Курчатовтағы қандастар

Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын қандастарымыз алғаш Курчатов қаласына көшіп келіп қоныстана бастағанда, жалақы алатын жұмыс, бидай егетін жер таба алмай жүрген жүдеу тұрмыстары талай рет баспасөздің басты тақырыбына айналған болатын. Бұрынғы атом шаһарына бұл жолы барғанымызда, осы қалаға бірінші болып көшіп келгендердің бірі – Оразхан Қазезбен жолықтық.Өзінен гөрі, өзімен бірге келген ағайындары жайлы көбірек айтқан Оразхан ағаның «Курчатов бізбен, біз Курчатовпен бірге жасап жатырмыз» деген сөзіне көңіліміз орнығып қалды.
Оразханағаға құлақ түре жүріп, қаланың сыртынан жер алып, көкөніс егіп, несие алып, мал өсіріп жатқан қандастарымыздың отбасыларымен кездесіп, тынымсыз еңбектеріне куә болдық.
Осында келген соң, көкөніс өсірумен айналыса бастаған Тұрсын Қалелбек биылғы күзгі жиын-терінде қызанақ, қияр, бұрыш, қауын, қарбыздан мол өнім алып, оларын сатып, әжептәуір табыс түсіріпті. Қара күздің соңына қарай жинап алған 20 тоннадай Пекинқырыққабатын Тұрсын көлікке тиеп, Өскемен жаққа сатуға алып кетіпті. Үйдегі жұбайы Таңгүл тек отырмай, қалған қырыққабатты шаһар ішінде саудалап жатыр екен. Келісі 150 теңге тұратын қытай қырыққабатын шағын шаһарда ала қоятын адам көп болмағанымен, басқа жақта пышақ үстінен сатылып кететін көрінеді.
– Суды Ертістен бері қарай тартып алып отырмыз. Үш гектар жеріміз бар. Тыңайтып, алма-кезек салып келеміз. Көкөніс өсірумен айналысып келе жатқанымызға бес жыл болды. Табысымыз отбасымызға артығымен жетіп келеді. Жолдасым Тұрсынның жоспарлап жүрген басқа да шаруалары бар. Құдай қаласа, келесі келгендеріңізде оларды да ұялмай көрсететін боламыз, -дейді Таңгүл.
Шаһардың оралмандар шоғырланған ықшам ауданындағы көпқабатты үйде тұрып жатқан олардың көктем мен жаздағы көп уақыты бақшалық басында өтеді екен. Сары күзде сол еңбектерінің нәтижесін көріп,міне, нәпақаларын тауып отыр.Ағаның көршісі Бақыт деген жігіт несиеге ірі қара сатып алып, ферма салып, мал шаруашылығымен айналысып жатқан көрінеді. Мал фермасы қаладан қашықтау болғандықтан, бара алмай кеттік.
Оразхан ағаның өзі де шаруаның қай-қайсын болмасын жат көріп тұрған жоқ. Бірер жыл бұрыншаһарда арнайы тіркеліп, патентін алып, зырылдатып, әрі-бері кісі тасып таксист болып жұмыс істепті. Қазір егіншілікпен, мал өсірумен шұғылданып жүрген ағайындарының оны-мұны шаруасына көмектесіп, қолғабысын тигізуде.Ағаның ержетіп, бойжетіп отырған үш баласының екеуі Курчатовтағы мектепте мұғалім болып істеп жүр.
-Әкем Қазез Қожахметұлы 1918жылы Күршім ауданының Қойтасжағында туған екен. Нәубет кезінде 32-ші жылдары арғы бетке өтіп кеткен. Қазір атажұртқа келген соң, ажырап қалған туыстарымыздың бәрін таптық. Қазір бұл жақта ұлы әкелеріммен -Қазез әкемнің әкесімен бірге туысқан інісінің ұлы Құрмантай бар. Ағамыз арқылы қалған туыстардың бәрін тауып алдым. Қазақстанда әкемнің ағасының жалғыз қызы бар екен. Маралдыда тұрады. Сол алмағайып замандағы аласапыран көш кезінде біздің әулеттің Әдия деген кішкентай қызы шекарадан өте алмай орта жолда қалып қойыпты. Кері қайтқанда шақайына дейін жыртылып, Қойтас жаққа үш ай дегенде әрең жеткен екен. Сол Әдияның қызы Мая қазір тірі, осы жақта тұрады. Осы әңгіменің, көштің жол бойы көрген қасіретінің бәрін сол кісінің қызы Маяның аузынан естідік елге келгенде,–дейді арғы беттегі туғандары мен бұл жақтағы туғандарының бір ғасырға жуық уақыттан соң бір-бірімен табысуына дәнекер болғанынқуана отырып, күрсіне отырып айтқан Оразхан Қазез.
Зайсанның арғы жағындағы Сауыр тауының көсілген сілемдері ол жақта Оразхан ағаның мыңғыртып мал жайғанкең жайлауы болыпты. Өрісіне малы сыймай жатқан жайлауын тастап, ат жұртқа көшіп келіп, Курчатовта тұрып жатыр. Тәубе. Қала ма, дала ма, шаһар ма, шөл ме, бәрібір ол – Оразхан аға үшін аңсап келген туған жерінің бір пұшпағы, Қазақстаны. Қандастарымыз келгелі бір кездері құпия болып, аждаҺаның апаны саналып келген шағын шаһар қазақыланып, мектебіне қарадомалақ оқушылар толып, көшеге де ұлттық реңк кіре бастапты. Бұрын шаһарда 200-ге жуық оралман отбасы болған, қазір қайтсе де бір 130 отбасы бармыз,дейді аға. Олардың бәрі қолдарынан келгенше еңбек етіп, жұмыс істеп, қатарларынан қалыспауда. Иә, Оразхан ағаның өзі айтқандай, олар Курчатовпен, Курчатов олармен жасап, жаңарып,өркендеп жатыр.
Жанаргүл Мұқатай