ТОП

Құрдымға кеткен ауылды құтқарып қалған диірмен

Тоқсаныншы жылдардағы ауыртпашылық кезеңде Ақсуат, Тарбағатай өңірінің халқын ұнмен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосқан, ауданда диірмендер салуға мұрындық болған, Құлбабас ауыл әкімшілігінің аймағында жұмыс істеп, халыққа “Тоқанның диірмені” деген атпен әйгілі диірменнің иесі Тілеуов Тоқанға осы диірмені туралы мақала жазуға ұсыныс жасап едім.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» дегендей, өзін-өзі мақтауға, дәріптеуге жоқ азамат өз өмірі, істеген жұмыстары, өзі салып жүргізген диірмені туралы қысқаша ғана, жаңа мекемеге жұмысқа тұрғанда жазатын өмірбаян сияқты қылып жазып әкеліпті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Қиын кезеңде еліне септігі тиіп құрметке ие болған осы бір өте қабілетті, ісмер, іскер азаматтың диірмен салу жұмысын ұйымдастыруда атқарған ерен еңбегін толығырақ жазып, халыққа жеткізу керек-ау деп ойладым. Сол себепті, бірге қызмет істеген, осы жұмыстардың басы-қасында бірге болған адам ретінде «Тоқанның диірмені» туралы кеңірек жазғанды жөн көрдім.

Мен ХХII партия съезі атындағы совхозға бас инженер болып 1985 жылы қызметке келдім. Сол кезде потребсоюздың ауылға бөлген ұны халыққа толық жетпей, бұл мәселе тек қаладан тасу арқылы ғана шешіліп тұрды. Қалаға біреу машинамен бара жатса, ел оған ақша беріп, ұн ала келуді тапсыратын. Ол кезде қалаға барған әрбір шопырдың екі проблемасы болатын: біріншісі – елдің балаларына жіберген сәлемдемелерін тарату, екіншісі – қайтарда ұн алып қайту. Бір машина кемінде 40-50 қап ұн алады. Ондай көп мөлшердегі ұнды дүкендер күндіз босатпайды да, шопырлар сатушылармен келісіп, жұмыс аяғында, дүкен жабыларда артқы жақтағы есіктен келіп ұн тиеп алатын. Совхоздың жүгін тиеп алған машиналар сол күні қалып, кешке ұнын алып, ертеңіне қайтатын. Бір жолы мен қаладан сайман алуға К-700 тракторын қос тіркемесімен апардым. Тракторшы Оралбаев Кәкімсейіт темір-терсектің үстіне 126 қап ұн тиеді. Апта сайын қалаға бірнеше машина рейске баратынын ескерсек, ауылға әжептәуір мөлшерде ұн тасылатын. Бұған ешкім қой деп айта алмайтын, өйткені халықты ұнсыз қалдыруға болмайды ғой. Адамдарға да обал, қолында ақшалары, қалаға баратын шопырларға ұн ала келші деп жалынып жүргені. Осы мәселені қалай шешуге болады деген ой бәрімізді мазалап жүретін. Сол кезде совхозда техника жағында жүретін азаматтардың береке-бірлігі мықты болып, жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылатын, өз жұмыстарына ізденіспен қарайтын үрдіс, жақсы атмосфера болды.

Бірде машина ауласының меңгерушісі Жұмакәрім Бұланов, МТМ меңгерушісі Бақытбек Ілбеков, кормоцех бастығы Тоқан Тілеуов, автопарк меңгерушісі Ақылтай Тілеужанов төртеуіміз отырып осы мәселені талқыладық. Бұл қазіргі кезде айтылып жүрген «мозговая атака» деген әдіс еді. Содан «диірмен салу керек» деген тұжырымға келіп, жүрген жерлерде диірмен қарай жүрейік деп келістік. Арада біраз уақыт өткенде Ілбеков Бақытбек Жарма ауданының бұрынғы орталығы – Георгиевка, қазіргі Қалбатау ауылына барғанда, сонда тұратын қарындасынан сол ауылдағы диірменнің сатылатынын естіп бізге айтып келді. Жігіттерді жіберіп анығын білсек, диірмен аудандық быткомбинаттың қарамағында екен, бірақ соңғы екі жылда ауданда дұрыс егін шықпағандықтан жұмыс істемепті. Мекеменің облыстағы басшылары «диірмен жұмыс істемей, пайда әкелмей босқа ғимаратты ұстап тұр, оны сатып, орнына басқа пайда әкелетін қондырғы қойыңдар» деп талап қойып отыр екен. Біз барып баланстағы қалдық құны бойынша диірменге счет жаздырып әкелдік. Совхоз директоры Амантай Сәметов: «Бас бухгалтерден барып совхоздың қаржылық жағдайын біліңдер, мүмкіндік болса менің қарсылығым жоқ», – деп бізді бухгалтерияға жіберді. Бас бухгалтер Ысқақ Долдинге бар жағдайды түсіндіріп, есебімізді көрсетіп едік, сөзге келместен ақша аударып беруге келісті.

Совхоз басшыларының бізге сеніп, бастамамызды қолдап, мәселені шешіп бергеніне қатты риза болдық. Өйткені мал шаруашылығымен айналысатын совхозға негізгі жұмысына қатысы жоқ дүниеге ақша бөлуін қаржы тәртібін бұзу деп қарауға болатын уақыт еді. Ақша аударылған соң Тоқан өз адамдарын алып, совхоздың автобусымен Георгиевкаға аттанды, арттарынан мен де бардым. Жігіттерді қонақүйге орналастырған соң быткомбинатқа барып, келісімге сәйкес, қалай жұмыс істейтінін көру үшін диірменді іске қостырып, ұн шығартып көрдік. Диірменнің жұмысы, ұнның сапасы бізге ұнады. Тоқан қағазға диірменнің схемасын сызып, барлық бөлшектерінің, трубаларының сыртына бояумен нөмір жазып, белгілеп алып, бұзуды бастап кетті. Қалаға жүк апарған машиналар қайтарда Георгиевкаға соғып диірменнің бұзылған бөлшектерін тиеп, Шалқардағы кормоцехтың ауласына апарып түсіріп отырды. Ең соңғы рейске бидайды үгетін агрегаттарды кранмен тиеп жатқанда ауылдағы орыстардың кемпір-шалдары, әйелдері жиналып келіп: «біздің диірменді неге аласыңдар, енді бізге кім ұн тартып береді, сендерге диірменді бермейміз» деп шу шығарды. Тоқан бұған дейін бұзған саймандарды диірменнің ішінен тиейтін, ал мына соңғы агрегаттар тым ауыр болғандықтан сыртқа сүйреп шығарып кранмен тиеуге тура келді. Диірменнің басқа жаққа кетіп бара жатқанын көп ел сонда ғана білді. Барлық ісіміздің заңды екенін, ақшасын төлегенімізді, мынау тек қалған аз бөлігі, осыған дейін барлығын тасып әкеткенімізді айтып түсіндіріп, олардан да құтылып, аман-есен елге қайттық.

Ауылының беделін биіктеткен азамат

Тоқанды үйде де көп жұмыстар тосып тұрған еді. Шалқардағы кормоцехтың ауласында бұзып әкелген диірменнің бөлшектері тау болып үйіліп қалды. Қанша айтқанмен бұрын жұмыс істеген ескі диірмен ғой, үйіліп жатқан ескі темірлер мен ағаштар қараған көзге жақсы әсер ете қоймайтын. «Ерігіп қайдағыны шығарасыңдар, совхоздың ақшасын шашып, елдің ескі-құсқысын әкеліп үйіп қойдыңдар, енді бұл ешқашан жиналмайды» деушілер де табылды.

Айтса айтқандай, істелетін жұмыс өте көп еді. Мәселенің техникалық жағын шешуден біз онша қорқа қойған жоқпыз, ондай жұмыстардан тәжірибеміз бар еді. Шалқар учаскесінде өз күшімізбен қолдағы бар техникаларды пайдаланып, құрамындағы қатаң мал азығы мен сүрлемдерді, қоспаларды өңдеп араластыратын негізгі желілерге қоса витаминді шөп ұнын дайындайтын, жем тартатын, гранул жасайтын қосымша желілері бар, барлық жұмыстары механикаландырылған үлкен кормоцех жасап іске қосқанбыз. Сол жұмыстардың барлығына Тоқан өзі басшылық жасаған болатын. Кормоцех тоқтаусыз, сағатша  жұмыс істеп тұратын, бордақы алаңындағы малдарды ғана өңделген жемшөппен қамтамасыз етіп қоймай, барлық фермаларға тартылған жем осы арадан босатылатын. Жемді қаптап, қолмен тиеп ешкім әуре болмайтын, жем жоғарыда орналасқан бункерден машинаға өзі түсіп, автотаразыда өлшене салатын.

Тоқанның кормоцехы сол кезде облыстағы ең жақсы  кормоцехтардың бірі болды. Осы кормоцехтың арқасында Шалқарда қаншама аудандық, облыстық, республикалық семинарлар өтті, ауылдың беделі артты, жігіттердің көңілі көтеріліп, өздеріне деген сенімі күшейді. Тоқанның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы, адамгершілігі, білгірлігі, шеберлігі, адамдармен тіл табыса білуі, мінезінің жайлылығы, жұмыс дегенде бәрін ұмытып, уақытпен санаспайтындығы, адалдығы, шыдамдылығы елден ерекше еді. Тоқанның арқасында кормоцех тамаша жұмыс істеп, үлкен нәтижеге жетті.

Қазақта «тарта берсе, арта бер» деген сөз бар, диірменді орнату, жүргізу міндеті де Тоқанға жүктелді. Бұл жұмыстың ең қиыны диірменді қайда орнатамыз деген мәселе болды. Диірмен үшін үш қабатты ғимарат қажет. Жаз уақыты, қызу науқан, адам күші жетпей, құрылыс материалдары тапшы болып тұрған кезде құрылыс бөлімі бізге ондай ғимарат салып бере алмайды. Сол себепті кормоцехтың жанындағы қабырғалары бар, бірақ төбесі жабылмаған, көп уақыттан бері бітпей тұрған қойманың құрылысын пайдалануға ұйғардық. Үш қабатты ғимарат салуға шамамыз келмейді, бірінші қабатты жерді қазып төмен түсірейік деп шештік.

Қырсыққанда, сол кезде совхоздағы жалғыз экскаваторымыз МТМ-да ремонтта тұрған. Оның жөнделіп шыққанын тосуға уақыт жоқ. Науқан кезі, көрші совхоздар көмек бере алмайды. Аудан орталығындағы СПТУ мекемесіне барып, директоры Нұрсапин Сайлау ағамыздан экскаваторын сұрадым. Ағамыз сөзге келген жоқ, техникасын берді. Астыңғы қабаттың орнын қазып, еденін, қабырғаларын бетондау жұмыстарын Тоқан өзі атқарды. Екінші қабаттағы жабдықтар диірменнің өз темір конструкцияларына орнатылды. Қойманың ұзына бойына қазылған жерге екі қатар биіктігі алты метр темір колонналар орнатылып, үстіне рельстен балкалар қойылды. Балкалардың үстіне ені 8 метр, биіктігі 4 метр доға тәрізді темір аркалар бекітіліп, қаңылтырмен жабылды.

Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным, жазғы қызу науқан уақыты, ағымдағы жұмыстардың өзіне құрылыс материалдары жетіспей жатқанда ешкімге салмақ түсірмей, Тоқан осы жұмыстардың барлығын өз қолымен темірден жасап шықты. МТМ, машина ауласы, барлық инженерлік қызмет Тоқанның жұмысын тоқтатпай, керегін уақтылы тауып беріп отыруға жұмыс істеді. Қажет материалдарды жан-жақтан іздестіріп таптық. Колоннаға жарайтын өз темірлеріміз жетпей, Тарбағатай ауданымен шекаралас жерден скважинаның қалың қабырғалы жуан трубасын тауып, тиейтін кран таба алмай, К-700 тракторымен сүйреп әкелгеніміз есімде.

Сәтбаев совхозында Алтынбеков Қайырқан ағаның мал бордақылайтын базға трактор кіргізбей, өзі «луноход» деп ат қойған электр тогымен жүретін агрегат жасап, жемшөпті сонымен таратпақшы болып жинаған рельстері бар еді. Балкаға керек рельстерді содан сұрап алдық. Ол кезде біздің совхозда инженерлік қызмет жақсы жолға қойылған болатын, ешбір қарбалассыз, ырғақты жұмыс атқарып, науқанды жұмыстарға кедергі келтірместен Тоқанға да көмектерін жасап отырды. Бірақ мұның бәрі негізгі жұмыстың орындалуын қамтамасыз етудің шаралары еді. Ал барлық құрылыс, диірменнің шашылып жатқан саймандарын жинақтап құрастыру, монтаж жасау, іске қосу, реттеу, күнделікті жұмыстарды ұйымдастыру, бақылау, басшылық жасауды Тоқан өзі атқарды. Оның үстіне электрмен, газбен кесу, дәнекерлеу, темір ұстасы, ағаш ұстасының жұмыстарын, тіпті терезені әйнектеуге дейін Тоқан өзі істей беретін. Бұрын көрмеген диірменді схемасын өзі қағазға түсіріп алып, бұзып әкеліп қайта құрып жүргізуі Тоқанның қабілетінің, білімінің, шеберлігінің қандай жоғары деңгейде екенін бүкіл елге көрсетті. Тоқанның барлық күш-қабілетін салып, уақытпен санаспай, қызу науқан уақытында ешкімге ауыр салмақ түсірмей, жоқтан бар жасап, аянбай еткен еңбегінің арқасында ғана диірмен уақытында бітіп, іске қосылды.

Жұдырықтай жұмылып егін еккен Ақсуат

Әрине, осы жұмыстың маңыздылығын ұққан ауылымыздың, ауданның азаматтары қолдан келген көмектерін жасап, тілектес болып отырды. Салмағы 7 тонна болатын бір рулон жұқа қаңылтырды заводтағы жігіттер бізге көмек ретінде тегін берді. Сол қаңылтырмен Тоқан кормоцехтың темір складын, арка түріндегі диірменнің төбесін, кейін арка түріндегі көже цехының төбесін жапты.

Диірменді құрауды аяқтап, электр желісіне қосарда арнайы кабель қажет болып барғанда Әбіш кісі бойынан биік үлкен катушкадағы брондалған қымбат кабельді түгелдей тегін берді. Ал совхоздың электриктері бас энергетик Сағидолла Құсмановтың басшылығымен диірменнің электр-монтаждау жұмыстарын өз күштерімен атқарып шықты.

Диірменнің іске қосылуы бүкіл ауыл үшін үлкен қуаныш болды. Алғашқы шыққан ұн әр үйге бір қаптан босатылды, кебегі малға жемге берілді. Ақсуат ауданында тоқтап қалған ұн шығару үрдісі Тоқанның арқасында осылай қайта басталды. Кейін, 90-шы жылдары бұл шаруа халыққа көп септігін тигізіп, ауданда көптеген диірмендер салынуына мұрындық болды.

Сол қиын жылдары аудан халқының жаппай егін салуына жол көрсеткен де осы Тоқанның диірмені болды. Диірмен іске қосылған соң бір жылдай тоқтаусыз жақсы жұмыс істеп тұрды. Совхоз деген жоспармен жұмыс атқаратын мекеме ғой, бар мәселе совхоздың келер жылғы жоспарын бекіткенде шықты. Бас агрономымыз Ораз Саяқов келер жылғы егіс жоспарын бекітуге апарғанда аудан жоспардан бидайды алып тастап, орнына мал жеміне арналған дақылдарды енгізіп бекітіп берді. Ауданның неге бұлай жасағанын біз ұқпадық, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ.

Арызданып ешнәрсе шеше алмайтынымызды, тек уақыт жоғалтатынымызды ұқтық. Тез арада басқа бір нәрсе ойлап табу керек болды, өйткені бидайсыз диірмен кімге керек. Көктем болса келіп қалды. Бидай екпесек, диірмен жұмыссыз қалады, бар еңбек еш болады. Ауыл ұнсыз қалады. Ол уақыт қайта құру, басшылар халықтан жасқанатын кез еді. Өзіміз деген азаматтармен ақылдасып отырғанда ойды ой қозғап, осы жағдайды пайдаланайық, халыққа егін салдырайық деген идея келді. Ақсақалдар бұл ойды қолдап, совхоз басшылығына өзін өзі ұнмен қамтамасыз ету үшін бидай егуге 1-2 гектар жер сұрап, жаппай өтініш жазуды бастады. Халықтың тілегін қалай орындамасқа, барлығына жер берілді. Жанар-жағармайын өздері құйып, ақысын төлеп, егін егуге, оруға техникадан көмек көрсетуге де келісім жасалды. Осы шараның арқасында ауыл халқы диірменді тоқтатпай жұмыс істетіп, ұн мәселесін өзі шешіп тұрды. Кейін мен ауданда қызмет атқарғанда осы тәжірибе бізге көп көмегін тигізді.

Ол кез совхоздардың халыққа еңбекақы төлеуге мүмкіндік болмай, мекемелер жұмысшыларына уақтылы ақша бере алмай, зейнетақы, балалардың жәрдемақысы бірнеше айға кешіктіріліп беріліп, ақша жоқ болғандықтан күн көріс көзі тек мал болып тұрған уақыт еді. Халықтың ең көп пайдаланатын тағамы – ұнның бағасы шарықтап, бір қап ұнның құны үш қойға жетті. Ауданнан камаздарға, басқа көліктерге тиелген мал басқа жақтарға күндіз-түні кетіп жатты. Бұл мәселе тез арада шешілмесе, халық малын тауысып, әйтеуір, бір жұмыс тауып күн көру үшін қалаға жаппай көшуге мәжбүр болып, ауданда халық санының күрт азайып кету қаупі төнді. Онсыз да Одақ тарап, совхоздар жұмысын тоқтатып, заман өзгеріп, не істерін, немен айналысарын білмей абдырап қалған халықтын алды қалаға көше бастаған. Бұл үрдісті тоқтатпасақ, халық кетіп, ауданның болашағы бұлыңғыр болатын жағдай туды. Сырттан келетін ешқандай көмек жоқ, мемлекет басқаны қойғанда, зейнетақы мен балалардың жәрдемақысын уақтылы бере алмай отыр. Осы арада бізге Құлбабас ауылының тәжірибесі көмекке келді. Біз аудан халқына жаппай егін салуға ұсыныс жасап, сол бағытта мақсатты жұмыстар атқардық. Халық та төніп тұрған қауіпті, жағдайдың ауырлығын, өз күшінен басқа сенетін ешнәрсе жоқ екенін сезініп, ұсынысты қабыл алып, жаппай егін салуға кірісті.

Біз 1994 жылдың күзінде қызметке келдік, 1995 жылы аудан 10000 гектар егін екті. Оның 5500 гектарын шаруа қожалықтары, ұжымдық шаруашылықтары ексе, 4500 гектарын жеке адамдар 1-2 гектардан жер алып егін екті. Бір гектардан кемінде бір тоннадай өнім алуға болатынын, ал бір тонна бидайдан 13 қап ұн шығатынын ескерсек, бұл аудан халқының өзін өзі ұнмен қамтамасыз етуі үшін, мал басын сақтап, өсіруі үшін атқарған үлкен жұмысы болды.

Сол кезде облыс бойынша ақсуаттықтардықтай барлық халқы жаппай егін егіп, оны суарып, жанталасып еңбек еткен аудан болған жоқ десем, артық айтқандық болмас. Бұл шаруаның тағы бір жақсы жағы – үйінде жеткілікті ұны бар, малы орнында қалып өсіп жатқан адамдардың жүрегінен аш қаламын деген қорқыныш кетіп, тынышталып, өмірге деген сенім, үміт пайда болып, ертеңін жоспарлай бастады. Сонымен бірге дала жұмыстары негізінен ер адамдар атқаратын шаруа болғандықтан үйде отырып қалған азаматтар егінмен айналысып, әйелдері олардың тамағын, киімін даярлап, балалары тамақ, сусын тасып, егін суарысып, егін күзетісіп, барлығы жұмысқа қосылып кетті, еркектер сотбасының басы, асыраушысы деген орнына сай келе бастады.

Егіс көлемі өскендіктен, диірменге деген қажеттілік туып, ауданда жиырмашақты жаңа диірмен пайда болды. Осы шаруалардың бәріне мұрындық болған Тоқанның диірмені, сол диірменді салып, жүргізіп, халқына бар күш-жігерімен аянбай қызмет еткен Құлбабас ауылының тұрғыны, абзал азамат Тоқан Тілеуов еді.

Бүгін Ақсуат өңірі малының арқасында байлығы асып, тұрмысы түзеліп, ауылдары көркейіп, облыстың алдына шығып, «Менің Ақсуатым» деп мақтанатын дәрежеге жетіп отырса, осы жетістіктерге жетудің негізін қалаған азаматтардың бірі – Тоқан Тілеуовті ел жақынырақ, жақсырақ танысын деген мақсатта осы мақала жазылды.

Ермұхамбет Рахымжанов

Осы айдарда

Back to top button