Құрғақ есептердің қажеті жоқ – ШҚО әкімі
Ресми статистикаға сүйенсек, ШҚО-ға биылғы бірінші тоқсанда 65 мыңнан астам турист келіп қайтқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 45 пайызға көп.
Қай заманда да тұмса табиғатымен ерекшеленген Шығыс өңірі үшін 65 мың турист – бұл тым аз. Мұны облыс әкімдігінде өткен алқалы жиын барысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев та айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Облыс әкімдігінің кезекті отырысында өңірдегі туризм салысын дамыту мәселелері де қаралған болатын. Аталмыш тақырыпқа қатысты баяндама жасаған кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Елдос Байрахметов туризм саласына қатысты оң динамика байқалатынын мәлім етті.
– Биылғы алғашқы тоқсанда облысымызға 65 мыңнан астам турист келсе, оның 61 169-ы отандастарымыз болыпты. Тағы 4 001 турист өзге мемлекеттерден келген. Яғни бұл екі көрсеткіш бойынша өсім 28,3 және 255,6 пайызды құраған. Дегенмен, салаға қатысты түйіткілді мәселе де көп. Осыған байланысты басқармамыздың бірнеше ұсыныс бар, – деді Елдос Байрахметов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік басқармасы құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп Алтай, Катонқарағай, Самар аудандарда және Риддер қаласында туризмді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Оған жол инфрақұрылымын жақсарту, туристік тұрғыда тартымды елді мекендерді абаттандыру, демалыс аймақтарында өрт қауіпсіздігін күшейту сияқты іс-шаралар кіреді екен. Енді мамандар мұндай жұмыстарды өзге аудандарда да қолға алып, артынан бірыңғай құжат әзірлеуді ұсынуда.
Сонымен қатар басқарма басшысы келіп-кететін туристер санын анықтап, нақтылау үшін ұялы байланыс операторларымен бірлескен талдау жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Негізгі туристік бағыттарда санитариялық-гигиеналық тораптар салу, жол бойындағы дәретханаларды күтіп ұстау сияқты жұмыстарға субсидия бөлу сияқты ұсыныстар да айтылды.
– Қазір облысымызда барлығы 43 экомаршрут бар. Экотуризмді одан әрі дамыту үшін туроператорлармен бірлесіп, әлеуеті жоғары аудандарда қосымша маршруттар ашуды ұсынамыз. Және бұл бағыттағы жұмысты үйлесітіріп отыратын аймақтық туристік-ақпараттық орталыққа көбірек көңіл бөлінуі қажет деп есептейміз. Атап айтқанда, бүгінде бұл орталықтың мамандары бір қабатты ескі ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында орталықты басқа, аумағы кеңірек ғимаратқа көшірген немесе жаңа ғимарат салып берген дұрыс болар еді, – деген ұсыныс айтты басқарма басшысы.
Алайда, облыс әкімі Ермек Көшербаевтың жоғарыда айтылған ұсыныстарға қатысты өз пікірі бар екен. Аймақ басшысы облыста бір орталыққа бола бөлек ғимарат салу негізсіз әрі тиімсіз екенін айтып, туризм саласын дамыту үшін су жаңа нысанда отыру міндет емес екенін жеткізді.
– Сіздер, жалпы осы салаға жауапты мамандар халықпен тығыз жұмыс істеулеріңіз керек. Мұндай құрғақ есептердің еш қажеті жоқ. Оның орнына облыстың туризм саласын дамытуға титтей болсын үлес қосып жүрген кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын естігендеріңіз жөн. Шығыс Қазақстан өңірі жаңа маршруттарсыз-ақ түрлі туристік аймақтар мен нысандарға бай. Тек сол аймақтардың әлеуетін байқап, оны дамыта білу керек. Мәселен, Катонқарағайдағы Коробиха ауылын алайық. Бүгінде келушілерден арылмайтын бұл ауыл ешқандай субсидиясыз-ақ өз күнін өзі көруде. Негізі, облысымызда да, Катонқарағайдың өзінде де мұндай айналасындағы табиғатқа қарасаң, көзің тоятын елді мекендер жетіп артылады ғой. Неге сол Коробиханың халқы сияқты жұмыс істемеске?! Мұның бәрі айналып келгенде, жұмыссыздық, көші-қон, демография сияқты проблемаларды шешуге септігін тигізетіні де сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы құзырлы басқармалар аудан-қала әкімдерімен туризм мәлелелеріне қатысты тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керектігін айтып, осы жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ