Қоғам

Құнды қағаздар нарығынан табыс табатын кез келді

Айжанат Бақытқызы

Өскеменге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы», «Қазақстан қор биржасы», «Қазпошта», «Product Development» және «SkyBridge Invest» акционерлік қоғамдарының өкілдері келіп, халықтық IPO жобасына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов айтып өткендей, жекешелендірудің қазіргі, яғни бесінші кезеңінде Үкімет кешенді жоспар бекітті. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын қысқарту. Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға және 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы акцияларының 25%, жалпы сомасы 191 млрд теңгенің активі сатылды.

Кешенді жоспарға сәйкес, еліміздегі 30 компания түрлі жолдармен бәсекелес ортаға берілуі тиіс. Мәселен, биылғы қараша айынан бастап 2025 жылға дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Эйр Астана», «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «QazaqGaz» ұлттық компаниясы, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамдарының активтері ашық сатылымға шығады.

30 компания дейтіні – осы аталған ұлттық компаниялардың құрамында бірнеше акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар.

Жеке тұлғаларға басымдық беріледі

IPO – қандай да бір компанияның акцияларын сату үшін көпшілікке бастапқы ұсынуы. Бұл ретте бастапқы сөзі компанияның өз акцияларын биржаға бірінші рет шығаратынын білдіреді.

Халықтық болғандықтан ІРО кезінде сату үшін шығарылатын акциялар бірінші кезекте мемлекеттің тұрғылықты халқына ұсынылады. Әдетте, халықтық ІРО кезінде акцияларының толық немесе бақылау пакетін мемлекет иеленетін кәсіпорындар қатысады.

«Қазақстан қор биржасы» эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс жөніндегі департаменті директорының орынбасары Азиза Серікқызы айтып өткендей, халықтық IPO азаматтарға табысты кәсiпорындардың акцияларына ие болу арқылы пайда табуға, инвесторлардың санын көбейтуге және құнды қағаздар нарығын дамытуға ықпал етеді.

Сарапшылар түсіндіріп өткендей, инвесторлар компанияның пайдасынан дивидендтер түрінде, сондай-ақ егер акциялардың құны өссе, сатып алу бағасы мен сату бағасы арасындағы айырмашылық түрінде табыс таба алады.

– Мұндай инвестициялардың мерзімі шектеусіз. Сіз акцияларды

сақтай аласыз немесе оларды биржада айналыста болған кезде сата аласыз.

Компаниялардың жылдық қорытындысы бойынша аудиторлық есептен кейін акционерлер жиналысы өтеді. Сол жиында қанша таза табыс түсті, оның қанша пайызын дивидендке төлейтіндігі шешіледі. Бұл шамамен, көктем кезі. Алайда акциялар бойынша табыстылық пен инвестициялардың сақталуына кепілдік берілмейді. Өйткені нарық қалай болатынын ешкім білмейді. Акция құны қымбаттауы да, арзандауы да ықтимал, – деді Дәурен Ақшалов.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның IPO жобасын мысалға алсақ, 2018 жылы компанияның 14% акциялар пакеті алғаш рет жария түрде сатылды. Соның нәтижесінде шамамен 450 млн АҚШ доллары тартылған.

2019-2020 жылдары өтінімдерді жедел жинау арқылы «Қазатомөнеркәсіпте» акциялар қайтадан орналастырылды. 2019 жылы 3,8% акциялар пакеті

шығарылып, 128 млн доллар, 2020 жылы 6,28%-ға дейін акциялар шығарылып, 211,6 млн доллар тартылған. Нәтижесінде акционерлік капиталды орналастыру 25%-ға жетті.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның бір жай акциясына шаққандағы

дивиденд мөлшері 2018 жылы 308 теңге болса, 2021 жылы 876 теңгеге артты. Ал акциясының құны 2018 жылы 13 доллар болса, 2021 жылы 35 долларға жетті.

Тамыздағы жағдай бойынша, «ҚазТрансОйл»-да акцияны орналастыру бағасы 725 теңге, «KEGOC» компаниясында 505 теңге, «Қазатомөнеркәсіпте» 4323 теңге болды.

Бағалы қағаздар нарығында тәуекелдер де жоқ емес. Мәселен, компанияның банкроттық тәуекелі, инфляциялық және саяси тәуекелдер болуы мүмкін.

Жекешелендіру аясындағы IPO-ға Қазақстан азаматтарымен қатар халықаралық инвесторлар да акционер бола алады. Инвестицияның сомасына шектеу жоқ. Дегенмен, акцияларды сатып алуда жеке тұлғаларға басымдық беріледі.

IPO-ға қатысу үшін не істеу керек?

IPO-ға қатысу үшін бағалы қағаздарды сатып алу әдісін таңдау қажет. Брокерлік компания арқылы немесе «Қазпошта» бөлімі арқылы. Брокерсіз акцияларды сатып алу және сату мүмкін емес, өйткені олардың арнайы мемлекеттік лицензиясы бар.

Бағалы қағаздарды AIX қор биржасы әзірлеген Tabys мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бірақ Tabys қосымшасы биржалық саудаға қол жеткізуді қамтамасыз етпейді. Сондықтан акцияларды одан әрі сатып алу-сату үшін брокерлік шот ашу қажет.

Ол үшін ең алдымен брокерлік компанияны таңдау керек. Брокерлік компания – инвестордың атынан және оның тапсырмасы бойынша сауда операцияларын жүргізетін, биржа мен инвестор арасындағы кәсіби делдал. Лицензияланған брокерлерді  KASE және AIX ресми сайттарынан таңдауға болады.

Одан кейін брокермен шарт жасасу және брокерлік шотты ашу қажет.

Брокерлік шот –  бұл бағалы қағаздар мен ақшаны сақтауға арналған шот. Бұл шотқа бағалы қағаздарды сатып алатын қаражат, ал кейіннен дивидендтер мен бағалы қағаздарды сатудан түскен ақша қаражаты түсіп отырады.

Болашақ инвестор кез келген банктегі өзінің ағымдағы шотынан брокерлік шотқа ақша қаражатын аударған соң акциялардың санын көрсете отырып, сатып алуға өтінім береді.

Айта кетсек, қазір елімізде 400 мыңнан астам брокерлік шот ашылған. Бұл халықтың қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқандығын байқатады. Өскеменде қазір халықтық IPO жобасымен «Қазпошта» және «SkyBridge Invest», «Freedom broker», «Halyk Finance», «BCC Invest» айналысады.

             Ең белсенді брокерлік компания қайсы?

–  «Қазпошта» акционерлік қоғамы – 2000 жылдан бастап бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы. Нақтылы ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік, дилерлік қызметті және трансфер-агенттік қызметті жүзеге асырады. Біз ұсынатын негізгі қызметтер –  шоттарды ашу және жүргізу, сондай-ақ клиенттердің тапсырмасы бойынша қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу, – ейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлназ Маратқызы.

«Қазпошта» бірінші және екінші халықтық IPO-ны іске асыру кезінде негізгі брокер болып 34 мыңнан астам өтінім қабылдаған.

Пошта желісінің арқасында IPO-ға қатысу тек қала тұрғындарына емес, ауыл тұрғындарына да қолжетімді. Биыл акцияларды тікелей жазылым арқылы сату республиканың 1 170 бөлімшесінде қолжетімді болады.

IPO-ға Шығыс Қазақстан облысында 72 пошта бөлімшесі, Абай облысында 69 пошта бөлімшесі тартылады.

«Қазпошта» өкілінің айтуынша, пошта бөлімшелерінде акцияларды екі тәсілмен сатып алуға болады – брокерлік шот ашу арқылы және брокерлік шотты ашпай-ақ. Брокерлік шот ашумен акцияларды сатып алғанда шотты пошта бөлімшесінде немесе post.kz сайтында «Инвестициялар» бөлімінде  онлайн ашуға болады. Бұдан әрі брокерлік шотқа ақша аударып, «Қазпошта» операторы арқылы немесе «Интернет трейдинг» платформасында құнды қағаздарды сатып алуға өтінім беру қажет.

Акцияларды сатып алуға өтініш берудің екінші жолы – брокерлік шот ашпай-ақ тікелей жазылу. Ол үшін «Қазпошта» бөлімшесіне барып, акцияларды сатып алуға ақша аудару керек. Алайда IPO мәмілесі аяқталғаннан кейін, одан әрі қызмет көрсету үшін (акцияларды сату, дивидендтер алу) брокерлік шот ашу қажет болады.

Акцияларға тікелей жазылымды пошта бөлімшелерінде рәсімдеу үшін жеке куәлік және акцияларды сатып алатын қаражат болуы керек. Тікелей жазылым қызметі үшін «Қазпошта» комиссиясы соманың 1%-ын құрайды, ол кемінде 300 теңге.

Қосымша ақпаратты 1499 нөмірі бойынша Колл орталықтан немесе post.kz сайтынан алуға болады.

Алаяқтардан сақ болыңыз

Соңғы жылдары ел тұрғындары 240 млрд теңгені алаяқтарға алданып, салып жіберген. Оның ішінде несие алып, күмәнді шоттарға салып жібергендер де көп. Интернет алаяқтар негізінен осындай халықтық жобаларды пайдаланып, «Мен банк қызметкерімін немесе брокерлік компания қызметкерімін. Ақшаңызды көбейтіп беремін» деген сияқты желеумен телефон шалады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде де ондай жарнамалар көптеп кездеседі. Әлеуметтік желілерде тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін пайдаланған жарнамалар да жүр. Олар да алаяқтардың жалған жарнамасы.

Олар тіпті біздің елімізде емес, ресейлік алаяқтар да болуы мүмкін. Сондықтан халық тек тексерілген, ресми сайттарға ғана кіруі керек.

Мысалы, KASE, AIX ресми сайттарында лицензиясы бар барлық брокерлердің тізімі жасалған. Брокерлік шот ашу жайлы келісімдерді тек лицензиясы бар компаниялармен ғана жасасу керек.

 «Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев                                                            

Осы айдарда

Back to top button