ТОП

Құлынжонда «YBYRAI MEKTEBI» ашылды

Мейрамтай Иманғали

 «Ауыл мектебіндегі білім сапасы нашар» деген  әңгімеге ендігі жерде нүкте қою керек шығар.  Самар ауданы, Құлынжон ауылының шағын жинақты мектебінде қолға алынған «Ybyrai mektebi» атты жіксіз оқыту моделінің де негізгі мақсаты осы. Жаңа оқу жылынан бастап іске асырыла бастаған қанатқақты жобаның аясында қазақстандық білім беру бағдарламасы фин және сингапурлық үздік тәжірибемен толықпақ.

 Жіксіз оқыту моделі деген не?

 Алдымен, «Ybyrai mektebi»  жобасы Құлынжон мектебінің түлегі Айдын Рахымбаевтың бастамасымен, «Aidyn & Anar Rakhimbayev Foundation» қорының қаражатымен жүзеге асырылып отырғанын айтқымыз келеді. Жобаға шамамен  2 миллион доллар көлемінде инвестиция салыныпты.

Жіксіз оқыту моделі дегеніміз не? Оқырмандарымызға алдымен осыны түсіндіре кетсек дейміз. Аталған модель үздіксіз оқу процесін, баланың балабақшадан бастауышқа, бастауыштан орта буынға, орта буыннан жоғары буынға күйзеліссіз өтуін және одан әрі оқытудың бірыңғай тәсілін қамтиды. Ең маңыздысы бала – ата-ана – мұғалім үштігінің арасында  өзара байланыстың болуы. Бүгінгі күні Құлынжон ауылындағы шағын жинақты мектеп 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған бөбекжайы, бастауыш мектеп, орта және жоғары мектеп, сондай-ақ ауылдың барлық тұрғындарына арналған Комьюнити орталығы бар үлкен кешенге айналып отыр деуге болады. Кешен толықтай қайта құрылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Аталған мектептің директоры Аралбек Берікұлы «Ybyrai mektebi»        тұжырымдамасы бойынша 0-6 сыныптар бастауыш мектеп ретінде қарастырылатынын айтады. Жалпы әлемдегі екі жүзден астам елдің  167-сінде  бастауыш мектеп алтыншы сыныпқа дейін екен. Ендігі жерде Құлынжон ауылындағы шағын жинақты мектеп те бұл тәжірибені өздерінің экспериментальды зерттеу бағдарламасына енгізбек.

– Бұл жердегі басты мақсат  баланы өздігінен оқуға үйрету. Жалпы 12 жасқа дейін балаға қателесу жарасады. Он екі жасқа дейінгі баланың қателігіне акцент қоюдың мүлдем керегі жоқ. Біз бұл жасқа дейінгі баланың қателесуін қалыпты жағдай деп қабылдауымыз керек. Оның білмей жатқан, үйренгісі келіп жатқан тұстарына мән берген жөн. Баға, әсіресе төмен баға баланың еркін дамуын тежейді. Яғни, ми тек он екі жасқа келгенде ғана ересек адамның миына жетеді. Балаға ең маңыздысы  дағдыны игеру керек. Бұл – үйрену қабілеті. Ол үшін біз логиканы (дұрыс ойлау қабілеті), риториканы (дұрыс сөйлеу қабілеті), грамматиканы (дұрыс жаза білу) және өнертапқыштық мәселелерді шешу теориясын жетілдіруге назар аударамыз. Жоғары сыныпты аяқтаған әрбір оқушы болашақта өзінің кім болатынын нақты түсінуі қажет.   Галлап сынағы арқылы олар 9-10-сыныптарда өз қабілеттері бойынша толық талдау алады. Біз сондай-ақ ата-аналар мен барлық ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасаймыз, басқаша айтқанда, оларды оқу процесіне тартамыз,  – дейді Аралбек Берікұлы.

Теңдесі жоқ Community center

Баланың ата-анасын, жалпы ауыл тұрғындарын оқу процесіне қалай тартуға болады?  Ол үшін мектеп жанынан   Community center бой көтеріпті. Бұл дегеніңіз – заманауи кітапханасы, кинотеатры, хореографиялық залы, қолданбалы өнер, музыка кабинеттері, балалар және ересектерге арналған ойын алаңдары, планетарийі бар қауымдастық орталығы.

– Егер біз ауылды әлемге шығара алмасақ, әлемді ауылға әкеле аламыз, – дейді Құлынжон мектебінің директоры Аралбек Берікұлы.

Мектеп-кешеннің ашылу салтанатына қатысқан қонақтар мен ауыл тұрғындары Комьюнити орталықты аралап, көп ақпаратқа қанықты. Орталықтың  бірінші қабатында кітапхана мен амфитеатр орналасыпты.  Кітапханашы Альмира Ракишеваның айтуынша, мұнда үш тілде 4 мыңнан астам кітап қоры жинақталған. Кітапханада тіпті   «Абай жолы» мен «Гарри Поттердің» бірнше данасы бар.

  • Мұнда ата-аналар балаларымен келіп, кітап оқи алады. Бұл кітапхана кішкентай баладан бастап қарияларға дейін барлығына арналған. Кітапхана есігі таңғы сегізден түнгі он бірге дейін ашық, – дейді ол.

Мектеп-кешеннің директоры Аралбек Берікұлының айтуынша, бұл ғимараттың әр шаршы метрі елге, халыққа қызмет етеді.   Бұл жерде демалыс орны да, ойын алаңы да қарастырылған. Мысалы, Комьюнити орталықтағы музыка кабинетінде дыбыс жазу студиясы бар екен. Мұнда ауылдағы, тіпті аудандағы жұлдыз боламын деген әнші балалар, ата-аналар, тіпті үлкен ата-әжелер, кез келген ауыл тұрғыны өзінің әнін жазып, кішігірім клип түсіре алады. Ал  домбыра үйірмесі мектептегі әр  балаға міндетті.

Ал планетарий дегеніңіз тіпті ғажап!  Кабинетке тапсырыспен арнайы құрылғы да алыныпты. Қазір жолда келе жатыр. Ол құрылғы орнатылса, балалар  аспан әлемін 3Д модельде тамашалайтын болады. Шынында да жұлдыздарды телескоппен тамашалаудың өзі бала көкжиегін кеңейтетін нағыз қуаныш емес пе? Сондай-ақ бұл жерде аспан әлемі туралы қосымша сабақ та өтетін болады.

– Ауылға алғаш келген кезімде мен қалада көрмеген нәрсені көрдім. Түнде далаға шықсам, тып-тыныш.  Аспанда жұлдыздар моншақтай төгіліп тұрды. Шынымда айтсам, қалада тұрамын деп, тыныштықтың дауысын ұмытып қалыппын. Оның үстіне қалада үнемі у-шу,  әрі-бері ағылған көлік. Ал мұнда  аспаннан құс жолын да  оңай табуға болады. Керемет! Осынау планетарийде балаларымыз өздерінің білімін шыңдап, аспанға қарағанда қай жерде қандай  жұлдыз барын тез ажырата алатын деңгейге жетсе дейміз, – дейді Аралбек Берікұлы.

Бұдан кейін мектеп-кешеннің директоры қонақтарға мультифункциональды кабинетті таныстырған. Мұнда әжелеріміз бен аналарымыз қасына балаларды отырғызып іс тігуді үйретеді. Яғни, жүн түту, құрақ көрпе жасау, кесте тігу секілді қолданбалы қолөнер түрлерін жас ұрпақ аға буын өкілдерінен осы жерде үйрене алады. Сонымен қатар бұл кабинетті роботтытехника кабинеті деуге де болады.

– Біз моториканы дамыту керек дейміз. Моториканың көкесі қарапайым  жүн түту ғой, – дейді мектеп-кешеннің басшысы. Оның терезеден жарық мол төгілген, ауасы кең, тап-таза бұл кабинетті ұрпақтарды сабақтастыратын жер деп атағаны өзіме қатты ұнады.  Ал тағы біреулер үшін бұл шығармашылық бөлмесі, отбасымен бірге уақытты пайдалы өткізетін орын.

Сондай-ақ орталықта  90 адамға арналған кинозал да бар. Ауыл адамдары, балалар, қариялар осы жерде фильм тамашалап,  сол фильмдерді талқылап, талдайды.   Ауасы кең, төбесі биік кинозал әлі талай адамның көкжиегін кеңейтпек.

– Біздің мақсатымыз – ауылдық жерде жіксіз білім беру бағдарламасын орнықтыру.  Мысалы балабақшадан бастауышқа өткен кезде  бала күйзеліске түспейді. Өйткені кішкентай кезінен танитын мекен, танитын ұстаздар дегендей. Дәл сол секілді бастауыштан орта бауынға, жоғары буынға көшкенде де жеңіл өтеді.  Эксперименттік бағдарлама үш жылға арналған.  Жақында ғана оқу-ағарту министрінің Құлынжон шағын жинақты мектебінің базасында экспериментальды алаң құру туралы №401 бұйрығы шықты, – дейді Аралбек Берікұлы.

Айтуынша, мектеп пен әлемнің жетекші университеті саналатын MICHIGAN университеті арасында педагогикалық кадрларды даярлау бойынша арнайы келісім бар.

– Біз барлығымыз қала мен ауыл  мектептері арасында білім сапасы бойынша айтарлықтай айырмашылық барын білеміз. Ендігі жерде   кішігірім ауылдардағы шағын жинақты мектептерде оқитын балалар керемет мекенде керемет мұғалімдерден  білім алып, қала мектептеріндегі өздерінің құрдастарымен тең дәрежеде  дамитын болады, – дейді мектеп-кешеннің басшысы.

Мектеп-кешеннің ашылу рәсімінде Самар ауданының әкімі Раджан Сейітқанов, аталған жобаның бастамашысы, осы мектептің түлегі Айдын Рахымбаев, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева және мектеп-кешеннің басшысы  Аралбек Берікұлы сөз сөйледі.

– Шынымен де бүгін Ыбырай атындағы мектепте үлкен мереке, қуанышты күн. Жалпы, мектеп – ауылдың жүрегі. Сондықтан әлеуметтік-мәдени  орталық ретінде осы мектепке енгізіліп жатқан жаңалықтардың барлығы міндетті түрде ауылға да әсер ететіні сөзсіз. Мектеп республикалық дегейдегі эксперименттік алаң ретінде аталып, жақсы жобаны қолға алып жатыр.  Алдағы уақытта бұл мектепте жақсы өзгерістердің болатынына, аталған жобаның келешегінің зор екеніне ешқандай күмәніміз жоқ, – деді Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА вице-президенті Әлия Иағалиқызы.

Басты мақсат – адал ниет

Ал мектеп-кешенінің басшысы Аралбек Берікұлының құттықтау сөзі тіпті әсерлі шықты.

– Бұл жай мектеп емес, бұл – үлкен бір кешен. Бұл кешеннің есігі бір жастан бастап 100 жасқа дейінгі барлық ауыл тұрғынына ашық. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де   Ыбырай атамыздың өсиеті мәнін жойған емес, керісінше күн сайын жаңаруда. Ол кісінің артында мұндай өшпес із қалуы жүрегіндегі шынайы ниетінің арқасы. Сондықтан да біздің мектебіміздің ең басты құндылығы, ол – адал ниет. Әр мұғалім, мектептің әр қызметшісі мектеп табалдырығын аттаған кезде, оқушылардың алдына шығар уақытта «Неге мен мектепке келдім? Неге мен мұғалімім? Не үшін мен мына сабаққа кіріп бара жатырмын?» деген сауалға іштей жауап беруі тиіс.

Біз барлығымыз бір-бірімізді жүре тәрбиелейміз. Осы өсіп келе жатқан балаларға қарап мен өзімді көремін. Олардың қателігі болса, біз бірінші өзімізді түзеуге тиіспіз.  Құрметті әкелер, сіздердің бала тәрбиесіндегі рөліңіз өте зор. Құрметті аналар, сіздердің  баланың рухани даму жолындағы орныңыз ерекше. Сондықтан сіздердің әрқайсыларыңыз үшін жіксіз білім беру мектебінің есігі әрқашан  ашық. Біз барлығымыз біріге отырып келер ұрпаққа өзіміздегі бар жақсы қасиетті сіңіруміз керек, – деді мектеп-кешеннің басшысы Аралбек Берікұлы.

Осылайша ауылдағы шағын жинақты мектептерге арналған «Ybyrai mektebi» атты  жаңа жоба жаңа өмірге жолдама алды. Жоба сәтті жүзеге асса, тәжірибе республика мектептеріне таратылатын болады.

Осы айдарда

Back to top button