Қоғам

Курчатовта қазақ мектебі салынады

Курчатовта қазақ мектебі салынады
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Курчатов қаласы әкімінің ел алдындағы есептік кездесуіне қатысып, бірнеше нысанның жұмысымен танысты.
Әуелі өткен жылдың соңында қолданысқа берілген локомотив депосына бас сұққан аймақ басшысы нысанның жұмысымен танысып, қалыпты баға берді. Курчатовтың халқына Қаражыра кенішінен көмір таситын «Балапан көлігі» ЖШС өз иелігіндегі вагондар мен тепловоздарды техникалық жабдықтап, жөндеуден өткізетін депо құрылысына екі жыл уақыт жұмсаған.
Депо ашылғалы 28 адам жұмыспен қамтылған. Орташа еңбекақылары 70 мың теңгенің көлемінде. Қолданысқа берілгеніне көп уақыт өтпесе де, қолда бар вагонның барлығы ағымдық жөндеуден өткен. Енді оларды біртіндеп толық жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан кейін облыс басшысының назарына «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамына қарасты радиациялық стерилиздеу кешені ұсынылды. ИЛУ-10 өндіріс үдеткішінің базасында салынған бұл кешен өткен жылдың желтоқсанында қолданысқа берілген. Әзірше мұнда көбінесе тәжірибелер жасалуда. Кешен жұмысы аздаған мөлшердегі радиацияның әсерімен тағам өнімдері мен медицинада жалғыз рет қолданылатын құралдарды стерилиздеуге негізделген. Радиациялық стерилизденген тағам ұзақ сақталады. Айталық, адам ағзасына зиянсыз мөлшерде радиациялық сәулені бойына сіңірген картоп көгермей, шірімей, қалаған уақытыңызға дейін бастапқы күйін сақтай береді. Кешеннің қуаты жылына 137 млн. данадан астам өнімді стерилиздеуге мүмкіндік береді. Әлемнің 70-тен астам елі бұл технологияның қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, өндіріске қолдануда. Мұнда электр кабельдерін де радиациялық технология бойынша өндіру жоспарланып отыр. Жылына төрт мың шақырым кабель дайындауға әлеуетті технологияның өніміне сұраныс та баршылық. Көршілес Қарағанды, Павлодар облысының жетекші кәсіпорындары тапсырыс бере бастаған. Кешенде, сондай-ақ, құбырларды жылу өткізбейтін жабындармен қаптаудың ерекше технологиясы қолданылуда. Өнеркәсіптік пайдалану орталығының басшысы Павел Кривцов жылу өткізбейтін арнайы лентаның облыс бойынша баламасы жоқ екенін айтады. Ядролық технология паркінің өкілдері кешеннің өнімдеріне сұраныс көп болғанымен жұмысты жандандырып, өндірісті жолға салуға ұйымдастырушылық кедергілер бөгет болып отырғанын айтып, аймақ басшысынан осы мәселеге ықпал етуді сұрады. Облыс басшысы бұл мәселені ұлттық ядролық орталық басшыларымен бірлесе қарастыратынын айтты.
Курчатовта қаңырап қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру ісі жанданып келеді. «Үркер Восток» ЖШС 64 пәтерлік тұрғын үйді қалпына келтіру үшін 200,5 млн. теңге жұмсаған. 48 екі бөлмелі, 16 бір бөлмелі пәтер заман талабына сай жөнделіп, қолданысқа берілген. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға қарқын қосу керектігін айтты. Ол, сондай-ақ, жуықта жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген қалалық әкімдіктің ғимаратымен, ондағы қызметкерлерге жасалған жағдаймен танысты.
Облыс Әкімі Ұлттық ядролық орталық басшылығымен және жауапты қызметкерлерімен кездесіп, арнайы жиын өткізді. Жиын барысында орталықты дамыту, озық технологияларды енгізу және осы мәселелерге қатысты қызметкерлердің міндеттері жан-жақты талқыланды.
Қала әкімі Димитрий Гариковтың есеп беру кездесуіне жиналған әлеумет жол сапасы, қаланы абаттандыру, шағын несиенің шарттары сынды мәселелер бойынша сауалдар қойды.
Димитрий Гариковтың сөзіне сенсек, қаладағы кәсіпорындар 2 млрд. 322 млн. теңгенің өнімін өндірген. Ал негізгі капиталға 1,8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Облыс Әкімінің тапсырмасына сәйкес, Бесқарағай ауданының аумағынан 4700 гектар жер алынып, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша қоныс аударған ағайындарға шаруашылық құруға үлестірілген. Жерге қоса \”Жұмыспен қамту-2020» бағдраламасы бойынша несие алған 11 отбасы бүгінде өз шаруа қожалықтарын құрып отыр. Жыл бойында бұдан өзге сегіз азамат 24 млн. теңгенің шағын несиесін алып, өз кәсібін ашқан. Семей ядролық полигонының орнындағы жерлерді шаруашылыққа қайтару ісі де біртіндеп оңды шешім тауып келеді.
Ал биыл Абай және Школьная көшелерінен үш бірдей 60 пәтерлі үйді инвесторлардың көмегімен қалпына келтіру жоспарланып отыр. Радиоактивті қалдықтарды өңдеу және сақтау орталығын құру, 600 орындық қазақ мектебін салу сынды сүйекті жобалар моноқаланың тұрмысын тіктей түсетінін айтқан қала басшысы өткен жылы қолданысқа берілген екі балабақшаның бірі қазақша тәрбие беретінін де атап көрсетті.
Курчатовтықтарды интернет жылдамдығының мардымсыздығы мен жергілікті телеарнаның көрсетілім сапасы да мазалайтыны осы жиында белгілі болды. Ғаламтордың жылдамдығын арттыру мақсатында «Мегалайн» жүйесіне балама жолдар қарастырылып жатқанын айтқан қала әкімі жергілікті телеарнаның сапасын арттыруды қолға алатынын жеткізді. Қалаға қойылған түрлі мүсіндердің келбеті мен зираттың жағдайына сын айтушылар да болды. Қалаға жаңа стадион салу ұсынысын қолдаған қала басшысы оның құрылысына сметалық-жобалық құжаттар дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Ал «Нұрлы көш» бағдарламасының қатысушылары қолға алған шаруашылықтарын кеңейту үшін қосымша жер сұрап, субсидия алудың шарттары жөнінде сауал қойды. Облыс Әкімі бұған дейін бағдарлама аясында берілген 4700 гектар жерге талдау жасалмайынша, ешкімге жер берілмейтінін, қосымша телім алғысы келетіндерге сол талдаудың нәтижесіне сәйкес жер берілетінін түсіндірді.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қолдауға тұрарлық екенін айта келе, негізгі дегендеріне қысқаша тоқталып өтті.
-Курчатовтың әлеуеті орасан. Ядролық технологиялар паркінің заманауи технологияларды қалайша дамытып жатқанын көрдік. Біз бұл шаһарды жайдан-жай моноқалалар қатарына кіргізген жоқпыз. Әзірге Курчатовты ғылым қалашығы ету мәселесі басы ашық күйінде қалып отырғанымен, оңды шешімге қол жеткізуге тиіспіз. Қала дамуының негізі шағын және орта бизнеске тәуелді. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану қажет. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында өткен жылы 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл шаһар өзен бойында, теміржол торабында орналасқандықтан бизнеске аса қолайлы. Семей полигонына тиесілі болған жерлерді жыл сайын 3-4 мың гектардан шаруашылыққа бағыттайтын боламыз.
Кезінде қараусыз қалған көпқабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру ісін жылдамдату қажет. Дәл қазіргі қарқынмен жүре берсек, бұл іс ұзаққа созылып кету мүмкін, – деген ол қала басшылығы бөлінген қаржыны тиісінше игере алмай отырғанын сынға алды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button