КҮНБАҒЫС МАЙЫНЫҢ БАҒАСЫ ТҰРАҚТАЛАДЫ
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Барлық азық-түлікпен бірге шарықтап бара жатқан күнбағыс майының бағасы тұрақталатын болды. Еліміздегі сыртқы сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия күнбағыс тұқымына шикізат құнының 20% мөлшерінде (тоннасына кемінде 100 еуро мөлшерінде) экспорттық баж салығын енгізу туралы шешім қабылдады. Майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының мәліметтері бойынша бұл шара 2023 жылдың 31 тамызына дейін созылуы мүмкін. Дегенмен шығыстағы күнбағыс дақылын өсіруші шаруалар елдің қамы үшін жасалып отырған бұл шешімнің өздерін аяқтан шалып, кәсіптерін шектеуі мүмкін екенін айтып, алаңдаулы.
Күнбағыс тұқымын экспорттауға енгізіліп отырған баж салығы аталған өнімге қатысты әлемдік нарықтағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда Орта Азия нарығында, Қазақстанды есептемегенде, күнбағыс тұқымының тапшылығы 550 мың тоннадан асқан. Қазір бұл елдер үшін, сондай-ақ Қытай, Ауғанстан үшін шикізаттың жалғыз көзі Қазақстан ғана. Өйткені Ресейде күнбағыс тұқымына 50 пайыз мөлшерінде (бір тоннасы $320-дан кем емес) экспорттық баж cалығы бар, ал Қырғызстанда күнбағысты сыртқа әкетуге 2023 жылдың 10 мамырына дейін толық тыйым салынған.
«Мысалы, Украинада егіс алқаптарын, егін жинауды, сондай-ақ күнбағыс жинау проблемаларын қысқартумен қатар, қайта өңдеудің -50%-ға дейін төмендеуі, соның ішінде соғыс жағдайында туындаған энергетикалық дағдарысқа байланысты айтарлықтай төмендеуі ықтимал. Ресейде қолайсыз ауа райы жағдайлары егін жинау жұмыстарын кешіктірді. Мәселен, Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, былтырғы қараша айының соңында күнбағыс тұқымының жиналмаған ауданы шамамен 2,5 млн гектар болған және жалпы жинау бағасы айтарлықтай төмендеген (-1 млн тоннадан астам). Мұндай жағдай ЕО елдерінде де қалыптасты (-1,26 млн тонна)», – деп түсіндіреді күнбағыс нарығындағы бүгінгі жағдайды Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығы.
Қазақстандық ішкі нарыққа келсек, майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының болжауынша, енгізілген экспорттық баж күнбағыс майы бағасының тұрақталуымен бірге күнбағыс майы өндірісінің өсуіне ықпал етпек.
«Бұл отандық нарықты май өнімі бағасының күрт өсуінен қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қайта өңделген өнімді сатудан Қазақстан шикізатты сатумен салыстырғанда валюталық түсімді 38%-ға артық алады», – деп есептейді қауымдастықта.
Күнбағыс майының құнына келетін болсақ, енді күнбағыс майының сату бағасы (өндірушіден жеткізу шарттарында қосылған құн салығы есебімен) бір литрі үшін 750 теңгеден аспауы тиіс. Экспорттық баж салығы бекітіліп, қат өнімнің өзімізде қалуына алғышарттар жасалды делінгенімен, жергілікті жерде, елде күнбағыс майы бағасының бұл сомадан асып кетпеуіне қандай кепілдік бар? Бүгінгі күні Өскемендегі ірі өндіруші «Өскемен май зауыты» ЖШС-да өндірілген күнбағыс майы өнімдері қаланың толайым сауда орындарында литрі 830-850 теңгеден сатылып жатыр. Еліміздің сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап күнбағыс майын өндірушілер ауыл шаруашылығы министрлігімен бір литр майдың бағасы 750 теңгеден аспайтыны туралы меморандумға қол қояды. Бұған дейін ол күнбағыс дақылына экспорттық кедендік баж салығын салу туралы шешім осы шикізаттың шетелге көптеп сатылып кетуі қаупіне байланысты қабылданғанын хабарлаған болатын.
Былтырғы 30 қыркүйекте елімізде күнбағыс тұқымын әкетуге арналған экспорттық квоталардың қолданылу мерзімі аяқталып, қазан айында Қазақстандағы ведомствоаралық комиссияда валютадағы баждың ең төменгі шекті мөлшерін одан әрі есептей отырып күнбағыс тұқымына 20% мөлшерінде экспорттық баж салығын енгізуді қарастыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар қауымдастық егер валютадағы баждың ең төменгі сомасы дұрыс есептелмесе, бұл осы тауардың өткір тапшылығына байланысты қазақстандық күнбағыстың Орта Азия елдеріне жөнелтілуіне әкелетіні туралы хабарлаған болатын.
ШЫҒЫСТАҒЫ ШАРУАЛАР АЛАҢДАУЛЫ
Облыстағы күнбағыс өсіруші шаруашылық иелерінің еліміздегі сыртқы сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның күнбағыс тұқымына шикізат құнының 20% мөлшерінде экспорттық баж салығын енгізу туралы шешіміне қатысты пікірлері екіұдай.
Өңірде күнбағыс дақылын өсіріп отырған ірі шаруашылықтың басшысы Фарид Абитаевтың пікірінше, аталған шешімнің ережесінде тұқымға арналған күнбағыс, тауарлы күнбағыс деген екеуінің аражігін ажырататындай анықтама, түсінік жоқ, яғни, баж салығының күнбағыс тұқымына да қатысы бар. Бұл жайт шектеу шараларын енгізу негіздеріне қарама-қайшы келіп тұр.
Сыртқы сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия елімізде күнбағыс майы өндірісінің көлемін ұлғайта отырып, оның бағасын ұстап тұру мақсатында күнбағыс дақылын экспорттауға баж салығын енгізу туралы шешім қабылдады. Бірақ тұқымдық материалға бұл шара жүрмейді, қолданылмайды. Алайда баж салығын енгізудің ережесінде бұл туралы нақты ажыратылып белгіленбеген. Күнбағыс тұқымының материалдарын экспорттайтын шаруашылықтар тұқымдық күнбағысқа да 20 пайыз мөлшерінде экспорттық баж салығын төлеуге мәжбүр, – дейді «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС басшысы Фарид Абитаев.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында аймақ шаруалары күнбағыс дақылына салынатын экспорттық бажға қатысты мәселелерді көтеріп, өздерін алаңдатып отырған жайттарды жеткізді. Аймақ фермерлері кедендік салықтан, күнбағысты экспорттаудан түскен қаржы күнбағысты өңдеуге өткізушілерге субсидия түрінде қайтарылуы тиіс деп санайды. Енгізіліп отырған шара сонда ғана оң әсерін тигізіп, көздеген мақсаттарға жеткізбек.
Шаруалардың айтуынша, ережеде нарықтағы жағдайдың өзгеруіне, нарық конъюнктураларына байланысты баж салығы мөлшерін төмендету мәселелері қарастырылмаған. Мысалы, егін жинау кезінде экспорттық баж салығы шекті мөлшерде 20 пайыз көлемінде болып, нарықта тауар көлемі азая түсетін келесі маусымда, қаңтардан қыркүйек айына дейін төмендетілуі тиіс. Сонымен қатар шаруалар енгізіліп отырған шараның көздеген мақсатқа жеткізуі үшін күнбағыс майын өндіретін қайта өңдеушілердің күнбағысты сатып алу бағасын тұрақтандыратындай тетіктер енгізу керек деп есептейді.
– Өйткені күнбағыс майын өндірушілер өнімді сатып аларда түрлі себептер келтіріп, уәждер айтып, бағаны түсірткісі келеді. Фермерлер үшін, әрине бұл тиімді емес. Сондықтан олар амалсыздан өз шаруашылықтарын, өндірістерін сақтап қалудың басқа жолдарын іздейді, – дейді Фарид Абитаев.
Фермерлер ауыл шаруашылығының онсыз да ауыр жолы қиындап, шаруамыз шатқаяқтамаса екен дейді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жиналған аймақ фермерлерінің ұсыныстары «Атамекен» ҰКП-ның тамақ өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешені департаменті мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды.
Қазақстанда күнбағыс алқабы былтыр 1 млн гектарға дейін ұлғайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде күнбағыс майын өндіру көлемі өсіп келеді. Былтырғы қыркүйекте ел кәсіпорындары 352,3 мың тонна күнбағыс майын шығарды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 46,3%-ға артық. Отандық күнбағыс майының бір бөлігі экспортқа шығарылады. Өткен 2022 жылдың басынан бастап шетелге 173,1 мың тонна өнім сатылған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп.