Курчатовта коммуналдық қызмет жоқ

Курчатовтың абаттандырылуы сын көтермейді. Бұл туралы шаһарға жасаған жұмыс сапары барысында облыс əкімі Даниал Ахметов мəлім етті.
Айта кетейік, бүгінде Курчатов қаласында өз коммуналдық қызметі жоқ. Жоспар бойынша бұл жұмысты бизнес құрылымдары атқаруы тиіс болатын. Алайда кəсіпкерлер шаһарды абаттандыруға құлықсыздық танытуда. Нəтижесінде соңғы екі жылда аталған мәселеге қатысты өткізілген тендерлерді ешкім ұтпаған. Аймақ басшысы бұған нүкте қоятын кез келгенін айтты.
– Жылына төрт тендерге дейін өткізіледі екен, бірақ бірде-бірі аяғына дейін жетпейді. Өкінішке қарай, бизнес абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мүдделі болмай тұр. Сол себепті, қалада коммуналдық қызмет құру жағын ойластыруымыз қажет. Курчатов бүгінгі тоз-тозы шыққан қала кейпінен арылуы тиіс, – деді облыс əкімі.
Аймақ басшысы қаланы аралау барысында көшелер мен аулалардың абаттандырылуын қатты сынға алды. Оның айтуынша, шаһар Ұлттық яролық орталық пен бұрынғы Семей полигонының жақын орналасуына байланысты зор туристік əлеуетке ие. Сол себепті, қаланың қақ ортасындағы қоқыс үйінділерінен тезірек арылу қажет.
– Қалалық əкімдік мамандары биыл Курчатовтағы 32 ауланың 15-ін қалпына келтіру жоспарланғанын айтты. Бұл мақсатқа шамамен 100 миллион теңге жұмсалмақ екен. Менің ойымша, мұндай жұмысты барлық аулада жүргізу қажет. Керек болса, бұған тағы 100 миллион теңге бөлеміз. Тек аулаларды тезірек жөнге келтіріңіздер. Облыс орталығынан қосымша жұмыс күшін жіберуге де дайынбыз, – деген аймақ басшысы Курчатовта төрт жыл бойы қаңырап, бос тұрған 64 пəтерлік тұрғын үйді жөндеу жұмыстарымен де танысты.
– Пәтерлердің сапасы жаман емес сияқты. Бағасы да үлкен қалалардағыдай шаршы метріне 220 мың теңгеден емес, әлдеқайда арзанырақ. Ендігі мәселе, пәтер кілттеріне кімдер ие болатындығында. Бұл үйден бірінші кезекте мұғалімдер, дəрігерлер мен басқа да әлеуметтік сала мамандары баспана алуы тиіс. Бір ғана шарт бар, адамдар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары болуы керек, – деген Даниал Ахметов қала әкімі Алексей Глазинскийге бұл жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Шаһар басшысы бүгінде Курчатовта баспана алу кезегінде тұрған 13 дәрігер мен 47 мұғалім бар екенін айтып, жөндеуден өткен үйдің пәтерлеріне осы мамандар ие болатынын жеткізді. Ал аймақ басшысы қаладағы баспана мәселесін алдағы 1,5-2 жылда толық шешуді тапсырды.
Облыс әкімі қалада салынып жатқан жабық бассейннің сапасына жоғары баға берді. Айта кетейік, алдағы уақытта Курчатов қаласында жаңа бассейн пайдалануға берілмек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан спорттық нысанның құны шамамен 117 миллион теңгені құрапты. Облыс əкімі бұл өте тиімді баға екенін айтты.
– Əдетте мұндай бассейндердің құрылысына үш есе көп қаражат жұмсалады. Сондықтан бұл тамаша жоба екенін айтқым келеді. Нысанның сапасы да ойдағыдай. Мердігер компания келіссе, біз дəл осындай тағы алты бассейнге тапсырыс беруге дайынбыз. Мұндай спорттық нысандар облысымыздың өзге елді мекендерінде де бой көтеруі тиіс. Неге десеңіз, жобаның құны ақылға қонымды. Негізі, осы тəріздес бассейндердің құрылысына шамамен 300 миллиондай теңге кетеді, – деді облыс əкімі нысанды аралау барысында.
Осы ретте Курчатовтағы жүзу бассейнінің ұзындығы – 25, ені – сегіз, ал тереңдігі 1,6 метрді құрайтынын айтқан абзал. Спорттық ғимараттың құрылыс жұмыстарына зайсандық «BuildupCompany» компаниясы жауапты екен.
Сондай-ақ облыс əкімі Курчатовтағы №4 қазандыққа барып, жылыту маусымының қорытындыларымен танысты. Аймақ басшысы жөндеуді қажет ететін қазандықтың жағдайын өз көзімен көріп, нысанды қайта жаңғырту жөніндегі жобаға бірқатар өзгеріс енгізді.
Облыс əкімі Даниал Ахметов Курчатов қаласына сапарын жергілікті халық арасында «Берия үйі» деп аталып жүрген ғимаратқа барумен аяқтады. Қазір бұл жерде православ шіркеуі орналасқан екен.
– Кезінде бұл адамның кесірінен мыңдаған жазықсыз жан ату жазасына кесілген. Боздақтардың арасында жерлестеріміз де көп болған. Осыншама қайғы-қасірет əкелген кісінің үйінде бүгінде шіркеудің орналасуы бекер емес. Мен мұны жаңғырудың, жаңаланудың нышаны деп білемін, – деді облыс əкімі.
Жергілікті тұрғындардың айтуына сенсек, бұл үйде кезінде сталиндік репрессияларды жүзеге асырушы Лаврентий Берияның өзі тұрыпты.
Нұржан Кенжеұлы