Қоғам

Құрылыс компаниялары заң бұзған

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы барысында сатып алушылармен броньдау шарттарын жасасатын құрылыс компаниялары туралы мәселе тағы да көтерілді.

– Бұл әрекет заңсыз және олардың үлескерлер ақшасын тартуға еш рұқсаты жоқ. Мәселен, «Дейнека» компаниясы тоғыз қабатты үй салуға рұқсат алып, өздері алты қабатты ғана үй салуға шешім қабылдаған. Бұл – Өскемендегі құрылыс нысандарының бас жоспарын бұзу, – дейді облыс әкімі.

Компания өкілдері құрылысқа 800 миллион теңге салғандарын айтады, алайда қала әкімдігінің дерегінше, 250 миллион теңгеден аспайтын қаржы жұмсалыпты. Сондай-ақ компания клиенттер қаражатының бір бөлігін қайтарып бердік дейді.

Қазір қалалық әкімдік пен прокуратура қанша броньдау шарты жасалғанын және қайтарылған қаражат мөлшерін тексеруде. Қадағалау органы жобалардағы бірқатар бұзушылықты анықтап та үлгерген.

Аймақ басшысы прокуратураға, қала әкімдігіне және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына осындай шарттар жасалған, бірақ аяқталмаған барлық объектілерді түбегейлі тексеруді міндеттеп отыр.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button