Экономика

Көзбояушылықтың үстінен түсті

Көзбояушылықтың үстінен түсті
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ кезекті сенбілік жәрмеңкеде көзбояушылықтың үстінен түсті. Сөреге жалған баға іліп, арзан қулыққа барған шара ұйымдастырушыларын қатаң сынға алған аймақ басшысы тұрғындардан жауапсыз әріптестері үшін кешірім де сұрады.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында облыс орталығына жәрмеңкелете келген Глубокое ауданының шаруалары төрт тоннаға жуық сиыр етін, екі тонна жылқы етін, жарты тоннадан астам шошқа және құс етін әкеліпті. Бірден сөредегі бағаға көзіміз түсті. Сиыр еті 1300 теңгеден, жылқы еті 1350 теңгеден, картоп пен орамжапырақ 90 теңгеден, балық 500 теңгеден, бал 900 теңгеден деген жазулар алыстан менмұндалап тұр.
Жәрмеңке енді қызды-ау деген кезде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те келді. Сол-ақ екен, тұрғындар облыс басшысын қаумалап, сөредегі бағаның шындыққа жанаспайтынына шағымданды.
-Сөреде сиыр етінің келісі 1300 теңге деп тұрғанымен, мен оны 1500 теңгеге сатып алдым. Оның өзі саудаласып жүріп түсірткен баға. Кейбіреулер тіпті, 1800 теңгеге сатып тұр, – деді зейнет жасындағы тұрғын.
Өзге де шағымданушылар бұл уәжді қостады. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар тұрғындардың бұл әрекетін жай ғана түсініспеушілік ретінде көрсетуге тырысқан. Бірақ шағым айтушылар мен сатушыларды беттестіру кезінде барлық шындық шығып қалды. Сөреде көрсетілген бағаға сүйек-саяқ болмаса, қоңды ет келмейтінін сатушылардың өздері де жасырмай айтты. Ал сүйексіз таза еттің бағасы сөредегіден 200-300 теңгеге қымбат сатылуда. Сатушылар мұндай үрдіс баяғыдан бар екенін айтып, ақталды.
Көзбояушылықтың үстінен түсті
-Бүгін жәрмеңкедегі көзбояушылық әрекеттерді өз көзіммен көріп, халықтың шағымы орынды екеніне көз жеткіздім. Шараға жауапты орынбасарым мен Глубокое ауданының әкімі жәрмеңкенің орнына шоу ұйымдастырғандары үшін жауап беретін болады. Осындай алдамшы әріптестерім үшін жерлестерімнен кешірім сұраймын. Бұл мәселені түбегейлі тексеретін боламыз, – деді аймақ басшысы.
Жәрмеңкеде ауданның 35 шаруашылық құрылымы 12,4 млн. теңгенің өнімін саудалады. Бағаға қатысты дау туғанына қарамастан, халық апта бойы күткен жәрмеңкеден құр қол тарқамады. Глубокоелық өнерпаздар да келушілердің көңілін ән-күймен аулап бақты.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button