Қоғам

Күленов кентінде балабақша ашылды

Дәурен Аллабергенұлы

Жаңа жыл қарсаңында Өскемен қаласындағы даңқты металлург Ахат Күленов атындағы шағын ауданда «Самғау Шығыс» атты жаңа жекеменшік балабақша ашылды. Аз уақыттың ішінде салынып, бүлдіршіндердің игілігіне берілген жаңа әлеуметтік нысанның ашылуына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысты.

Балабақша ғимараты шағын аудан балаларын мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасы негізінде ашылып отыр. Мұндағы басты мақсат – қаланың мектепке дейінгі ұйымдарында балалардың кезегін азайту, қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету.


– Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, қаламызда осындай балабақшалар көптеп ашылуда. Бұл – биыл Өскеменде ашылып отырған жетінші балабақша. Қалада балабақша ашуды жыл сайын қарқынды түрде іске асырып келеміз. Әсіресе қаламыздың осындай әр шағын аудандарында балабақша ашуға күш саламыз. «Самғау Шығыс» шағын аудан тұрғындарының балабақшаға қатысты туындаған мәселелерін толық шешеді деген сенімдемін. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді қала әкімі Жақсылық Омар ашылу салтанатында.
Шағын аудандағы Бауыржан Момышұлы көшесі, 23/1 мекенжайында орналасқан мектепке дейінгі мекемеде жобалық қуаты 80 орындық, таза қазақ тілінде оқытатын 4 топ жұмыс істейді. Балабақша заман талабына сай жиһазбен және қажетті жабдықтармен толық жабдықталған.
Мекеменің ашылуына орай, отыздан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
– Соңғы жылдары А.Күленов атындағы шағын ауданда халықтың, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балалардың саны артқаны анық байқалды. Оның үстіне шағын ауданда бес мыңға тарта халық тұрады екен. Сондықтан ойлана келе, осы ауданда 80 орындық балабақша ашу қажет деген шешімге келдік. Екі жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде ғимаратты толық салып бітіріп, іске қостық. Жаңа балабақша барлық заманауи талаптарға сай әрі ата-аналардың өтініштерін қанағаттандырып жатыр. Құрылыс жұмыстарына жолдасым, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, әділет подполковнигі Еркін Қасымов көп қолдау көрсетті. Бұл – біздің отбасымыздың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған тартуы, – дейді «Самғау Шығыс» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Гүлмайра Жанысбаева.
Балабақшаның ашылу салтанатында кәсіпкерлер әулетінің үлкені, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері, 2016 жылғы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, 86 жастағы Қадылбек Дырынбаев ақсақал ақ батасын берсе, зейнеткер Ғалия Үзенбаева қазақы салтпен шашу шашып, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында ықшам аудан тұрғындары атынан көпбалалы жас ана Талшын Оқасова, немерелерін осында әкелетін аудан ақсақалдары Бақыт Құрманғалиев, Мақсат Шағановтар өз ризашылықтарын білдірді.
Ақпарат ретінде айта кетсек, Өскемен қаласында қазіргі таңда мектепке дейінгі 100 ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 77 балабақша (37 мемлекеттік, 40 жекеменшік) және 23 шағын орталық бар.

Осы айдарда

Back to top button