Қоғам

Күләш Ақашова, сәндік-қолданбалы өнер шебері: – Қазақ суреттің сырын түсінбейді

Ұлттық құндылықты ұлықтау, ата мұраны ұмытпау – ұрпаққа міндет. Бұл бағытта бірқатар жүйелі жұмыс атқарып, қолданбалы өнерді дамыту жолында қажырлы еңбек етіп жүрген жандар көп. Солардың бірі – суретші, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, сәндік-қолданбалы өнер шебері Күләш Ақашовамен сұхбаттасып, сыр тартқан едік.

– Әңгіменің әлқиссасын балалық шағыңыздан бастасақ.

– Туған жерім – Ұлан ауданына қарасты Жоғарғы Тайынты ауылы. Ал білім алып, балалық шағымның қызық күндері өткен жер – Ақтау қалашығы. Өкініштісі сол, бір балалығым өткен жер қазір иен қалды. Десе де жыл сайын барып, сонда мәңгілікке дамыл тапқан әке-шешенің, ағайын-туыстың басына құран оқып қайтамыз. Кезінде тіршіліктің түтіні будақтаған қалашықтың бос қалғанын көргенде көңіл құлазып, жүрек сыздайды. Қолдан келер қайран жоқ, ол да өмірдің заңдылығы шығар.

– Қолөнер шебері, суретші болуыңызға не себепкер болды?

– Бұл салаға мені ананың тәрбиесі, уақыттың талабы алып келген сынды. Анамыз шебер, іскер адам болатын. Алаша мен ши тоқу, құрақ көрпе тігу сияқты тұрмысқа қажетті дүниелерді жасағанда қолынан ине түспейтін еді. Сонымен қатар ол кезде халықтың жағдайы да мәз емес еді ғой. Сатып алар киім де жоқ заман болды. Киімді керемет тігетін. Сол анамыздан алған тәлімнің арқасында қажетті киімді студент кезімізде өзіміз тігіп алатын едік. Осындай тұрмыстың қажеттіліктері мені қолөнерге бейім етті.

– Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында да қолөнерді тастамапсыз.

– Иә, әркім сүйген ісімен айналысуы керек қой. Тоқсаныншы жылдары дүние дүрбелеңге түскен шақта біз де абдырап қалған едік. Суретшілер үйі жабылды дегендей. Сол шақта осы қазақтың ұлттық қолөнерін өлтірмей, осыны кәсіп қылайық деген ой келді. Күйеуім де қолөнер шебері, сіңілім де өрнекті өнердің тізгінін ұстаған, өзім суретші болғандықтан үшеуіміз бірігіп бұл салаға түбегейлі бет бұрдық. Ең басты мәселе цех ашатын орын іздеп табу болды. Содан әкімдіктің есігін күнде тоздыратын болдым. Ақыры, сол тұстағы әкім Амангелді Кеңесов екі қабатты балабақша құрылысын берді. Ол кісіге Алла разы болсын, бізге үлкен қолдау жасап, қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосты. Содан жұмысты бастап кеттік. Ары қарай 1993-1994 жылдары музейлермен бірлесе жұмыс істей бастадық.

– Музейлермен бірге қандай жұмыс істедіңіздер?

– Біз Қазақстандағы бірқатар музейге реставрация жасадық. Соның ішінде Семейдегі Абай музейі, Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов музей-үйі және өзге де музейлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тарихи негізде жиһаздар, әртүрлі ұлттық бұйымдар жасадық. Жидебайдағы Абай үйінің төсек жабдықтарын да мен жасаған едім. Сонымен қатар Шәкәрімнің үйінің ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарын, дизайнін, ішіндегі құнды мұралардың орналасуын да біз жасадық. Құндызды деген жерде бір музейді жөндеген едік. Осылай музейлердің дамуына, толығуына, мазмұнының тереңдей түсуіне бір кісідей үлес қостық деуге болады.

– Бастапқыда ұлттық киімге деген сұраныс қалай болды?

– Ол кезде халық көп түсіне бермейтін. Сахналық киімдер мен сыйлыққа ғана алатын еді. Сондықтан біз өнер ретінде қарап, ұлттық киімімізді кеңірек дәріптеуге тырыстық. Әр өңірдің өзіндік өрнегі болады. Киімнің тігісінің өзінің өңіріне қарай ерекшеліктері бар. Сондай-ақ әр өңірдің табиғатына байланысты да болатын кездері болады. Мысалы, біздің өңірдің табиғаты таулы-тасты, орман-тоғайлы, қызылды-жасылды ғажап көріністерге толы ғой. Содан да болар, біздің шығыстың киімдері қайда апарсаң да, көздің жауын алып тұратыны бар. Бұрынғы заманда қандай да бір құрылтай, жиын-той, ас болғанда адамдарды киімінің тігілу мәнеріне, сәніне, өрнегіне қарап қай өңірден келгенін айыра білген ғой.

Осылай біз сұраныс аз кезде де киімнің сапасы мен мәнеріне, сәніне, өрнегіне көңіл бөліп, насихаттаумен айналыстық. Алайда сол кездегі қажырлы еңбектің арқасында қазір тақиямыз тойдың төрінен, шапанымыз иықтан түспейтін деңгейге жетті.

–  Қазақтың ұлттық киімі көсегемді көгерте ала ма деген ой болған жоқ па?

– Ондай ой ешқашан болмапты. Өйткені біз өнер адамымыз ғой. Біз оған өнер ретінде, ұлттық құндылық ретінде қарадық. Қанша кітаптарды парақтадық, зерттедік, ел ішін араладық. Зерттеудің нәтижесін де көрдік. Кейін тапсырыс алғанда қай өңірдің менталитетіне қандай киім келетінін біліп тұратын болдық. Бастапқыда берілгендігіміз соншалық, істеген ісіміз, шыққан материалымыз тапсырыстың ақшасынан екі есеге асып кетсе де өрнектей түсетін едік. Кейін келе бұл ісімізді бизнестің көзіне айналдырдық ғой. Сондықтан өкінген, шегінген, қиындыққа мойыған кездер болды деп айта алмаймын.

– Концерттік костюмдерді көбірек тіккен екенсіз.

– Концерттік костюмдерді конкурс арқылы ұтып алып көбірек тіктік. Ақтау және Атырау қалаларының мәдениет үйлеріне көптеген костюм тігіп бердім. Өзіміздің өскемендік әртістерге талай-талай сахналық киімдер тігіп бердік. Мысалы, алғаш рет Өскеменде қазақ театры ашылып «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымын қойғанда сахналық киімдерін түгелдей мен тігіп берген едім.

Назарбаевқа шапан тігіп бердім

– Бағалы костюмдерге, көйлектерге танымал адамдардан тапсырыс алған кездеріңіз болды ма?

 – Иә, болды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен жұбайы Сара Алпысқызына шапан тігуге тапсырыс түскен еді. Сонау 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы тойланатын болды. Осы тойға дайындық жүріп жатқан тұста мен көрмеде тұрған бүкіл ұлттық киімдерімді көтеріп алып Алматыға Мәдениет министрлігіне бардым. Жамбылдың тойы ортақ екенін айтып, тойға біздің де үлес қосқымыз келеді дедім. Содан министрліктің адамдары әкелген ұлттық киімдерімді көріп, ішінен 15 шақты шапанды алып қалды. Кейін осы шапандарды үлкен-үлкен тұлғалардың, елге келген президенттердің иығына жауыпты. Ал маған бір ауданның ұлттық киімдерін, сахналық костюмдерін тігуге тапсырыс берді. Сөйтіп жүргенде бір күні аяқ асты Алматыға жетіңіз деген хабар келді. Барсам, сол кездегі Президентіміз бен жұбайына бір аптаның ішінде шапан тігу керек деген тапсырма тұр алдымда. Алдындағы шапандарым қатты ұнапты. Мен бір аптаның ішінде үлгермейтінімді айтып, шыр-пыр болдым. Ал олар қалайда  тігу керек деп қоймайды. Шапан болғанда да ханға лайық шапан болу керек дейді. Ол кезде ондай киім тіге қоятын елде пұл да жоқ еді ғой. Ақыры, өздері Түркияға, Эмиратқа тапсырыс беріп жүріп керекті пұлды алдырып берді. Мен Сара Алпысқызының қандай өңді жақсы көретінін білетінмін, ал ханға қандай өңді шапан лайық екенін өздері айтты. Ақыры, бір аптаның ішінде ойдағыдай тігіп шықтым.

– Сара Алпысқызының қандай өңді ұнататынын қайдан білетін едіңіз?

– Мен оның бір сұхбатында «көгілдір өңді ұнатамын» дегенін естіген едім. Сондай-ақ оның немересіне бесік жасап, оны өз қолыммен тапсырғаным тағы бар. Менің күйеуім Болат қолөнер шебері екенін жоғарыда айттым ғой. Назарбаевтың немересіне жасаған бесіктің ою-өрнегін Болат өз қолымен жасап, бесікті мен апарып Өскемендегі үлкен кездесуде тапсырған болатынмын. Содан кейін тағы да осылай хан шапанын тігу мүмкіндігіне ие болдық қой.

– Шапаныңыз ұнап па? Қолақыңыз жақсы төленген шығар?

– Естуімше, шапан керемет ұнапты. Маңындағы ел шапанның тігісіне, сәніне, өрнегіне қатты қызыққан екен. Тапсырыс берушілерге Президент киіп тұрған суретін беріңдер деп едім, болмайды деп бермеді. Ал бағасын көзді жұмып тұрып аямай айттым, өте жақсы төледі. Оның бағасының қасында қандай шапанның құны да жолда қалады. Нақты сомасын айтпай-ақ қояйын.

– Қазақтың қолөнеріне бір кісідей үлес қосыпсыз. Мақтау естіп, марапат алған кездеріңіз болды ма?

– Астанада 2000 жылы алғаш рет «Тауар және сапа» атты республикалық көрме өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен қазақстандық өнімнің неше түрін әкеліп қатыстырды. Біз баяғы ұлттық киімімізді арқалап бардық. Шығыс Қазақстан бойынша мен ғана барыппын. Сол көрмеде еңбегім бағаланып, «Алтын сапа» белгісімен марапатталдым. Осы көрме барысында маған әскери орган адамдарынан тапсырыс түсті. Өздеріне қажетті сапалы әрі жарасымды форма тіктіру қажет екенін айтты. Алайда қандай болатынын өздері де білмейді екен. Мен өзім біржағы дизайнер болғандықтан сол жерде үлгісін сызып көрсеттім де, сол бойынша үлгіге бірнеше дана тігіп жібердім. Кейін мол көлемде тапсырыс алып, қазіргі киіп жүрген әскери киімдердің бірталайын осылай біз тіккен едік.

– Киім тігетін фирмаларыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Біздің тігін фирма «Терме» деп аталды. Өскемендегі ұлттық киім тігетін ауқымды фирмалардың бірі болды. Бертін оны түгелдей жауып тастап, құрылыспен айналысып көрдім. Ал қазір еңбек демалысындамын.

– Өскеменде өнердің бағасын алу қиын болған шығар?

– Иә, оңай болмады. Мен бүкіл дизайнерлік жұмыстарымды басқа жақтан бекіттіріп алатын едім. Бұл жердегі отырған орыстар менің өнерімді түсіне алмайтын еді. Түсіндірген күннің өзінде көре алмайтын еді. Көре алмаушылығы сол, мені Суретшілер одағына кіргіземіз деп іздегенде бұлар айтпаған ғой. Ол кезде қаптаған қалың орыстың ішінде жүру қиын еді. Мен өзім жауынгер қыз болдым ғой. Бірде автобуста бір топ жігітпен сөзге келіп қалдым. Сонда жігіттердің бірімен жекпе-жекке шығып, қанжоса болып төбелесіп, полицияға тапсырып кеткенім бар. Сондықтан өмірде де, өнерде де бағамызды алу оңай болған жоқ.

– Қазіргі суретшілердің қалі қалай?

– Қазір қайбір өнердің қағанағы қарық болып, қолдауға жарып жүр дейсің. Одан бөлек біз қазақ – суреттің сырын түсінбейтін халықпыз. Біреудің туған күніне керемет картинка сыйласаң, ол бұрышта қалады. Өнер туындысынан қарағанда иыққа ілер шапанды, жейтін асты артық көретін деңгейдеміз. Бағасы артып, бағы жанып жүрген суретші көрген жоқпын. Әйтпесе тәжірибелі, талантты суретшілер өңірде жетеді ғой.

– Өзіңіздің жиған тәжірибеңізді бөлісіп, шәкірт тәрбиелеу ойда жоқ па?

– Иә, үйретіп кетуге болар еді. Бірақ біздің елде қағазбастылық деген дүние бар ғой. Оған шыдайтын менде енді төзім, шама жоқ. Шығармашылық адамына еркіндік беру керек еді. Сонда ол бойындағы барын берер еді. Бізде керісінше тұсаулап ұстағысы келеді. Еркіндікті сезінбеген өнер адамы бойындағы барын беріп, ойындағы барын айта алмайды.

– Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button