Қоғам

Күршімдегі «Қызыл ту» мұз өткелі жабылды

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданындағы «Қызыл ту» мұз өткелінде көлік қозғалысына тыйым салынды.

Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, Күршім ауданындағы «Қызыл ту» өткеліндегі көлік қозғалысына қатаң тыйым салынды.

– Бұқтырма су қоймасындағы мұз өткеліне мамандар тарапынан жан-жақты тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде ауа райының күрт жылынуына орай мұздың көлік өтуіне жарамсыз екендігі анықталған. Сондықтан 7 наурыздан бастап өткел көліктің барлық түрі үшін жабылды. Енді Өскеменге бару немесе қаладан қайту үшін Үлкен Нарын – Алтай тасжолы және Зайсан қаласы арқылы жүру керек, – делінген ресми ақпаратта.

Мамандар Бұқтырма су қоймасының бетіндегі мұздың астынан бастап жұқарғанын анықтаған. Мұндай жағдайда мұз үстімен жүру аса қауіпті. Құтқарушылар өздеріңіздің және жолаушыларыңыздың өмірі мен денсаулығын қатерге тікпеулеріңізді сұрайды.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button