Кездесу

«Күлпетті» оқып көріңіз

 Оқырманға ой салып, көпшіліктің көңілінен шыққан шығармалардың бірі – «Күлпет» романы. Бұл шығарма өткен жылдың ең үздік туындысы ретінде таңдалып, әдеби байқауда жеңіске жеткен болатын. Жуықта өскемендік оқырмандар автордың өзімен кездесіп, тың туынды төңірегінде әңгіме өрбітті.

Шығарма авторы Шархан Қазығұлмен кездесуге келген зиялы қауым өкілдерімен қатар, қарапайым оқырманның  қарасы да көп болды. Осыдан-ақ кітаптың оқылымы жоғары екендігі байқалып тұрды. Облыстық Пушкин атындағы кітапхана төріне құрметті қонақ ретінде жайғасқан роман авторы кітапсүйер қауыммен еркін форматта сұхбат құрып, әдеби туындысының жазылу барысын, шығармашылық жолының қызықты сәттерін баяндап берді.

– Менің шығармашылық ғұмырымның көбі журналистика саласына арналды. Қаламымның қарымы осы салада жетілді деуге болады. Жалпы жазушы болуды аса бір армандаған емеспін. Десе де көңіл көгінен орын алып, санаға тоқылған ойларды шығармашылыққа түйін етсем деген мақсат бар болатын. Сол мақсатты орындаудың сәті пандемия кезінде түсті.  Көп жылдар бойы ойда пісіп, санада жетілген шығармамды осылайша жазып бастадым. Жазғанда да өзгеше жазуға тырысып, жаңа форматта, қазіргі оқырмандардың сұранысына сай етіп жазуға тырыстым. Ол мақсатым орындалған сынды. Шығармамды Mecenat.kz жобасы ұйымдастырған әдебие байқауға бәйгеге қосып, жүлделі болған соң барып романның ойдағыдай шыққанына, өзімнің жаза алатыныма сендім. Міне, бүгін сол шығарманы өңір-өңірді аралап насихаттауға мүмкіндік туып, байқауды ұйымдастырған жоба авторлары қолдау көрсетіп отыр. Соның арқасында Алтайдағы ағайынмен, оқырман қауыммен кездесіп отырмын, –  деді роман авторы Шархан Қазығұл.

Қаламгерді оқырман қауым «Күлпет» романынан кейін көбірек танып, шығармашылығына үңіле түскен. Бір жағы романның атауы да оқырманға «мені оқы» деп тартып тұрғандай. Автор романға ұмыт бола бастаған көне сөзді әдейі таңдап алыпты. Роман авторының айтуынша, «күлпет»  жан азабы деген мағынаны береді. Романның ішкі иірімі мен автордың айтпағы осы ой төңірегіне топтасқан. «Бас кейіпкер – Әбужан Арал өңіріндегі Ерден жылқышының жалғыз ұлы. Әкесі оның жылқышы болғанын қаламай, баласын оқытуға күш салады. Әбужан Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, жұмысқа кіріскен тұста еріксіз Ауғанға әскер қатарына алынатындардың тізіміне енгізіліп, соғысқа аттанады. Соғыстан кейін де елге қайта алмай, амалсыз Америкадан бірақ шығады. Ауғанға баруы да, Америкаға өтуі де адамның қырсық-қиянатының салдары еді. Әбужан еліне 37 жылдан соң бірақ оралады…».

Міне, 5 мың данамен оқырманға жол тартқан кітаптың қысқаша баяны – осы. Кездесуге келген жұрттың көпшілігі кітапты оқып тастағандықтан, кезек-кезек шығып талқыға салды. Рухани шараға жиналған жұрт авторға ықылас танытып, шығармашылық табыс тіледі.

– Шархан Қазығұлдың еңбекқор қаламгер екеніне баяғыдан қанықпын. Өйткені біз бір курста оқып, білімнің айдынында бірге жүздік. Білімі мен таланты бүгін жазушы ретінде атын шығарып жатқанына өте қуаныштымын. Бұл кітабы қаламгердің көп жылдар бойғы шығармашылығының жемісі деуге болады. Оны нәрлі де әрлі етіп оқырманға ұсына білудің өзіне үлкен өнер керек. Сол мақсатқа Шархан Қазығұл жете білді деуге толықтай негіз бар, – дейді қаламгердің курстасы, журналист-публицист Уәлихан Тоқпатаев.

Ал кітапты әлі таба алмай жүрген оқырман жұрт осы кездесуде онлайн сатып алу мүмкіндігін естіп, тез арада тапсырыс беретіндерін айтып тарқасты. Әзіл-қалжыңмен өрбіген әдеби жүздесуге келген оқырмандар өзгеше ой түйіп, рухани байып қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

 

Back to top button