Қоғам

 КҮМӘН КЕЛТІРСЕҢІЗ, ХАБАРЛАҢЫЗ!

 Облыстағы экономикалық тергеу департаментінің бас криминалисі Клара Ғайсина соңғы кезде облыста қолдан жасалған жалған ақшалардың, әсіресе «жартылай ақшалардың» таралып жатқаны байқалып отырғанын айтады.

«Жартылай ақшалар» деген жаңа атауға ие болған жалған ақшалар көбінесе 2000 теңгеліктерден анықталған. Жалған ақшаны жасаушылар түпнұсқадағы 2000 теңгелік купюраны тура ортасынан екіге бөліп, бөлінген ақшаның жартысын принтерде басылып шығарылған жалған ақшаның жартысына желімдейді. Осылайша, жалған ақша жасаушылар нағыз ақшаның жартысына желімделген жалған ақшаны түпнұсқадағы жағымен терминалға салып, діттеген ойына жетеді.

– Бірақ қазіргі күні барлық терминалдар мұндай «айлакерліктен» жан-жақты қорғалған. Дегенмен  ультракүлгін лампалары бар сатушылардың өздері де кейде банкноттың жарты бөлігін ғана тексеріп қоя салады. Сол тексерілген жағы ғана түпнұсқа болып, ал екінші жағы қолдан жасалған болып шығуы  мүмкін.  Қараған адамның көзіне түпнұсқа  мен жалған ақшаның жалғасқан жері, тігісі көріне қоймайды, алайда оны ақшаның әртүрлі серияларынан, сандарынан анық аңғаруға болады,– дейді сарапшы.

Аймақ кәсіпкерлері палатасы мен Экономикалық тергеу департаментінің «Адал бизнес» бірлескен жобасы аясында өткен вебинар кездесуде сарапшы Клара Ғайсина қылмыскерлер әдетте жалған ақшаларды дүкендерге, көшедегі павильондарға, ЖҚС-тарға, кішкене дүңгіршектерге өткізіп жіберуге тырысатынын айтты. Жаңа технологиялардың келуі, полиграфиялық техникалардың молайып, қол жетімді болуы елімізде жалған ақшаның көбейуіне түрткі болып отыр. Алайда экстра класты жоғары  сапалы  жалған ақшаны жасап шығаруға аса қымбат құрал-жабдық қажет. Жалған теңгелердің банкке өткізілуі жағдайы тіркелмеген.

Жиі кездесетін 2000, 5000 теңгелік жалған ақшалар негізінен компьютерлік техникалардың көмегімен, жылжымалы реактивті принтерлерде, офсеттік қағаздарға басып шығарылатын көрінеді. Мұндай ақшаларға мұқият қараған адам оның жалған екенін бірден байқай алады. Ультракүлгін лампамен қарағанда жалған ақшада қанық көгілдір түс жарқырап, жалтырап көрініп тұрады.

Жалған ақшаны айыру үшін ең әуелі банкнотты ұстап түпнұсқаның қорғаныш элементтерін сезіну қажет. Банкнот қағазы ерекше шытырлайды. Барлық банкноттардың төменгі жағында көзі нашар көретіндерге арналған белгілер бар, олар ұстап көргенде жақсы ажыратылатын жоғары бедерлі элементтер. Банкнотты жарыққа қаратқанда аңыздағы самұрық құсы түріндегі су белгісі және ақшаның номиналдық сандық белгісі көрінеді. 2000, 5000 теңгеліктердің сырт жағында галографиялық жолақ бар, голограммадағы суреттер жарқырайды және динамикалық әсері бар.

  • Егер сіздің қолыңызға күмәнді теңге түссе оны бір жерге өткізуге, дүкенге барып сауда жасауға тырыспаңыз. Жалған ақшаға тап болуыңыз қылмыс емес. Ақшаның жалған екенін біле тұра оны өткізуге тырысу – қылмыс. Күмәніңіз туралы экономикалық тергеу департаментіне хабарласаңыз, мамандар келіп, сараптама тағайындап, ақшаны алады, – дейді Клара Гайсина.

Ақшаның түпнұсқа екеніне күмән келтірсеңіз 8 (7232) 578-999, 295-651 телефондары арқылы экономикалық тергеу басқармасына хабарласуға болады.

 

Осы айдарда

Back to top button