Күйеуінен таяқ жеген келіншектің мұңы
Отбасыңда тыныштық болмаса, ана зәбір көріп, бала жылап жүрсе, ол шаңырақтан құт қашпай ма? Міне, соны болдырмаудың түрлі тәсілдері жасалып келген еді. Бүгінде ана мен баланы заң қорғайды. Мәселен, еліміз 1998 жылғы 29 маусымда әйелдерді кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қосылған болатын.
«Әйел ер-азаматтан бір саты төмен тұруы керек» деген түсінік бар. Бүгінде бәзібіреулер оны әйел адамның белгілі бір орны бар деп қарастырады. Әйелдің ерлерге қарағанда физикалық-эмоционалдық тұрғыда әлсіздеу келетіні, алайда оны басқа көптеген артықшылығымен толықтыратыны ғылыми дәлелденген. Тіпті, діни тұрғыдан алсақ, Құранда әйел мен еркек құқығының теңдігі, алайда әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі болатыны жазылған. Яғни, нәзік жандар қорғаныш пен қамқорлықты талап етеді. Сонда да, кей ер-азаматтардың атына сай іс атқармай жүргені ащы шындық.
Үйінде өз күйеуінен қорлық көріп, әлімжеттікке шыдап, отбасын сақтап қалу үшін төзіп келе жатқан жандар қаншама?! Сондай жағдайдың бір құрбаны – қала тұрғыны, көпбалалы ана Замира Ермекова (аты-жөні өзгертілді). Оның айтуынша, өзі сияқты опық жеген әйелдер бүгінде өте көп. Күйеуімен тұрмыста болғанына 20 жылға таяса да, соның тек он жылын махаббатпен өткізіпті. Айтуынша, жұбайы ішімдікке салынып, балаларының көзінше ұрып-соғады. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі кішкене баласы бар екен. Күйеуі жұмыссыз қалған кездері науқас баласына берілетін мемлекеттік жәрдемақыға күн көретіндерін жасырмады. Замира балалары үшін де, ата-анасын ұятқа қалдырғысы келмей, елден «қайтып келіпті» деген сөзді естіртпес үшін де шыдап бағуда.
– Бүгінде жолдасым ішуін азайтқанымен, ашу-ызамен қол көтеруін қойған жоқ. Полицейлерді де ешқашан шақырып көрмегенмін, балаларының әкесі болған соң аяймын, – дейді ол.
Серігіне деген махаббат оты өшсе де, Замира қамқор ана болуы үшін барын салуда. Жұмыс істеп, күнделікті шығынға ақша тапқысы келгенімен жолдасы оған қарсы. Әбден шаршап-шалдыққан ол бұның бәрі уақытша екеніне сенгісі келеді.
Бұл – тек бір жанның айтқан мұңы. Елімізде мұндай мәселесі бар әйелдер қаншама?! Заң бар болғанның өзінде де, оған жүгінуге қорқады, қоғамнан ұялады.
«Адамдық негізі – әйел». Демек, жас ұрпақ тәрбиелі болып өсуі үшін ең алдымен қоғамдағы әйелдің хал-жағдайын түзеп, оңалту қажет. Өйтпейінше, еліміз көркеймек емес.
Мадина Болатханова, студент