ТабиғатТабиғат терезесіТОП

Қыс қаһарына мінді

Азамат Темірбеков

Қаңтар айы басталмай жатып-ақ қатаң мінезін көрсетті. Күн райы сынғаны сол еді, ақтүтек боран басталып, өңір халқын әбігерге салды. Күннің күрт жылынуы салдарынан облыстың таулы аймақтарында қар көшкіні жүру қаупі артып, бірқатар автожолдар жабылды.

Жалпы, бүгінгі күні аудан, қала әкімдерінің берген ақпараттарына сүйенсек, облыс аумақтарында түскен қардың қалыңдығы 50-ден 80 сантиметрге дейін жетеді. Қаңтар айының 4-і күні ауа райының күрт өзгеруіне байланысты өңірдегі автожолдардың жеті учаскесінде көлік қозғалысы шектелді. Атап айтсақ, осы күні таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап Предгорное –Шемонайха – Ресей Федерациясы шекарасы, Қасым Қайсенов –Қалбатау, Герасимовка – Семей, Тарғын – Самар, Абай облысының шекарасы – Шемонайха, Шемонайха – Секисовка және Шемонайха – Большая речка бағыттарындағы тас жолдарда жүріп-тұруға тыйым салынды.

Дегенмен, түрлі себептермен сапарлап кеткен жолаушылардың қарасы да аз болған жоқ. Ауа райының өзгерісін елемей жолға шыққан осындай жүргізушілердің бірі діттеген жеріне жете алмай, апаттар медицинасы орталығының көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, Ұлан ауданының Привольное ауылынан бес шақырым қашықтықта «Лада» маркалы автокөлік жол жиегіне шығып кетіп, көлік салонында бес адам қамалып қалған. Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері оқиға орнына жетіп, көліктегі жолаушыларды эвакуациялады. Адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жарақаттарының бар-жоғы тексерілгеннен кейін жолаушылар жергілікті мешітке орналастырылып, жылы көрпелер мен ыстық шай берілді.

«Қазселқорғау» ұйымының ақпаратына сүйенген өңірдің Төтенше жағдайлар қызметі көпшілікке абай болып, жолға шықпауды ескертті. Басты себеп – қардың қалың түсіп, желдің күшеюіне байланысты қаңтар айының 4-і мен 8-і аралығында облыстың таулы аудандарында қар көшкінінің қаупі артқанын хабарлады.

Төтенше жағдай қызметінің мамандары «Бұл уақытта тауға барудан бас тартқан дұрыс. Көшкін қаупі бар ошақтар автомобиль жолдарына қатер төндіреді, олардың жанынан өтіп бара жатқанда тоқтамаңыз, бірақ қауіпті аймақтан тез шығыңыз. Егер сіз төтенше жағдайға тап болсаңыз және сізге өрт сөндірушілердің немесе құтқарушылардың көмегі қажет болса, «112» ұялы телефонына хабарласуды ескертеміз» деген хабарлама таратты.

5-і қаңтар күні облыс аумағында түсетін жауын-шашын мөлшері көбейіп, облыстың солтүстігінде, шығысында қатты қар күтілетіні туралы хабар таратылды. Облыстың басым бөлігінде бұрқасын күшейіп, көктайғақ орнап, жел екпіні секундына 23-28 метр жылдамдыққа дейін жететіні айтылды.

Халыққа мүмкіндігінше елді мекендерден шықпауға кеңес берген Төтенше жағдайлар қызметі жолға шығу қажет болған жағдайда сапарға мұқият дайындалып, жүргізушілерге өздерімен бірге күрек, шыны тазалауға арналған қырнауышты, жанармай қорын, қолшамдар мен жылы заттарды, телефон қуаттағышын және азық-түлік пен су алып жүру қажеттігін ескертті.

Бұл күні жол қозғалысы өңірдегі Предгорное – Шемонайха – Ресей Федерациясы шекарасы, Герасимовка ауылы – Семей қаласы, Қалбатау – Қасым Қайсенов, Тарғын – Самар, Абай облысының шекарасы – Шемонайха, Шемонайха – Секисовка, Шемонайха – Большая речка, Кенсай – Тасбастау сынды бағыттағы 8 жол учаскесінде шектелді. Сонымен қатар «Қазавтожол» ұйымы қар көшкініне байланысты профилактикалық жұмыстардың жүргізілуіне орай Өскемен –Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнарлары тас жолының Ушанов ауылынан Серебрянка қаласына дейінгі аралығын барлық көлік құралдары үшін шектеді.

Ауа райының нашарлауына байланысты түс ауа облыста қозғалысы шектелген автожолдар саны 12-ге жетіп, «Конный двор» демалыс базасы – Северное, Тарханка – Топиха, Өскемен –Новотройцкое, Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясының шекарасы сияқты автожол бағыттары қосылды.

Осы күні Өскемен – Таулы Үлбі – Северное бағытындағы автожолда қар көшкіні жүріп, жол бөлігін 600 текше метр қар басып қалды. Абырой болғанда, жолдың уақтылы жабылуы адам шығынын болдырмады.

– Тау беткейлеріндегі қар массаларын азайтуға бағытталған жұмыстар алдын ала жүргізілуде. Профилактикалық жұмыстарды жүргізе отырып жағдайды тұрақтандырып, сол арқылы тұрғындар мен автожолдар учаскелері арқылы өтетін көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Жалпы, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде төрт учаскеде 8200 текше метр қар түсірілді, – деп хабарлады «Қазселқорғау» кәсіпорнының Шығыс Қазақстан филиалы басшысы Омар Дүзгембаев.

 

Осы айдарда

Back to top button