Кәсіпкерлік

«КҮЛ БОЛМАСАҢ, БҮЛ БОЛ»

Халық үніне құлақ асатын мемлекет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктің бұқараға жақын болу керектігі туралы тұжырымдамасы, тапсырмасы қаншама мәселенің шешілуіне сеп болып, қалың елден қолдау тауып жатыр. Бірақ біліксіздігінің, жалтақтығының салдарынан алдына келген адамды әбден шаршатып, сандалтып, сары уайымға салып, қарапайым халықтың кәсібін жүргізуге, күнін көруіне тұсау болып  жатқан атқамінерлер азаяр емес.

 Белоусовка кентіндегі шағын кәсіпорын иесі кәсіпорынның жарылғыш материалдар қоймасын бес айдан астам уақыт бойы электр энергиясына қоса алмай әлекке түскен. Көктемнен бері энергиямен қамту мекемесіне, жергілікті атқарушы билікке әлденеше рет өтінішін айтып барғанымен, онысынан ешқандай нәтиже шықпаған.

2022 жылдың 7 қазанында Өскемендегі облыс кәсіпкерлері палатасына Белоусовка кентіндегі «Энофэкс» ЖШС басшысы Дмитрий Рябининнің электр энергиясына қосылуға көмектесуді өтінген арызы келіп түседі. Кәсіпкер өз арызында энергиямен қамтитын «Теплоэнергия» МКК мекемесінің трансформатор подстанциясының апаттық жағдайда екенін желеу етіп, өзінің кәсіпорнына тиесілі жарылғыш заттар қоймасына электр энергиясын беруді тоқтатып тастағанын жазады.

– «Теплоэнергия» МКК-ге бірнеше рет барып, бірнеше рет хат жолдағаныммен, сондай-ақ Белоусовка кентінің әкіміне тамыз айында ресми хат жазғаныммен ешқандай жауап ала алмадық. Осыған байланысты 29 қыркүйекте облыс әкімдігіне хат жаздық. Бірақ ол жақтан да үн қатқан жан болмады, – дейді Дмитрий Рябинин.

«Күл болмасаң, бүл бол» деп, тырс етпей, елемей қойған энергиямен жабдықтаушы мекеменің және жергілікті биліктің бұл істерінен кейін амалы таусылған кәсіпкер   облыс кәсіпкерлері палатасына  келеді. Облыс кәсіпкерлері палатасындағылар кәсіпкерді сол күні дереу палатаның Глубокое аудандық филиалының директоры Эльвира Миябаеваға жіберген.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының басшысы Э.Миябаева кәсіпкердің мәселесін тыңдап, «Энофекс» ЖШС-ның басындағы жағдайды қарап, шешуге орай шұғыл түрде «Теплоэнергия» МКК   мен аудандық прокуратураға өтініш жолдайды. Глубокое ауданының прокуроры Думан Жексекенев подстанцияға жөндеу жүргізіп, кәсіпорынды электр қуатына қосуға көмек көрсету үшін Белоусовка кентінің әкімімен келіссөз жүргізіп, кәсіпкерді әкімдікке жібереді. Сонымен қатар аудан прокуроры  «Теплоэнергия» МКК-мен бірге  Өскемендегі «Востокэнерго» ЖШС-ға подстанцияны жөндеуден өткізу туралы хат жолдайды. Осы хаттан кейін барып қана  өскемендік мекеме өзіне қарасты Белоусовка энергия желісінің «Энофекс» ЖШС учаскесіндегі подстанциясына жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алады.

28 қазанда   «Теплоэнергия» МКК жөнделіп біткен подстанция арқылы кәсіпорынның қоймасын электр энергиясына қайтадан қосқан. Осылайша, кәсіпкердің жарты жылға жуық шешілмеген мәселесі айналдырған үш апта ішінде толығымен шешілген. «Бизнесті қорғаудың экожүйесі» жобасы аясында аудан прокуроры және облыс кәсіпкерлері палатасы аудандық филиалының қолдауымен кәсіпкер электр энергиясына қайтадан қосылады.

Иә, ауыл кәсіпкері кәсіпкерлер палатасына келмесе, табанынан таусылып, әлі қанша ай мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырар  еді десеңізші.

Облыс кәсіпкерлерінің палатасы қиындыққа тап болған, әкімшілік кедергілерге кездескен кәсіпкерлерге палатаның құқықтық мәселелер жөніндегі бизнес-омбудсмені Әлия Мұқашеваға хабарласып, көмек сұрауға болатынын ескертеді. Ұялы тел: 8-705-521-66-62. Сондай-ақ  мына мекенжайға: Өскемен қ,  Әуэзов даңғ, 26/1, 2 қабат,  12 бөлмеге келуге, төмендегі  телефондарға қоңырау шалуға болады: 8 (7232) 742-103, 742-104.

Жанаргүл Мұқатай

 

Осы айдарда

Back to top button