ТОП

Күн көсемдер Шығыста қашанға дейін үстемдік құра бермек

Егемендігімізді алғалы отыз жылға жуықтаса да әлі де аяғымызды еркін көсіле алмай, санамызды өткен ғасырдың 70 жылы улаған сұрқия саясатынан арылта алмай жүргеніміз жанымызды жаралайды. Бүгінгі әңгіме қазағынан орысы басымдау, өзге ұлт өкілдері де молынан шоғырланған еліміздің Шығысындағы идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген күн көсемдердің ескерткіштері мен олардың атындағы және кеңестік идеологияның шекпенін қымтап жамылған ауылдарға, көшелерге қатысты болмақ.
Бірден басын ашып алайық, бұл Шығыс Қазақстанның барлық аудандары орыстанып тұр дегенді білдірмейді. Еліміз тәуелсіздігін алған бетте-ақ, өңірдің Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Аягөз, Үржар, Жарма, Көкпекті секілді қазақы аудандары ешкімнен бұйрық күтпей-ақ өздері бастама көтеріп, барлық ауылдарын, жүз пайыз қазақшаландырып алды. Кеңестік мазмұндағы көше атауларын да бір кісідей жұмылып, сыпырып тастады. Бұрынғы Семей облысының аудандары да еңсесін бірден тіктеп қазақыланды. Алайда, осы аудандардың ерлігін өзгелер жалғастырып әкете алмады. Мәселен, Өскеменнің маңындағы Ұлан, Алтай, Шемонаиха, Бородулиха, Глубокое аудандары орысша атауларға әлі сыңсып тұр. Ул. Советская, Колхозная, Ленина, Мира, Кировская, Октябрская, Комсомольская деп кете береді. Құдды бір ит тұмсығы батпайтын орман дерсің. Ол аздай Паровозная, Тракторная, Параллельная, Дорожная дегендерді қайтерсің. Тіпті, осыларға ақыл айтып, жол көрсетер бас шаһар Өскеменнің өзі қанатын еркін жазып, құлаштап самғай алмай келеді. Мақаланы оқығандар құр сөз екен ғой демесін, енді нақты мысалдарды алға тартайық.

Кировтың орнын Қасым батыр қашан басады?

Мәселен, Өскеменнің қақ ортасындағы Жастар саябағының орталығында алыстан мен мұндалап, қолын алға қарай сермеген Сергей Кировтың ескерткіші тұр. Орнынан түсетін ойы да жоқ. Ал саябақтың сыртында, дәлірек айтсақ босағасында, жанар-жағар май бекетінің қасында нағыз батыр, даңқты партизан Қасым Қайсеновтің кеуде мүсіні жабырқап, жанарымен жер шұқып тұр. «Жерлестерім-ау, сендерді немістерден осы үшін қорғадым ба» деп тұрғандай. Әйтеуір, өзінің атындағы көшесінің басында тұр ғой деп өзіңді жұбатып қоясың. Бұрын аталған парк те, паркке іргелес орталықта жатқан көше де осы қызыл коммунистің атында болатын. Кейін саябақ жастарға, ал көшеге былтыр ғана Антон Чеховтың аты берілді. Енді ойлап көріңіздер, төрт жыл бойы жаумен түн қатып, ажалға неше мәрте бетпе-бет келіп соғысқан Қасым артық па, әлде бүкіл ғұмырында Өскеменде не-бәрі екі сағат қана болған Киров артық па? Қасым батырдың тау тұлғалы ескерткіші Жастар саябағының ортасында асқақтап тұрар күн қашан туар екен?
Сондай-ақ Өскемендегі ең ұзын даңғыл – Назарбаев даңғылының бойында Яков Ушановтың ескерткіші тұрған алаң бар. Оны тас қаланың аспанкөз тұрғындары «Наш плошадь», «Площадь Ушанова» деп жер көкке сыйғызбайды, қызғыштай қориды. Киелідей көріп, той томалағында басына келіп тәу етіп жатады. Кеңес үкіметін құрам деп жүріп, тірідей кеменің қазандығында отқа жанып кеткені болмаса, қазақ үшін атқарған қызметі шамалы. Биыл ерте көктемде қала басшылығы алаңды кішірейтіп, шыршаларды өзге жерге көшіріп, даңғылды кеңейту жұмыстарын жүргізгенде «Ушановты құлатқалы жатыр, барлық жердегі орыстар бірігіңдер» деп әлем желіде жандары шығып кете жаздады. Ушановтың атында қала іргесінде үлкен ауыл барын еске алсаң, қарадай ұйқың қашады. Ол аздай бұдан біраз жыл бұрын Бердібек Сапарбаев облыста әкім болып тұрған тұста солар Өскеменге, Ертіс пен Үлбінің қиылысына бірінші Петр патшаның ескерткішін қоймақ болып, Ресейден ескерткішін тегін жасатып, сол жақтан рұқсат алып, үй ішінен үй тікпек болғанын да қалай ұмытайық. Сол кезде олар қай елде тұрып жатқанын шынымен-ақ ұмытқан еді. Шығыстағы қазақ зиялылары мен облыс басшылығы дер кезінде тосқауыл қоймағанда, шынымен бүкіл елге ұятты болар едік сонда. Сол кезде ғой, олардың «бізді Өскеменде қысып жатыр, күн көрсетпей жатыр» деп біздің Президентпен қатар Ресей Президенті Дмитрий Медведевке де бәрі жиналып хат жазатындары.

Алтайдағы Ленинге ешбір әкімнің шамасы жетпей келеді

Енді мақаламыздың атауына арқау болған күн көсемдерді айтайық. Өскеменнен 180 шақырым жерде Алтай ауданы, Алтай қаласы орналасқан. Баспасөзде көп жазылғандай, бұл бұрын Зырян ауданы, Зырян қаласы болған. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің, қоғам өкілдерінің көп күш салуымен әрең дегенде Алтай болды. Бірақ та ауылдары мен қалалары Алтай бола алмады. Сол күйінде қалды. Мысалы, аудан орталығы Алтай қаласының қақ төріндегі алаңда, «Казцинк» компаниясы ғимаратының алдында қасқайып Ленин «атамыздың» еңселі ескерткіші әлі тұр қолын сермеп. Ал сол Лениннің қаладағы ең ұзын әрі орталықтағы Советская көшесінің бойында тұрғанын ойласаң, қарадай қаның қайнап, ашуың басыңа тебеді. Не құпиясы бары белгісіз, Алтай ауданын осыған дейін қаншама ұлты қазақ әкімдер басқарса да, ешбірінің Ленинді құлатуға, құлатпаса да барлық Лениндерді іштері пыспасын деп бір жерге жинаған Өскемендегі этнопарктегі ашық аспан астындағы көсемдер мұражайына апарып өткізуге де жүректері дауаламады. Тілшілер қауымы қанша рет жазып, қанша рет теледидардан көрсетсе де, ешбірі біз бақпады. Тіпті, қазір Шығыстағы екінші қала – қасиетті Семейді басқарып отырған Ермак Сәлімов мырзаның Алтайда әкім болып тұрғанында «Осы Ленинде нелерің бар, тұрса тұра берсін. Ешкімге кедергі келтіріп тұрған жоқ қой» деп салғаны қоғам тарапынан үлкен сынға ұшырап, күлкіге қалған еді. Алтай ауданындағы Первороссийское ауылы да қоғам мен жұртшылықты көп жыл шулатып барып, әрең дегенде Полянское болып таяуда ғана өзгерді. Советская, Ленина, Колхозная көшелері ауданның әр бір екінші ауылында бар деуге болады. Айтпақшы, аудандағы екінші үлкен қала да Серебрянка деп аталатынын біле жүріңіздер. Енді Алтай қаласындағы Ленинмен күресу кезегі Алтай ауданына биыл сәуірде ғана әкім болып барған бұрынғы Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысовқа келді. Мемқызметте өмірлік тәжірибесі мол, Катонқарағайдай Оралхан Бөкей шыққан текті жердің тумасы Ленинді тұғырдан тайдыратын ерлікке барса, есімі тарихта мәңгі қалары анық.
Осы арада Лениндерге қатысты үнемі ойдан шықпайтын бір жайтты айта кеткім келеді. Жалпы облыстағы Лениндердің, кеңестік тұлғалардың бәрін Өскемендегі халық ең көп жиналатын этнопаркке жинап, музей ашып қою қаншалықты дұрыс дүние? Бұл жердің табиғаты керемет, этноауылдар, демалыс орындары, хайуанаттар бағы, суға шомылатын көлшіктер бар. Қысқасы бүкіл қала балалары сонда. Сырттан да туристер көп барады. Сондай жерге кеңестік көсемдердің музейін ашқанымыз, керісінше бұларды танып алыңдар деп жас буынға жарнамалағанымыздай көрінеді. Көшеден алған соң көзден де таса қылған жөн секілді, қанша жерде тарих болса да. Тіпті, Ресейдің өзінде де сөйтіп жатқан жоқ па, біздікі не жорық сонда?
Алтайды айттық, енді Өскемен іргесіндегі Глубокое ауылына оралайық. Мұнда да жағдайдың жетіскені шамалы. Аудандағы Уварово ауылында да бір Ленин қасқайып тұр. Оны жұлып тастауға аудан әкімінің шамасы жетпейді. Олай дейтініміз, бұрынғы кеңшардың конторы қазір жекеменшіктің қолында. Осы ауылдағы белді бір шаруа қожалығының жетекшісі сатып алған. Естуімізше, жатса да, тұрса да қайта оралмас кеңестік дәуірдің елесімен өмір сүретін кәсіпкер Ленин атамыздың үстінен шыбын ұшырмайды, шаң қондырмайды. «Бұл ескерткіш менің меншік дүнием, аламын ба, қоямын ба өзім білемін» дейтін көрінеді. Бұл неғылған басынғандық десеңші. Ауданда тиісті идеологияның ақсап жатқанын осыдан-ақ білуге болады. Мұнда да сол сыңсыған өңкей орысша атаулар. Қайдағы бір идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген дүбәра атаулар. Жоғарыда айтып кеткен Ушанов ауылы да осы ауданның аумағына кіреді.
Дәл осындай жағдай Ресеймен шекарадағы Шемонаиха мен Бородулиха ауданында да бар. Бірді-екілі көшелер мен ауылдар атаулары өзгергенімен, көбісі «баяғы жартас сол жартастың» кебі. Егемендік лебі ескелі отыз жылға тақаса да, көп жылғы сеңнің көбесі бұзылар түрі байқалмайды.
Алтай мен Глубокоеде, Шемонаиха мен Бородулихада ауылдық округтердің атауының бәрі орысша. Сенбесеңіздер, аталған аудандардың сайтына кіріп, қарап көрулеріңізге болады. Өскемен іргесіндегі Ұлан ауданының бұрынғы Таврия ауданы болған жағы да оңбай тұр. Герасимовка, Казачьи, Украинка, Донское, Макеевка, Таврия, Саратовка, Ново-Троицкое, Отрадное деп 19 ғасырда келген переселендер қойған атаулармен тізбектеліп кете береді. Әйтпесе, осылардың барлығының қазақтар қойған тарихи атаулары болғанын жергілікті ғалымдар айтып, дәлелдеп келеді. Осы мақаланы жазуға оқталып, фактілер жинап жүргенде аудандардың барлығына да мәселені көтеріп, ішкі саясаттарына хабарластық, бәрі де «ауданда өзге ұлт өкілдері көп, олармен санасуға, олардың пікірін ескеруге де тиістіміз, бірден бәрін ауыстырып жіберсек халық көтеріліп кетеді. Оның үстіне мораторий болды ғой» деген сыңайда қаша жауап береді. Ал қызыл империя жетпіс жыл билік құрғанда жергілікті халықтың пікірін қаншалықты ескеріп, қаншалықты тарихи атауларды құлағына ілгенін ұмытқандай бәрі.
Бұларға қарағанда Семейдің іргесінде жатқан қарағайлы аудан – Бесқарағайдың көші әлдеқайда түзу, әлдеқайда жақсы. Бесқарағай соңғы он жылдың көлемінде аудандағы атауларды ешкімнің көңілі мен қабағына қарамастан, ың-шыңсыз толықтай қазақшалап алды.

Абай мен Шәкәрімнен ұят болатын болды-ау

Семей демекші… Семейді қазақ руханиятының астанасы деп ерекше құрметпен қараймыз. Алайда, сол Семейіміздегі тірліктер көңілден шықпай қалып жататыны бар. Мысалы, Лениннің көшесін абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың атына әрең ауыстырғанымыз күні кеше ғана. Бұған Интернациональнаяны тағы қосыңыз. Семейге кіре берістегі Приречное, қала ішіндегі Восточный, Холодный ключ елді мекендерін ауыстырсақ, ешкім бізге қой демесі анық. Алтайдан Ленинді қуа алмаған Ермак Сәлімов мырзаның осыларды өзгертуге шамасы жетеріне сеніммен қараймыз. Әйтпесе, тамызда Абай тойына алыс-жақыннан, шетелден келетін қонақтардан ұят болар.

«СССР-ді» аңсағандардың ойлағаны не сонда?

Енді қайта Өскеменге оралайық. Соңғы жылдары облыс орталығында кеңестік келмеске заманды аңсау қайта басталғандай. Фактіге жүгінейік, 2007 жылдан бері айтысып, тартысып жүріп Ворошиловтен тартып алған Шәкәрім атындағы даңғылдың ортасына өзге ұлттың кәсіпкерлері көрдіңдер ме дегендей, «СССР» атаулы дәмхана ашып тастаған. Көше жағына кәупхана жасаған. Онымен қоймай атына затын сай қылып, іші мен сыртын тура кеңестік өмірдегідей етіп жасаған, безендірген. Мәзірі, музыкасы, ыдыс-аяқ, қасығына, тіпті асжаулығына дейін кеңестікі. Бүгінде өткенді аңсаушы аспанкөздердің бәрін сол жерден табасыз. Шашлығына бола арасында өзіміздің шала қазақтар да жүретіні бар. Мұны бір деңіз. Қаланың Карбышев көшесінің бойында «Сочи» деп аталатын тағы екінші бір дәмхана бар. Оның да аты шашлығымен шыққан. Бұл да өзгелер үшін бас қосуға, кеңестік өмірді армансыз қиялдауға таптырмас орын. «Сочиден» ары біраз жерде «Империя» деген тағы біреуі бар, соған қарап отыз жыл бұрын құлаған империяны ойлаушылар әлі барын ойлайсың. Бұлармен әңгімең де дұрыс жүрмейді. Қай жағынан келсең де бұл менің жекеменшік нысаным, жеке кәсібім, қалай атасам да өзім білемін деп қысқа қайырып, міз бақпай тұрады. Оның үстіне шағын және орта бизнеске тиіспеу туралы меморандум бұларды тіпті еркінсітіп жібергендей. Сондықтан тез арада бұларды жөнге салатын идеологиялық мықты бір механизм ойластыру қажет.
Осыдан он бес жылдай уақыт бұрын 2000-шы жылдар ортасында Өскеменнің қақ төрінен жекеге өткен бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының ғимаратында «Большевик» деп аталатын түнгі клуб ашылған. Облысты қойып, барлық республикалық жетекші мемлекеттік, тәуелсіз телеарналар бәрі жаппай сынға алса да тістері бір батпады, олар да міз мақпады. Он жылдан аса клуб болып, пайдаға шаш етектен батты. Тіпті, кілең жастар баратын клубтың ішіне Лениннің кеуде мүсінін қондырып, нағыз коммунизмді орнатты. Бұл ауданда екі бірдей университет тұрғанын ескерсек, бұл тірлік нағыз жастардың санасын улау болатын. Абырой болғанда, ғимаратты банкке кепілге қойып, бизнес бастағандар банкрот болғанда банк ғимаратты тартып алып, қайта сатып жіберді. Қазір клубтың орнында Металлург деп аталатын азық-түлік базары ашылып, жұртқа қызмет етуде.

Тілдерді дамыту басқармасының да өз айтары бар

Осы фактілердің бәрін қағаз түсіріп, буып-түйіп алып облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісованың кеңсесіне барып, алдына жайып салдық.
Бірінші кезекте ескерткіштерді алу, орнату мәселесімен тілдерді дамыту басқармасы емес, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы айналысатынын, өздерінің құзіретінде тек ономастика екенін айтқан Роза Әшімханқызы идеологиялық тұрғыдан мазмұны ескірген атауларды ауыстыруда облыста мүлдем жұмыс жүрмей жатыр деу дұрыс еместігін, соңғы жылдарда біршама елді мекендер мен көше атаулары өзгергенін жеткізді. Дегенмен, біздің тарапымыздан жоғарыда айтылғандармен келісетіндігін де мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған уақыттан бері 2020 жылға дейін облыста 141 әкімшілік аумақтық бірлік, 791 көше, 64 мектептің атауы қайта аталған. Мұның ішінде 441 көше, яғни 56 пайызы 2017-2019 жылдар аралығында ауысқан.
– 2018 жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес басқарма тарапынан өңірдегі идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайта атауға жататын атауларға талдау жасалды. Облыстағы 7793 көшенің 439-ы, 1076 әкімшілік-аумақтық бірліктің 46-сы және 11 мектептің атауы осы санатқа жатқызылды. Мен Сізге айтайын, 2018 жылдың басында облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Советская, 47 Октябрская, 29 Комсомольская, 15 Совхозная, 13 Колхозная көшесі болды. 2017-2019 жылдары қарқынды жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде идеологиялық тұрғыда ескірген 439 көшенің 291-нің (66,3 пайыз), 46 әкімшілік-аумақтық бірліктің 17-нің (37 пайыз), 11 мектептің 9-ның (81,8 пайызы) атауы ауысты. Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Көп жерлерде қарсылық бар. Өзіңіз де білесіз, Шығыс Қазақстан өзге облыстарға қарағанда көпұлтты екендігімен ерекшеленеді. Олардың пікірімен де санасу қажет. Оның үстіне Ресеймен шекарамыз тиіп тұр. Президенттің өзі ең бірінші елімізге керегі бейбітшілік, тыныштық екенін айтып отыр. Алайда, бұл жұмыстарды тоқтатпай ары қарай жалғастыра береміз. Бәрі бірден бола кетпейді, кезең-кезеңмен бәрін де ретке келтіреміз, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісова.
Ия, бұл жұмыстарды үздіксіз жеделдете жалғастыра беру қажет. Себебі, Шығыста әлі ауыстыруды қажет ететін 148 көше, 29 елді мекен, 3 мектеп бар. Соның ішінде 24 көше Лениннің, 10 көше Кировтың атын әлі егеменді елімізде ұялмай иемденіп тұрса, Советская деген 35, Октябрская деген 14, Комсомольская атты 11 және бұлардан басқа тағы да идеологиялық тұрғыдан ескірген біршама көшелер бар. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі де ерте, еркінсуге әсте болмайды.

 

Дәурен Аллабергенұлы

2020 жыл

Осы айдарда

Back to top button