Шығыстағы ауыл-аймақтарға «интернет желісі тартылады» деген жаңалық тараған сәтте шалғайдағы жұрт жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Ауылға мамандар келіп, жұмысты бастағанда әр отбасы смартфон алуға асыққан. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Смартфондарға да хабарлама мен қоңыраулар сирек келеді.
Erulik.kz ақпараттық порталы ұсынған мәлімет бойынша, Жолнұсқау ауылында 300-ге жуық халық тұрады. Ауылда интернет қана емес, жолдың сапасы мен ауызсу мәселесі де шешімін таппаған. Былтыр күзде орнатылған интернеттің игілігін жұрт әлі көре алмай жүр. Неге?
–Өтірік жайлаған түлкі заман-ай. Ол заманның Алдар көсесі байды алдап, кедейге жағып еді. Мына заманның Алдар көселері қара халықты алдап, кімге жақпақшы? – дейді тұрғын Назира Акишева.
Ауыл халқының сөзіне сенсек, ара-тұра қосылатын интернет Байтоғас ауылынан келіп тұр. Ал Байтоғасыңыз Тарбағатай ауданына қарайды. Сонда Күршім ауданы өз халқын интернетпен қамтамасыз ете алмай отыр ма? Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын аудан әкімі Дулат Қажанов облыс орталығында БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген. Кездесуде аудандағы біраз мәселе айтылды. Жолнұсқаудағы байланыс мұнарасы сөз болғанда Дулат Қажанов былай деген еді:
–Былтыр ұялы байланыс орнатылған. Тек ол жерде интернеттің жылдамдығы аз. Тіптен жоқ десек те болады. Осы орайда біз «Қазақтелеком» АҚ-мен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Интернеттің жұмысын жақсартатын боламыз. Ал Жолнұсқаудың жанында тұрған Аманат ауылы былтыр «250+» бағдарламасына кірмей қалған. Ауылға алдымен ұялы байланысты орнатамыз, кейін интернет желісі тартылады. Оған әрине, уақыт керек.
Мұғалімдер пошташының қызметін атқарып жүр?
Елімізде қауіпті індеттің таралуына байланысты карантин күшейіп, ара-тұра білім ошақтары қашықтан оқытуға көшірілгенін білеміз. Осы тұста «интернеті жоқ ауылдардың оқушылары қалай білім алып жатыр? – деген заңды сұрақ туады.
– Байланыс желісі орнатылғанда қуанған едік. Өкінішке қарай, қуанышымыз көпке созылмады. Карантин басталғалы екінші рет қашықтан білім беруге көштік. Аудан әкімдігінен онлайн білім алып жатқан балаларға 20 компьютер бөлінген. Бірақ одан не пайда? Интернет жоқ. Ұстаздар оқушылардың әрқайсысына барып, тапсырманы пошта жәшігіне қалдырып кетіп жүрді. Тапсырма орындалған соң, оларды жинап қайта әкетеді. Былайша айтқанда, «қағаз» вариантта оқып жатырмыз. Оқушыларға да, мұғалімдерге де оңайға тиіп жатқан жоқ, – дейді Жолнұсқау мектебінің директоры Болат Игібаев.
Жолнұсқау орта мектебінде қазір 46 бала білім алып жатыр, 13 мұғалім жұмыс істейді. Ата-аналар да мектеп басшылығына бірнеше рет хабарласқан. Алайда мәселені шешу директордың қолында тұрған жоқ.
Күршім ауданының Теректібұлақ, Барақ батыр, Жолнұсқау, Алғабас қатарлы басқа ауылдарында интернет бірде болса, бірде жоқ. Тіпті аудан орталығының өзінде интернет жылдамдығы өте төмен. Шағымданған халыққа «Қазақтелеком» АҚ мамандары «жағдайды міндетті түрде қарастырамыз» деп уәде берген. Мәселенің мән-жайын білу үшін ауыл әкіміне хабарласқан едік.
– Интернетті былтыр күзде орнатқан. Мәселен, Ақсуат ауылына Belline орнатқан, жылдамдығы – 3G. Ол жақсы ұстап тұр. Ал мына Жолнұсқау ауылында расымен интернет мәселесі бар. Аманат ауылына мүлдем орнатқан да жоқ. Тек орнын белгілеп кеткен. Бір-біріне сілтеп әлі жүр. Шыны керек, Теле2 орнатар кезде де бізден ештеңе сұраған жоқ. Өздері келді, орнатты, кетті, – дейді ауыл әкімі Ержан Тілеубаев.
Сонда мәселе қашан шешілмек? Әне-міне дегенше оқу жылы да аяқталады. Жауапты мамандар не дейді?
–Байланыс желісін тартқан мамандармен хабарластық. Олардың сөзіне сенсек, орнатылған мұнара тек ұялы байланысқа арналған екен. Соның өзінде Теле2 ауылдың әр жерінде ғана ұстап тұр. Енді оған арнайы кабель жалғау қажет екен. Сонда ауыл халқы интернеттің игілігін көре алады. Сол үшін 30 метр кабель алуға тапсырыс береміз. Бұл кабель арқылы Жолнұсқау-Қалғұты-Үшбұлақ ауылдары интернетпен қамтылатын болады, – дейді ауыл әкімі.
Қажетті кабель алынса, Аманат ауылын да интернетпен қамтуға мүмкіндік туатын көрінеді. Қазір құжаттар әзірленіп жатыр. Қажетті заттар алынып, мамандармен келісімшарт жасалған соң мәселе оң шешімін табуы керек. Бәрі ойдағыдай болса, алдағы көктемге қарай аталған ауылдарда интернет кедергісіз жұмыс істеуі керек.