Курчатов жұрты Астананың жеңісін қуанышпен қарсы алды
Курчатов қаласында Астананың халықаралық EXPO-2017 көрмесін өткізу орталығы болып таңдалуына байланысты митинг өтті.
Митингіге 300-ден астам адам қатысты. Курчатов қаласының тұрғындары маңызы зор халықаралық көрмені өткізу жолындағы бәсекеде Қазақстанның жеңіске жетуін қуанышпен қарсы алды. Бұл жеңіс еліміздің өз идеяларын жүзеге асырып, ел экономикасының ілгері дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне айтарлықтай ықпал етпек. Сонымен қатар баламалы қуат көздерін енгізу әлемнің табиғи қорларын сақтауға да мүмкіндік бермек.
Митингіде сөз сөйлегендердің барлығы да халықаралық EXPO-2017 көрмесін біздің елде өткізу туралы әлемдік қауымдастықтың шешімі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарын мойындағаны екенін ерекше атап айтты. Еліміздің тұңғыш Президенті әрі Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ көреген саясатының арқасында мемлекетіміз әлемдік деңгейге көтеріліп, танымалдылығы артты.
Астана біздің Отанымыздың тек қана ғылыми, саяси және экономикалық орталығы ғана емес, халықаралық ынтымақтастықтың да аренасы болып табылады. «Болашақтың энергиясы» көрмесін өткізу біздің елімізді жоғары деңгейге көтеріп, энергияның балама көздерін өндіруге және «жасыл» технологиялардың дамуына серпін бермек.
Ұлттық ядролық орталықтың басым бағыттарының бірі – ғылыми технологияларды дамыту. Орталық мамандары нақты аймақтарда (Оңтүстік Қазақстан облысы) атом станцияларының құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Сондай-ақ, шағын қуатты атом станцияларының құрылысына инвестиция салудың негіздемесі жасалып, Алматы қаласын жылу және қуат көздерімен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін ядролық қуат көздерін пайдалану бойынша техникалық-экономикалық ұсыныстар әзірленді. Іргелі ғылыми-техникалық инфрақұрылымның және жоғары білікті мамандардың болуы көрмеде бұл саладағы жетістіктерді табысты көрсетуге мүмкіндік береді.
Митингінің қорытындысында үндеу қабылданды. Курчатовтықтар барша қазақстандықтарды осынау үлкен жеңіспен құттықтап, EXPO-2017 көрмесін өз дәрежесінде лайықты өткізу үшін Ұлт Көшбасшысының маңына топтасуға шақырады. Олар барлық қазақстандықтарды адал еңбекке шақыра отырып, EXPO-2017 көрмесіне әзірлік шараларына байланысты жұмыстарды іске асыруға үндейді.