Күлкі күні көңілсіз өтпесін

Сәуір жерге сәнін, елге әнін, көңілге шаттық пен күлкісін ала келетін ай. Бірінші сәуірді орыс халқы «День дурака» деп ежелден атап өтіп келе жатыр. Әлемдегі ең әзілқой қала саналатын Болгариядағы Габрово қаласында бұл мерекенің ерекше тойланатынын көпшілік жақсы біледі. Ал бұл күнгі қалжыңдар бізге орыстардан «жұққан» салт ретінде таныс. Сәуірдің бірінші күнінде жұрт бір-біріне әзіл айтып, қалжыңдасып, көңіл көтеруге тырысқан.
Мектепте оқып жүрген кезімізде осы күні құрдас, замандастарымызды алдап, ұтқыр қалжың айтуға тырысатынбыз. Мысалы, даладан кіріп, сабақта отырған балаға: «Сені директор шақырып жатыр», – дейтінбіз. Ол сасқалақтап, тұра жөнеледі. Біраздан соң қызарақтап қайта кіреді де: «Сені ме, бәлем…», – деп қарсы бір қулық даярлай бастайды.
Біздің 5-6-сыныпта оқып жүрген кезімізде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін Гүлшира апай дейтін мұғаліміміз болды. Ол кісі өзінің тышқаннан қатты қорқатынын үнемі айтып отыратын еді. Бір күні Жайлаухан деген тентек бала: «Апай, аяғыңыздың астында тышқан жүр», – деп айғай салғанда апайымыздың шыңғырып, орындыққа секіріп шыққаны есімде. Біраз отырып, жүрегін басқан соң ол кісі:
– Е, бүгін 1 сәуір екен ғой. Әй, Жайлаухан, сен бір оңбағансың! – деп күліп қана қоя салғанына шын таңырқаған едік.
Негізінде, мұндай қалжың қазақ халқына жат дүние емес. Бірін-бірі әзілдеп алдау, қулығын арттырып, сан соқтырып кету де сол қалжыңдардың қатарына жатады. Ал ертегілік нышандар болып саналатын «Қырық өтірік», «Тазша бала», «Алдар көселер» халқымыздың ауыз әдебиетіндегі сүбелі тақырыптардың қатарынан саналатыны бекер емес.
Бұрынғы заманда, кино, театр, цирктердің жоқ кезінде көпшіліктің көңілін әншілер, ақындар, балуандар көтеріп, қызыққа батырған. Ал әйгілі байлар, серілер осындай өнерпаздармен қатар мешкейлері мен өтірікшілерін де ертіп жүрген. Мешкейлер ет жеуден сайысқа түссе, өтірікшілер ойдан шығарған жалған әңгімелерімен жарысқан. Бұл еріккеннің ермегі емес, үлкен өнер болып саналған осы сайыстардың жеңімпаздарына ас пен тойдың иелері ат мінгізіп, шапан жауып, құрмет көрсеткен.
Осындай бір үлкен жиында екі өтірікші сайысқа түсіп, әрқайсысы өз әкесін мадақтаған екен.
– Әкем марқұм өте бойшаң адам еді,– дейді біріншісі.
– Бойының ұзындығы сондай… – деп теңейтін нәрсе іздеп, аспанға қарағанда екіншісі:
– Әкеңіздің иығына бірнәрсе тиіп тұратын ба еді?, – деп сұрапты. Анау «бұлтты айтып тұрған шығар» деген оймен:
– Иә, иә, тиіп тұратын, – дейді. Сонда екіншісі:
– Ол менің әкемнің шекпенінің етегі болатын, – деп қатырып кеткен екен.
Ақындар айтысында да қиыстырып өтірік айтып сайысу дәстүрі бар. Мұндай кезде ақынның өтірікші болуы міндет емес, осындай сайыста адамның ойлау қабілеті мен қиялының шапшаңдығы сынаққа түседі. Нәтижесінде тез ойланып, өлеңді шапшаң құрайтын ақын жеңіске жетеді.
«Күлкі – көңіл ажары», «Аузында әзілі жоқтың – қолында шоқпары бар», «Күліп жүрген адамның қайғысы жоқ» деп мақалдаған халқымыз әзіл-қалжыңның жан сергітер қуатын, әзілдесіп жүретін адамдардың шынайы сыйластыққа да қол жеткізе алатынын меңзеп айтып кеткен. Ендеше, қашанда көңілді жүрейік, күліп жүрейік. Бірімізді-біріміз зілсіз де шуақты, жарасымды да жайдары қалжыңымызбен жадыратып жүрейік. Көңіліміз көтеріңкі, денсаулығымыз өте мықты болсын!
Хасен Зәкәрия