СпортТОП

«Құмды дала қырандары» қиғылық салды

Нұржан Кенжеұлы

Қатардағы Мундиаль басталғалы бері ел аузында жүрген оқиға Сауд Арабиясының Месси бастаған Аргентина құрамасын тізе бүктіруі болып тұр. Расымен де, футбол мамандарының басым көпшілігі өзгелерге ұпай үлестіретін ұжым ретінде ғана бағалаған саудиттердің 2:1 есебімен жеңіске жетуі көпшілік үшін тосынсыйдың тосынсыйы болды. Тіптен, Сауд Арабиясының королі Салман футбол құрамасының тарихи жеңісіне байланысты 23 қарашаны демалыс күні деп жариялағанын естідік. Ал құраманың әр ойыншысы 2,5 миллион еуро көлемінде сыйақы алыпты.

Әзірге қоржынында үш ұпайы бар Сауд Арабиясы өз тобында көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға әрқайсысы бір ұпайдан иеленген Польша және Мексика құрамалары жайғасқан. Ал жарыс басталмай тұрып футболдың жілігін шағып, майын ішкен мамандар да, қарапайым жанкүйерлер де шаппай бәйге алады деп сенген Аргентина құрамасы нөл ұпаймен соңғы орында орналасуда. Бұдан артық қандай сенсация керек?!

Дегенмен, Сауд Арабиясы футбол құрамасының тарихында бұдан өзге де бірнеше жарқын сәт болғанын біреу білсе, біреу білмес. Әрине, оның ең бастысы – 1994 жылғы Әлем чемпионатындағы ерлігі десек қателеспеспіз. Америка Құрама Штаттарында өткен сол бір додада тегі аргентиналық маман Хорхе Солари баптаған ел құрамасы тағы бір сенсацияның авторы атанған болатын. Жаһандық доп додасына тұңғыш рет жолдама алған арабтар Нидерланд, Марокко және Бельгия құрамаларымен бір топқа түскен болатын. Сол кезде де нағыз аутсайдердің бірі саналған жасыл жейделілер шымылдықашар кездесуде Нидерланд командасымен кездесіп, терезесі тең ойында 1:2 есебімен жеңіліс тапқан еді. Бір айта кетерлігі, азулы голландықтар жеңіс добын ойынның соңғы минуттарында ғана соғып кеткен-ді. Сәтсіздікке мойымаған «Құмды дала қырандары» келесі ойында Марокко құрамасын 2:1 есебімен ұтып, Әлем чемпионаттарындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Соңғы ойында топтан шығу үшін арабтарға тең нәтиже де жеткілікті болатын. Алайда, Солари шәкірттері азға қанағат етпей, еуропалық «Қызыл сойқандарды» 1:0 есебімен жеңіп тастады. Сөйтті де, келесі кезеңге жолдама алды. Бір қызығы, бұл топтағы плей-оффқа жолдама алған үш құрама – Нидерланд, Бельгия мен Сауд Арабиясының көрсеткіштері бірдей болатын, әрқайсының қоржынында алты ұпай бар еді. Тек қосымша көрсеткіштер арқылы ғана «қызғалдақтар елінің» командасы бірінші орынға көтеріліп, саудиттер екінші сатыға жайғасқан-ды.

Тағы бір айта кетер жайт, Бельгия құрамасымен ойында жалғыз голды кездесудің бесінші минутында Саид әл-Овайран соққан болатын. Өз айып алаңының маңайында допқа ие болып, қарсылас қақпасына қарай ұмтылған Сауд Арабиясы құрамасының жартылай қорғаушысы жолшыбай Бельгия командасының алты ойыншысын алдап өтіп, естен кетпес гол соққан. Бұл гол күні бүгінге дейін Әлем чемпионаттарында соғылған үздік доптардың рейтингісінен ойып тұрып орын алуда. Ал әл-Овайранның өзін бұл жетістігінен кейін «араб Марадонасы» деп атай басатаған деседі. Ол сонымен қатар 1994 жылдың қорытындысы бойынша Азияның үздік футболшысы атағына да ие болған.

Өкінішке қарай, плей-офф кезеңінде «Құмды дала қырандарының» жолы болмады. Олар Америка жеріндегі доп додасының болашақ қола жүлдегерлері Швеция құрамасынан 1:3 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.

Бұдан кейін Сауд Арабиясының футболшылары тағы төрт Мундиальдың (Қатардағы чемпионатты есепке алмағанда) жолдамасына ие болса да, оның бірде-біреуінде топтық кезеңнен ары аса алмаған. Оны қойып, түрлі антирекордтар орнатқан. Мәселен, 2002 жылғы Әлем біріншілігінде арабтар үш ойында қарсылас қақпасына бірде-бір гол сала алмаған. Есесіне, өз қақпасына 12 доп өткізген. Әсіресе Германиядан оңбай таяқ жегені есімізде. Көзі қарақты оқырманымыз ол ойынның 8:0 есебімен «неміс машинасының» пайдасына аяқталғанын ұмыта қоймаған болар.

Ал осыдан төрт жыл бұрынғы жаһандық додада саудиттер Ресей, Уругвай және Мысырмен бір топта өнер көрсетіп, өз квартетінде үшінші орынға ие болған. Алдымен Ресей құрамасынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілген жасыл жейделілер артынша Луис Суарес бастаған Уругвайға (0:1) жол беріп, екі ойыннан кейін-ақ келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылған. Ал топтағы соңғы ойында «құмды дала қырандары» ойламаған жерден Мысыр құрамасын жеңіп, қорытынды есепте мақтаулы Мохаммед Салах бастаған «перғауындардың» алдын орап кетеді.

Сөйткен арабтар биылғы Әлем біріншілігінде де доп тебуден қара жаяу емес екендіктерін дәлелдей алды. Екі дүркін Әлем чемпиондары Аргентина құрамасынан 2:1 есебімен басым түсіп, әзірге басты сенсацияның авторы атанып тұр. Алда француз бапкері Эрве Ренар жаттықтыратын команданы Польша және Мексика құрамаларымен ойындар күтуде. Екеуі де осал қарсылас емес. Дегенмен Араб түбегінің өкілдері білгенінен жаңылмай, жеңісті жолын жалғастырып, қарапайым жанкүйерге Аргентинамен ойындағыдай футбол мерекесін сыйлайды деп сенеміз.

Сіздің болжам

Құрметті футболсүйер қауым! Міне, төрткүл дүние сарыла күткен доп додасы да басталып кетті. Чемпионат күні кеше ғана жалауын желбіретсе де, бүгінде футбол мамандары кімнің жеңіске жететінін, қай ойында қандай нәтиже тіркелетінін жарыса жазып жатыр. Осы ретте, біз газетіміздің оқырмандары арасында да осындай байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. «Сіздің болжам» деп аталатын бұл сайысқа қатысушылар біз ұсынған Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!

Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.

DIDAR газеті

 Осы жолы оқырман қауым назарына төрт кездесуді ұсынып отырмыз. Біздің ойымызша, бұл матчтардың алғашқы екеуі Нидерланд пен Англия құрамаларының пайдасына аяқталуы мүмкін. Сол сияқты, Аргентина да жеңіске жетуі тиіс. Ал Франция мен Дания арасындағы ойында тең нәтиже тіркелуі ықтимал. Ал сіз қалай ойласыз, оқырман?..

25 қараша, жұма

22:00 – Нидерланд – Эквадор

01:00 – Англия – АҚШ

26 қараша, сенбі

Франция – Дания

Аргентина – Мексика.

Осы айдарда

Back to top button