Нұржан Кенжеұлы
Кез келген доп додасының фавориттерінің бірі саналатын, бірақ күні бүгінге дейін бірде-бір рет Әлем чемпионы атағын жеңіп көрмеген құраманы білесіздер ме?.. Әрине, ол – Нидерланд құрамасы.
Жалпы, бұл елдің құрамасын футбол тарихындағы ең жолы болмаған командалардың бірі деуге болады. Олай дейтініміз Еуропадағы «Қызғалдақтар елінің» құрамасы осыған дейін үш мәрте Әлем біріншілігінің финалына шығып, оның барлығында қарсыласына жол беруге мәжбүр болған. Көзі қарақты жанкүйер қауым «тоқсары жейделілердің» 1974 жылғы доданың финалында Батыс Германия құрамасына, келесі біріншілікте Аргентина командасына, ал 2010 жылы Испанияға жол бергенін жақсы білуі тиіс.
Негізі, Нидерланд немесе голланд футболы туралы сөз қозғалғанда, көз алдымызға Йохан Кройф, Марко Ван Бастен, Рууд Гуллит, Франк Райкард, Деннис Бергкамп, Патрик Клюйверт сынды ойыншылардың оралары хақ.
Дегенмен, аталған еуропалық мемлекеттің футболына шын мәнінде жан бітірген тұлға деп атақты бапкер Ринус Михелсты айтуға болады.
Көп жыл бойы көршілес Германия, Англия, сондай-ақ Италия сияқты құрамалардың көлеңкесінде қалып келген Нидерланд футболының нағыз өрлеу кезеңі өткен ғасырдың 60-шы жылдарының соңында бастау алды. Дәл сол жылдары амстердамдық «Аякстың» тізгінін ұстаған жас маман Ринус Михелс командасымен бірге елішілік және халықаралық жарыстарда толағай табыстарға жетіп, көп ұзамай ұлттық құрамаға шақырту алады. Осы бір бапкердің тұсында жоғарыда аты аталған Йохан Кройф, сондай-ақ Роб Ренсенбринк, Йохан Нескенс, Руд Крол сияқты атақты футболшылардың жұлдызы жанды. Михелстың аядай Нидерланд елі үшін де, жаһандық футбол үшін де сіңірген еңбегі орасан зор.
Жетпісінші жылдардың басы Кройф секілді футболшылардың өсіп-жетілген кезі болатын, Нидерланд құрамасының нағыз алтын дәуірі еді бұл. Ел құрамасы 36 жылға созылған үзілістен кейін қайтадан Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сол 1974 жылғы жаһандық доп додасы Батыс Германия жерінде өткен еді. Бұл турнирде құраманы Ринус Михелс жаттықтырып, күллі әлемге футбол ойнаудың жаңа үлгісін танытты. Ол «Тоталды футбол» деп аталатын тактика болатын. Бұл ойын жүйесін команда мүшелерінің жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет етуі, алаңның кез келген тұсында бірін-бірі алмастыра білуі, жасанды оффсайд тәсілін ұтымды пайдаланып, қарсыластарына оқ боп тиетін қарымта шабуылдарға шығуы айшықтап тұратын. Михелс бапкер ел құрамасын анау айтқандай көп жаттықтырмаса да, ел футболының тарихынан ойып тұрып орын ала білді. Оның тұсында Нидерланд құрамасы дөкейлер мұрынын шүйіре қарайтын ортаңқол ұжымнан футбол алыптарымен терезесі тең өнер көрсететін командаға айналды. Әлі де солай…
Газетіміз басылып шыққан кезде Нидерланд пен Аргентина құрамалары арасындағы ширекфиналдық ойын аяқталып та қоятыны анық. Оқырман қауым бұл мақаламызды оқып отырған кезде «қызғалдақтар елінің» құрамасы еліне қайтып бара жатуы да мүмкін. Дегенмен, биыл бағы бір ашылмай қойған бұл команданың жолы болып, Әлем біріншілігінің жүлдесіне қол жеткізеді деп үміттенеміз.
Сіздің болжам
«Сіздің болжам» сайысына қатысушылар Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!
Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.
DIDAR газеті