнап көрдік. Өйткені қартайған адам да бір бала секілді ғой. Пьесаның психологиялық иірімдеріне бойлау өте қиын болды. Пьеса итальян тілінен орыс тіліне аударылғанымен, қазақ тіліне аударылмаған. Қазақшаға біз, яғни шығармашылық топ, өзіміз аудардық, – дейді қойылымның қоюшы режиссері Асыл Қозықанов.
Пьсадағы Бокка мен Пальяның рөлін сомдаған жас актерлер Елдос Мәсәлім мен Ақжол Сақановтың да ойындары нанымды шыққан. Әсіресе Амбра рөлін ойнаған Диана Қазыкешованың шеберлігі көрерменді ерекше сүйсінтті.
– Қойылымдағы рөлімді жақсы шықты, мінсіз деп айта алмаймын. Қырнайтын, жонатын, жетілдіретін тұстары әлі көп. Бұл спектакльде біз шалдың ғана көңіл-күйін бергіміз келген жоқ, пластика, қимыл-қозғалыс арқылы олардың жастық дәуренін де еске түсіргіміз келді. Негізі, кез келген қарт адам жас болып көрінгісі келеді ғой, – дейді Луиджи Палья рөлін сомдаған актер Ақжол Сақанов.
Қалай десек те, жаңа қойылым көрерменге жол тартты. Ғұмыры ұзақ болсын деп тілейік.
Мейрамтай Иманғали