Күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Қостанай облысындағы жағдай көпке сабақ болғаны рас. Бірнеше күн бұрын астықты өлкенің орманды алқабында тұтанған қызыл жалын тез күш алып, мыңдаған гектар жер мен жүздеген үй-жайдың күлін көкке ұшырды. Келтірілген шығын мөлшері орасан. Айтып келмеген апатпен күреске қостанайлық өрт сөндірушілермен қатар, тағы үш облыстың мамандары мен техникасы жұмылдырылды. Жағдайды Мемлекет басшысының өзі тікелей бақылауына алды.
Бүгінде осындай қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеу мақсатында шығысқазақстандық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары талмай еңбектенуде. Осы орайда, облыс өрт сөндірушілерінің басты мақсаты отпен күрес жүргізу емес, оның алдын алу екені анық. Ең алдымен, өрт қаупі бар кезеңде мамандар жер-жердегі сақтық шараларының сақталуын мұқият қадағалайды. Жалпы, орман мен дала учаскелерін, ауылдар мен саяжайларды тілсіз жаудан қорғаудың ең тиімді тәсілі – жер жырту, дейді өрт сөндірушілер бұл ретте.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жүргізген арнайы талдаудың нәтижесінде облыс аумағындағы орманды алқаптарда ұзындығы 115 шақырымды құрайтын минералданған жолақтардың жүргізілгені анықталыпты.
– Жалпы, жер жырту үшін соқалар немесе диірмендермен жабдықталған бульдозерлер, тракторлар қолданылады, олар топырақты қопсытады. Нәтижесінде оттың таралуына жол бермейтін минералданған жолақ пайда болады, – деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Ал ТЖД-ның мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Василий Ермалковичтің айтуынша, минералданған жолақ өрт сөндірушілер келгенге дейін іргедегі елді мекен мен орманды алқапты тілсіз жаудан қорғай алатын бейне бір қалқан іспеттес бірден-бір құрал екен.
Дегенмен, соңғы күндердегі аптап ыстық салдарынан облыстың бірқатар ауданында дала өрті өршіп тұр. Мәселен, Зайсан ауданындағы Айнабұлақ ауылдық округінің аумағында 45 гектарға жуық алқап отқа оранды. Тілсіз жаумен күреске 30 адам мен жеті бірлік техника жұмылдырылды. Мамандардың жедел іс-қимылының арқасында оттың маңайдағы елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ. Соңғы ақпаратқа сенсек, Зайсандағы өрт толықтай сөндірілген-ді.
Есесіне, әзірге Алтай ауданындағы қызыл жалынды ауыздықтауға мүмкіндік болмай тұр. Бұған бірнеше себеп бар дейді, өрт сөндірушілер. Белгілі болғандай, «Зырян орман шаруашылығы» мекемесінің Быков орманшылығы аумағында шөп пен бұта өртенген. Өрттің аумағы 167 гектарға жеткен көрінеді. Қазір апатпен күреске төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы мен «Қазәуеорманқорғаудан» барлығы 344 адам мен 25 техника тартылғанынын айту керек. Оқиға орнында жедел штаб құрылған. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта жақындағы елді мекендерге төнер қауіп жоқ.
Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстанда 70-тен астам шөп өртену фактісі тіркелген екен. Барлығы 500 тоннаға жуық мал азығы отқа оранған. Бұған қоса, 1 480 гектардан астам алқаптағы 54 орман өрті сөндірілгенін айтқан абзал. Құтқарушылар өрттің негізгі себебі ретінде қарапайым сақтық шараларының сақталмауын айтуда.
Нұржан Кенжеұлы