Қоғам

Құптарлық шешім

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев  кезектен тыс Президент сайлауы өтетін мерзімді белгілеп, Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Президент сайлауы 20 қарашада өтетін болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына  үндеуінде мұның мән-маңызына тоқталды.  Мұның алдында, қыркүйек айында алда сайлау өтетінін дәстүрлі Жолдауында атап айтқан болатын.

Бұл саяси партияларға 2023 жылы өтетін Парламент сайлауына, 20 қарашада өтетін Президент сайлауына алдын ала дайындалуға, үміткер ұсынуға мүмкіншілік береді. Оның үстіне қазіргі жан-жағымыздағы геосаяси жағдайдың күрделенуі, әртүрлі қақтығыстар жағдайында еліміздің ішкі-сыртқы саясатын бекемдеп, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Президент сайлауының кезектен тыс өтуі құптарлық шешім деп есептеймін.

Қарап отырсақ, 2019 жылдан бері қабылданған саяси реформалар топтамасы кезең-кезеңімен іске асуда. Биыл өткен жалпыхалықтық референдум арқылы барлық саяси билік тармақтарының трансформациясы жүргізілуде. Саяси партияларды тіркеудің жеңілдетілгені, әкімдерді тікелей сайлау, Конституциялық сот құру секілді маңызды қадамдар қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға сеп болары анық. Президент айтқандай, Ата Заңның үштен бірі жаңартылып, қоғамның талап-тілегіне сәйкестендірілді. Басқару жүйесі суперпрезиденттіктен арылуда. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың жан-жақты реформалар мен өзгерістерге толы екендігін атап өтті. Биыл өткен референдум нәтижесі бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар жаңа аралас жүйе арқылы жасақталмақ. Өңірлердің әкімдері де баламалы жолмен таңдалуда.

Осы жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі, Президенттің өкілеттіктері айтарлықтай қысқарған жағдайда өтеді. Президенттің партия мүшесі болуға құқығы жоқ, жеті жылға бір мерзімге ғана сайланады. Президент алдағы жеті жылда қолға алған бастамаларды, саяси-әлеуметтік, экономикалық реформаларды түпкі нәтижесіне жеткізуге мүмкіндік алады. Әділетті Қазақстан бір күнде құрыла салмасы белгілі. Пікір сан түрлі болғанымен, Отанымыз біреу, мүддеміз біреу. Ол – ел тұтастығы, тұрақтылығы. Қалай десек те, Президент, Парламент, Үкімет, мәслихаттар секілді тегеурінді рөлге ие мемлекеттік институттардың қызметіне айтарлықтай реформалар жүргізілуде. Сондықтан Президент Жолдауында нақты бағыттары белгіленіп берілген мақсат-міндеттердің, конституциялық саяси реформалардың іске асуына біркісідей қолдау көрсетуіміз қажет. Жаңа саяси жүйе арқылы мемлекет пен қоғамдағы барлық жаңаруларға жол ашылады. Әрине, уақыт керек, біртіндеп сол кезеңдерге келе жатырмыз.

Мерей Букаев, Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты

Осы айдарда

Back to top button