Күзетшісі жоқ саябақ
Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Оразбай Есдәулетов атындағы саябақ бар. Осыдан тура бір жыл бұрын ашылған саябақ бүгінде ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. Зайсан ауданына барған сапарымызда біз де Оразбай ақсақалдың өз қолымен өсірген алма ағашының жанындағы сәкіде отырып, таза ауамен тыныстадық.
Біздің қазақта «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген тамаша сөз бар. Баяғының адамдары осынау дана сөздің мағынасын терең түсініп, артта қалған «малдың бір жұттық» екенін, ал Жер-Ананың төсіне тіккен тал-шыбықтың мәңгілік екенін жақсы білген болса керек. Үлкен Қаратал ауылының тұрғыны Оразбай ақсақал да жерге ағаш егіп, бау-бақша салғанды өте жақсы көріпті. Қай жерге барса да, түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін атына өңгеріп алып келіп, оны мектеп ауласына отырғызады екен. Кейін сол бір шыбықтар үлкен жеміс ағашына айналады. Тіпті, мектеп ауласын кәдімгі ботаника бағы десе де болатын еді. Бірақ 1991 жылы Зайсан жерінде болған зілзала кезінде мектеп те зардап шегеді. Ауыл басшылары жаңа мектепті салуға өзге жерді ыңғайлы көреді. Осылайша мектеп көшіп, Оразбай ақсақалдың бау-бақшасы қараусыз қалады. Жазда шыбындаған мал дәл осы арадан көлеңке табатын.
Бірақ өткен жылы Есдәулетовтер әулеті әке бағын саябаққа айналдырып, игілікті шараның ұйытқысы болды. Бақтың айналасын қоршап, ішіне ауыл балаларына арнап 1 миллион 200 мың теңгенің түрлі ойын құралдарын да орнатты. Облыс әкімінің орынбасарының қатысуымен саябақтың ашылу рәсімі де жасалды. Содан бері де зырылдап бір жыл өте шығыпты.
Жақында Оразбай ақсақалдың саябағына келгенде біз ол жерден жыбырлаған тірі жанды көзіміз шалмады. Әлде түскі ас ішіп, әл жинайтын уақыт болғаннан соң ба, ойнап жүрген баланы да байқамадық. Саябақ ішінің де көптен бері тазаланбағаны көрініп тұр.
– Бұл саябақ Қаратал ауылдық округінің балансында. Бірақ саябақтың күзетшісі жоқ. Өйткені, бізде ондай штат жоқ. Ал жақында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша саябақтағы ағаштарды суарып, күтім жасауы үшін екі жігітті жұмысқа алдық, – дейді Қаратал ауылдық округінің бас маманы Айжан Аманжолова.
Қалай десек те, саябақ деген аты болғаннан соң, бұл жердің қараусыз қалмағаны абзал ғой. Әйтеуір қолда бар дүниені қолды етпей, қадірін білсек игі еді.
Мейрамтай Иманғали