Қоғам

Курчатовтықтарды риза етіп қайтты

Катонқарағай ауданының делегациясы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен өріс алған аудандар арасында тәжірибе алмасу акциясы бойынша Курчатов қаласында болып қайтты.

Курчатовтықтарды риза етіп қайттыБұл сапарға округтердің әкімдері, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, мәдениет және өнер шеберлері, қолөнершілер қатысты.

Қаланың бас алаңында жәрмеңке ұйымдастырылды. Қалалықтардың көптеп жиналуына қарағанда, курчатовтықтар Катонқарағайдың балы, қымызы мен марал шаруашылығының өнімдерінен жақсы хабардар сыңайлы.

– Катонқарағай жері – өзінің әсем табиғатымен, дәмді өнімдерімен көпшілікке әйгілі, берекелі өлке, – дейді зейнеткер Александр Яковлевич. – Бүгін, міне, жергілікті тұрғындарға төмен бағамен осы ауданның азық-түлігін сатып алу мүмкіндігі берілді. Қараңыздаршы, әкелген тауарлардың барлығы да, ыстық самсадай, әпсәтте сатылуда! Мен өзім ет, бал, дәмді қымыздың бір құтысын сатып алдым…

Расында да, катонқарағайлықтар әкелген барлық тауарлар санаулы сағаттарда-ақ сатылып кетті: бұл – 650 келі ет, 1,5 тоннадан артық картоп, 600 л. өсімдік майы, 1200 л. қымыз, үш тоннаға жуық бал.

– Біз Катонқарағай ауданынан келген қонақтарға өте қуаныштымыз, – дейді мұғалім Ләззат Нұрмағамбетқызы. – Әйгілі балы мен пантокринін әкелгеніне ризамыз. Осы акция үшін облыс Әкіміне, Катонқарағай ауданының басшылығына рақмет. Жиі-жиі келіп тұрыңыздар!

Алаңның арғы бетінде, сахнада концерттік бағдарлама жүріп жатты. ҚР мәдениет қайраткері Рамазан Елібаев, аудандық мәдениет үйінің әртістері Нағима Жарықбасова, Раджан Ерболов, Қайрат Нұрғазиев, Мақтагүл Отаршынова, Төлеухан Сәдуов, Самат Мұқашев жиналғандарды әсем әндерімен сусындатса, әртістер Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» атты шығармасы бойынша театрландырылған көрініс қойды. Аудандық мәдениет үйінің хореографы Наталья Гостеева корей, украин, орыс және қытай билерін биледі.

Курчатовтық көрермендерді катонқарағайлық әртістер жәрмеңкеден соң да таңдандырды. Жергілікті мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламада қалалықтар әншілерді жылы қарсы алып, шоқ-шоқ гүлдер сыйлады.

Қалалықтар атынан сөз сөйлеген қала әкімі Александр Генрих:

– Сіздердің аудандарыңыз – Шығыстың інжу-маржаны болса, Курчатов – еліміздің ғылымының інжу-маржаны. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осындай кездесуді өткізуге ұйытқы болып отыр. Жердің шалғайлығына қарамастан, біздің елімізге келіп, өздеріңіздің жетістіктеріңізбен бөліскендеріңізге үлкен рақмет айтамыз! – деп қонақтарға ризашылығын білдірді.

Шамиль Багаутдинов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button