КәсіпкерлікТОП

Күнгейден көшіп келушілер көбейіп келеді

Азамат Темірбеков

Жұмыс күші басым Түркістаннан Шығысқа келіп бизнес бастаған жас отбасы Өскемен жұртшылығын таңсық тағам түрімен таңдай қақтыртып отыр.

Жұмыс күші басым өңірлерден Шығысқа тартылып жатқан отбасылардың саны жыл санап артып келеді. Жалпы, күнгейдегі жұртты теріскейге аударып, тіршілік қазанын қайта қайнатуды көздеген бұл жоба  еліміздің оңтүстігі мен солтүстігіндегі халық санын тепе-теңдікте ұстауға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама екені сөзсіз.

Халық санын реттейтін жоба

Бұл жобаның басты мақсаты – халық саны тез өсіп, еңбекке жарамды адамдардың жұмыс табуы қиынға соғатын оңтүстік өңірлердің халқын жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге қоныстандыру арқылы жағдайды жөнге салу. Үстіміздегі жылы бастау алғанына жетінші жылдың жүзі болған жұмыс күші тапшы өңірлерге еңбек етуге құлшынысы бар адамдарды тарту бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларына бірнеше ондаған отбасы тартылды.

Аймақтарды жұмыс күшімен қамту, өңірлік және демографиялық жағдайды реттеуге бағытталған іс-шаралар 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ынталандырылып отырады. Ел аумағында 2016 жылдан бергі аралықта қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы аясында облысқа жұмыс күші артық өңірлерден 3598 мүшесі бар 1405 отбасы  көшіп келіп, басым бөлігі, яғни 2178 адам Шығыста тұрақтап қалған. Ал отбасылық, климаттық және қолайсыз экологиялық жағдайларды себеп етіп, басқа өңірлерге кетіп қалғандар саны 596 отбасыны құрайды. Бұл – көшіп келгендердің 39,5 пайызы.

Қоныс аударушылар облысқа негізінен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келеді. Газет редакциясына облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының осыған дейін берген ақпаратына сүйенсек, 2017-2021 жылдар аралығында жұмыс күші артық өңірлерден облысқа қоныс аударған азаматтардың басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінен болған. Атап айтсақ, осы жылдар аралығында Алматы облысынан 1732, Жамбыл облысынан 449, Түркістан облысынан  416, Оңтүстік Қазақстан облысынан 286, Қызылорда облысынан  285, Шымкент қаласынан 142 және Алматы қаласынан 103 адам келген. Бұдан бөлек, Шығысқа Астана қаласынан 110, ал Маңғыстау өңірінен 75 адам тартылған.

Жас отбасылардың мүмкіндігі зор

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда негізінен білім және медицина салаларының білікті кадрларына деген қажеттілік бар. Әсіресе білім саласында педагог-психолог, қазақ, ағылшын тілдері, денешынықтыру, тарих және еңбек пәндері мұғалімдері, медицинада дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің мамандары жетіспейді. Сонымен қатар бухгалтерлердің, тәрбиешілердің, электромонтерлардың, электргазбен дәнекерлеушілердің, бағдарламашылардың сондай-ақ механизаторлар мен мал дәрігерлерінің тапшылығы да байқалады.

Осы себепті, ерікті өңірлік қоныс аударудағы басымдық «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» –  «Серпін-2050» жобасының түлектеріне беріледі. Өйткені мектеп қабырғасынан енді ғана түлеп ұшып, Шығысқа тартылатын жастардың біраз жылда климаттық және әлеуметтік жағдайларға бой үйретіп, тұрақтап қалуларына барлық мүмкіндіктері бар. Жалпы, соңғы бес жыл аралығында «Еңбек» бағдарламасы аясында «Серпін» жобасының 237 түлегі оқуларын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, облыс аумағында тұрақты тұру мақсатында өңірлік қоныс аударуға қатысқан.

Атап айтсақ, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» бағдарламасы шеңберінде өңіраралық қоныс аударуға қатысушылардың қатарын Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Геодезия және картография», «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы», «Құрылыс», «Электр энергетикасы», «Техникалық физика», «Аспап жасау», «Машина жасау» мамандықтары бойынша, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Педагогика және психология», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша, сондай-ақ Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінің «Ветеринария» мамандығы бойынша және Өскемен политехникалық колледжінің «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша түлектері құрайды.

Қазіргі уақытта қоныс аударушылардың басым бөлігі Өскемен, Семей және Риддер қалаларында, сонымен қатар Алтай, Катонқарағай, Жарма және Ұлан аудандарына қоныстанған. Ал әлеуметтік көмек барлық қоныс аударушыларға қоныстану ауданына қарамастан бірдей көрсетіледі. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде жүзеге асырылатындықтан, барлық аудан, қала әкімдіктері бекітілетін квотаны жоспарлы түрде толық орындап отыр.

«Шығыста кәсіп жүргізу әлдеқайда жеңіл»

Жалпы, бүгінде бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп жатқан аумақтың бірі – Өскемен қаласы. Атап айтсақ, осы жылдың басынан бері облыс орталығына еңбек күші басым өңірлер мен жақын шетелдерден жиырма отбасы көшіп келген.

Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері еңбек күші артық өңірлер мен жақын шетелдерден облысымыздың бас шаһарына құрамында 47 мүшесі бар 20 отбасы көшіп келген көрінеді.

Атап айтсақ, Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы сияқты еңбек күші артық өңірлерден тоғыз отбасы қоныс аударса, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей және Қытай сынды елдерден қандастарымыздың 11 отбасы көшіп келген.

Үстіміздегі жылы еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар мен қандастар үшін 46,2 млн теңге бөлінсе, оның  15,6 млн теңгесі қоныс аударуға субсидия түрінде, ал 30,6 млн теңгесі ерікті түрде қоныс аударғандарға тұрғын үй жалдауға бағытталған. Қазіргі уақытта аталған қаражат мақсатты түрде жұмсалып жатқан көрінеді.

Қазір аталмыш бағдарлама бойынша Шығыс өңіріне қоныс аударған бірқатар отбасы мемлекет қолдауын игіліктеріне жаратып, өз істерін бастап кеткен. Осындай отбасылардың бірі – Арайлым Ташмаханның жанұясы.  Бұл отбасы Түркістан  облысына қарасты Төле би ауданынан отбасымен ерікті түрде қоныс аударған. Бір бала тәрбиелеп отырған ол отағасы екеуі өз кәсіптерін ашып, қала тұрғындарына фаст-фуд өнімдерін ұсынып отыр.

– Еңбек күші басым өңірлерден ерікті түрде қоныс аударуға мүмкіндік беретін бағдарлама туралы естіп, отбасымызбен Шығыс Қазақстанға көшуді ұйғардық, – дейді Арайлым Ташмахан. – Бастапқы кезде адам басына екі жүз мың теңгеге жуықтайтын бір реттік көмек қаражатын отбасымыздағы үш адамға алдық. Содан кейін мемлекет тарапынан ай сайын пәтер жалдап тұруға 76 мың теңге мөлшеріндегі қаражат беріліп отыр. Көшіп келген соң шағын үй-жайды жалға алып, тауық қанатшаларын қуырып, сату бизнесін бірден бастап кеттік.

Өздерінің бұл өңірдің суығы мен ыстығына бой үйреткен жандар екенін айтқан Арайлым осыған дейін отағасы екеуі Өскемендегі бір кәсіпкердің осындай фаст-фуд өнімін әзірлейтін цехында жұмыс істегенін атап өтті. Кейін мемлекеттік бағдарламаның игілігін өз күштерімен сынап көруді ұйғарған олар үйренген істе жеке кәсіптерін бастап кеткен.

Оның айтуынша, мұндай өнім дайындау облыста соңғы бірнеше жыл көлемінде ғана бастау алған көрінеді. Дей тұрғанмен, Шығыс жұрты үшін бұл әлі де болса таңсық ас көрінеді. Сол себепті, бұл саланың игерілмеген бағыттары көп. Яғни, жұмыс жүйелі түрде жүргізілсе, кәсіпті қысқа уақыт ішінде дөңгелетіп әкетуге болады.

– Оңтүстікке қарағанда мұнда бәсекелестер аз. Сондықтан бұл бағыттағы бизнесті жүргізу Өскеменде әлдеқайда жеңіл. Бастапқыда конкурс ұйымдастырып, таргет жасау арқылы әлеуметтік желідегі парақшамызды дамыттық. Қазір өзіміздің тұрақты клиенттеріміздің қатары қалыптасып, өнімдерімізді сатып алуды қалайтын жұртшылықтың қатары едәуір өсіп қалды, – дейді Арайлым Ташмахан.

Сапасы осы салада жұмыс істейтін брендтерден кем түспейтін құс қанатшаларын дайындаған соң, жолдасы Әлішер тапсырыс берушінің үйіне дейін жеткізіп берумен айналысады. Әзірге тапсырыс арқылы ғана жұмыстарын жүргізіп отырған жас отбасы болашақта кәсіптерін кеңейтуді де жоспарлап қойған. Яғни, алдағы уақытта олар кішігірім дәмхана ашып, әзірлейтін өнімдерінің қатарын да ұлғайтуды ойластыруда.

 

Осы айдарда

Back to top button