Тәуелсіздік - 30ТОП

«Қызыл империяның» іргесін шайқалтқан еді

Қазақстанда 1986 жылы Қеңес үкіметінің саясатына қарсы шыққан топтың аты-жөндері жайында мағлұмат бірнеше жыл құпия сақталған. Сол кездегі тәуелсіздікке ұмтылған республикалардың ішінде толқулардың бел алуына Кеңес одағының империялық амбициясынан туындаған, жүздеген жыл бодандықта болған халықтарды өз уысынан шығармауға бағытталған саясаттың ықпалы зор еді. Әсіресе қазақ еліне отаршыл-әміршіл жүйе қатты шүйлігіп, өз тілінде оқытатын мектептерді жапқызып, қазақтардың ұлттық, рухани және тілге байланысты азаматтық құқықтарын аяқасты тапталуына жол берді.

Қазаққа «ұлтшыл» деген жала жабылды 

Сол кезде шовинистік бағыт, ұлы державалық империя саясатын ұстанғандар қазақтарды тіпті өзінің туған жерінде менсінбеді. Оларды қойға теңейтін болды. Ашуға булыққан қазақтар кімге шағынарын білмейтін. Басқа да мәселелер жеткілікті еді.

Жоғары оқу орындарында қазақтілді факультеттер болмады. Мемлекеттік орыс тілі әсіресе ауылдан келгендерге салмақ түсірді. Тіл білмейтін қазақ жастары емтиханнан еркін өте алмайтын. Өз ой-пікірін жеткізе алмайтын. Басшылардың көбі басқа ұлт өкілдері болды. Бір анықтама алу үшін ауыл қазақтары қаншама уақыт сандалып жүретін. Ең ауыр жұмысты тек қазақтар орындайтын. Мал бағатын, қора тазалайтын да – қазақтар.

Жетпіс жыл қызыл империя ықпалында жүріп, қазақтар ана тілін жоғалтып жатты. Сол кездегі статистикаға сүйенсек, Өскеменде 1986 жылы қазақтар 7 пайыз ғана болған, жартысы – ауылдан оқуға келген жастар. Олар жатаханаларда немесе үй жалдап тұрды.

Атеистер көбейіп, «Құдай жоқ» дегенге қазақтар күмәнсіз сене бастады. Ол кезде мешіт деген атауымен жоқ болатын. Қазақтар қайда барып сыйынарын да білмеді. Өлгендерге жаназа шығару молдаларды ауылдық кеңеске шақырып, айыппұл салумен жазаланды.

Сексенінші жылдардың басында қазақтар осындай ауыр халге тап болды.

1985 жылы КСРО басшысы М.Горбачевтың «жариялылық», «қайта құру» кезеңінде құрылған бейресми ұйымдар жұмыстарын демократиялық құндылықтарды насихаттаудан бастап, аяғын ұлтаралық қарым-қатынастарды шиеленістіретін жағдайға әкеп соқтырды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ешқандай да «қазақ ұлтшылдығы» емес еді, оны сол кездегі билік номенклатурасы ойдан шығарды. 70 жыл бойы «интернационализмнің алтын ұясы», «мызғымас ұлы достықтың лабораториясы» аталып келген Қазақстан бір күнде «әсіреұлтшыл» ел болуы мүмкін бе еді?! Әрине, мүмкін емес.

Қазақ жастарының наразылығы орыс немесе басқа ұлттарға қарсы бағытталмағаны күмәнсіз. Бірақ жоғарғы билік басқаларға сабақ болуы үшін Желтоқсан көтерілісін «қазақ ұлтшылдығы» деп көрсетті. Осының соңы КСРО-ның түкпір-түкпіріндегі (Тбилиси, Вильнюс, Сумгаит, Баку т.б.) сан түрлі оқиғалардың әкелуіне апарып соқты. Көп ұзамай алып империяның күл-талқаны шығып, күйрегені белгілі.

Жапа шеккендер үшін кім жауапты?

Қазақ халқы осы күнге дейін Желтоқсанның қаралы жағын, қасіретін сөз етіп келеді. Ендігі кезеңде осы құбылыстың шынайы келбеті мен мән-мағынасын, тарихи рөлін, яғни осы оқиғаға не желеу болғанын, не себепті жастардың алаңға шығуын зерделеу қажет. Кейін неге осы Желтоқсан оқиғасы елеусіз, ескерусіз қалды? Неге оқиғаға демократиялық және халықаралық стандарттарға негізделген жаңаша көзқараста баға берілмеді?! Әлде, әлі де қызыл империяның қорқынышы мен үрейі кете қоймаған ба?

Жастар тектен-тек ұрандап, алаңға шықпағаны айдан анық. Оны қозғаушы күш керек немесе бастаған лидерлер қажет. Әрине, ол кезде ешкім өздігінен кеудесін оққа тосқан жоқ. Жазықты болған жоғары оқу орындарының басшылары жұмыстан, партия қатарынан шығарылып жатты. Қатаң жазаға барлығы бірдей дерлік ілінді. КОКП қатарынан 52 адам шығарылды, партия жолымен 210 адам жазаланды. Оқиғаға қатысқан 319 адам жұмыстан шығарылды. Бұл – Алматы қаласында жазаланған адамдардың саны. Жезқазған мен Қарағанды қалаларында 120 адам ұсталып, ауыр соққыға жығылды. Басқа қалаларда 21 адам бас бостандығынан айырылды.

Сол кезде арқасүйер ағаларымыз қайда болды?! Қайта ереуілді басуға көмек көрсетті. Неге олар сондай құйтұрқы әрекеттерге жол берді?! Қазақтың игі-жақсыларының біреуі барып, жастарға «қойыңдар» деп неге айта алмады?!

Осы 36 жылдың ішінде кінәсіз жастарды қуғын-сүргінге ұшыратқан, жала жапқан, болашақ арманына балта шапқан адамдар жауапқа тартылып, жазаларын да алмады. Жас қаһармандардың жазықсыз жапа шеккендері, қаза болғандары үшін кімдер бүгін кешірім сұрайды, кімдер жауап береді? Бұлар орындалғанша күн тәртібінен осы сауалдар түсті деп есептемейміз.

Егер Желтоқсан оқиғасы болмаса, Кеңес империясы құламаса, 35 жылдың ішінде қазақ елі қандай күй кешер еді. Ең алдымен тілімізді жоғалтатынымыз хақ, елдігімізді сақтап қалар ма едік, ұлттық санамызды, салт-дәстүрімізді, тарихымызды мүлде ұмытар ма едік?

Кремль Қонаевқа күйе жаққысы келді

«Қайта құру» кезеңінде Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі ұсыныстар жоғарғы билікке қарай көптеп жіберілді. Осындай ұсынысты өскемендік бір топ қазақ зиялылары да жөнелткен. Олар ұлттық мәселелерді де экология бағытымен жоғарғы билікке жеткізуге тырысты. Өскемен ол жылдары өндірістік лас қалалар қатарында болатын. Оған қоса 200 шақырым жерде орналасқан Семей ядролық полигоны өңір экологиясына кері әсер етті.

«Өте құпия» деген санатта тұрған полигон жария болған соң М.Горбачевтың ашу-ызасы туындап, Дінмұхамед Қонаевты зейнетке сән-салтанатсыз, 15 минут ішінде шешім қабылдап, шығара салған.

1986 жылы қараша айында Қонаев Горбачевтың шақыруымен Кремльге барған. Горбачев оған хатшылықтан өз еркімен кетуіне талап қойған. Бұл кездейсоқтық емес екенін бәрі біледі. Бас хатшының талабына қарсы болған Конаевтың басына қара бұлт үйіріліп, КСРО прокуратурасы оны тергеуге алады. Бұл тергеу өте құпия жүргізіледі. КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды істермен шұғылданатын тергеушісі, генерал-лейтенант Владимир Калиниченко қанша тырысса да, Қонаевтың жеке басына қатысты қылмыстық істен еш нәтиже шығара алмады. Қазақстанда 1986 жылы қаңтар айыннан КГБ басшысы болған Виктор Мирошник қазақтар арасындағы «ұлтшылдық» мәселесіне қатты мән берген. Халықтар достығының арасына ол араздық тудырып, Қазақстанда тоталитарлық-жандармдық билікті орнатпақшы болды. Оны билікке жіберген М.Горбачевтың өзі болатын.

Осы Желтоқсан көтерілісі жайында болған Хельсинки комиссиясының мүшесі Нинель Фокина тексерілген құжаттарды КСРО Жоғарғы кеңесінің мұрағатына жасырын түрде жіберілгенін айтқан. Құжаттардың барлығы дерлік «өте құпия» деген айдармен кетті дейді. Оны әрбір адам оқи алмайды. Отставкаға кеткен Қонаевпен 1986-1989 жылдары тек бірнеше адам қатынасып тұрған, олар: Олжас Сүлейменов, Геннадий Толмачев, дәрігері Әсет Мүліков, күзетшілері Анатолий Горяйнов пен Амангелді Шабдарбаев. Бұлардың бәрі де КГБ-ның қатаң бақылауында болғаны рас па, жоқ па, білмейміз.

Қонаевты қамауға алуға, ешқандай дәлелдер де болмаған. Сыртынан нақақ арыз жазғызып, Қонаевты соттамақшы болады. Бірақ жұбайы Зухра Шәріпқызы сатып алынған товарлардың түбіртектерін жинап отырған екен, соның арқасында ол кісіні жазықтай алмай қалған. Әрине, бұл фактілер жайында көптеп жазылған, ал басты себептері жайлы жазылған құжаттар Ресейдің мұрағатында сақтаулы.

Ал Алматының алаңына шыққан жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша іс-шаралар жасалғаны белгілі. Жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық су атқыланып, арнайы дайындықтан өткен иттерге талатқызылды. 17 желтоқсан күні Фрунзеден 100, Ташкенттен 300, Челябіден 203, Новосібірден 203, Свердловскіден 225, Тбилисиден 450 әскери көмекке тартылған. Жалпы шеруде 8500 адам ұсталған. Көбі – студент жастар. Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады.

Жүйеге алғашқы болып қарсы шықты

КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы шыққан қазақ азаматтары мен жастарының азаттық күресі – тарихи маңызды оқиға, оны алтын әріппен тарих бетінде қалдыру керек.

Желтоқсан көтерілісі ҚСРО-ның ыдырауына тарихи тұрғыдан негізгі рөл атқарды. Оны кейін 1991 жылы болған Ыстықкөл саммитінде М.Горбачевтың өзі мойындаған. Осы орайда Желтоқсан құбылысын әлемдік деңгейге көтеруде Хельсинки тобының еңбегі ерекше. Бұл топ алғашқылардың бірі болып Алматыда болған оқиғаны «Горбачев билікке келгелі бері болған халық наразылығының ең алғашқы әрі жойқын көрінісі» деп таныды. Осылайша, Желтоқсан жаңғырығы Қарабақ, Сумгаит, Баку, Тбилиси, Вильнюс ереуілдеріне ұласты. Мұны қазір әлемдегі ғалымдардың бәрі бірауыздан мойындайды.

Ендеше, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйеге тұңғыш рет қарсылық танытқан қазақ «желтоқсаншылары» болатын.

Бақболат Ақылбаев,

Желтоқсан ардагері

 Қасым Кайсенов кенті,

Ұлан ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button