Қоғам

Кубок Өскеменде қалды

Кубок Өскеменде қалды


Бәрекелді! «Алтайдың» арулары аймақтың абыройын тағы да асқақтатты. Өскеменді апта бойы дүбірге бөлеген волейболдан қыздар командалары арасындағы Қазақстан кубогында жерлестеріміз топ жарды. «Алтайдың» алтын қыздарын облыс әкімі Даниал Ахметов марапаттады.

Тағы да дейтін себебіміз, біздің ұжым осыған дейін де ел чемпионаты мен кубогында бірнеше рет олжа салып, жарқырап алдан көрінген-ді. Бұл жолы да сенімді ақтады…

Жекпе-жек сарайында өткен финалдық ойынды трибунаға лық толған қалың жанкүйермен бірге аймақ басшысы арнайы тамашалап отырғаннан кейін, жергілікті команда желпініп ойнады бұл күні. Қарсылас команда – Керекуден келген «Ертіс-Қазхром».

Алғашқы партияны қарқынды бастаған «алтайлықтар» қарсыласын біраз тықсырып жіберген еді. Алайда қонақтар да тез ес жиып, екінші және үшінші партияларды өз пайдасына аяқтады. Енді бір «әуп» деп жіберсе, павлодарлықтар чемпиондық атақты алып кетер ме еді, кім білсін, егер жергілікті жанкүйерлер қолдауынан қанаттанған «Алтай» қыздары бар шеберліктерін көрсетпегенде?! Айтқандай-ақ, финалдық ойынның төртінші кезеңінде алаң иелері тізгінді қолға алып, таразы басын теңестіріп кетті. Теңестіріп қана қоймай, шешуші – бесінші партияда бұл жерде кімнің қожайын екенін анық аңғартты. Сөйтіп, аузы дуалы біраз сарапшылар бұл жарыстың басты фавориті санаған Павлодардың «Ертіс-Қазхромы» Өскеменнің төрінде «Алтайдан» 3:2 есебімен жеңіліс тауып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал қола жүлде үшінші орын үшін болған матчта тағы бір шығысқазақстандық ұжым – «Алтай 2» командасын тізе бүктірген Талдықорғанның «Жетісу» командасына бұйырды.

– Ойындар өте тартысты өтті. Биыл «Алтай» командасы өз алаңында жеңіске жетті. Бұл тек қана ойыншылардың емес, бүкіл клуб қызметкерлерінің, демеушілердің және, ең бастысы, облыс басшылығының қолдауының арқасында келген жеңіс деп айтар едім. Бізге қолдау көрсеткен азаматтарға және барлық жанкүйерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Енді «Алтай» командасы Қазақстан Супер кубогы ойындарына дайындалатын болады, – дейді чемпионаттың бас төрешісі Ермек Сырлыбаев.

Кубок Өскеменде қалды

Айта кетейік, апта бойы қала тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес спорт мерекесін сыйлаған ел кубогында Астана, Алматы, Павлодар, Талдықорған, Петропавл, Қарағанды қалаларынан келген командалар өнер көрсетті. Алтын медаль иегерлерін жеңістерімен құттықтап, марапаттаған облыс әкімі Даниал Ахметов:

– Қадірменді жерлестер! Қымбатты спортшылар! Сіздерді Қазақстан Кубогы ойындарының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын. Болашақта «Алтай» командасын Әлем чемпионаты мен Токиода өтетін Олимпиада ойындарында көреміз деп сенеміз. Біз ол үшін спортшыларға барлық жағдайды жасайтын боламыз. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. «Алтайдың» қыздарын, бапкерлер мен команданың барлық қызметкерлерін бүгінгі жеңіспен құттықтаймын, – деп жылы лебізін білдірді.

Кубок Өскеменде қалды

Жарыстың қорытындысы бойынша «Алтай» командасының ойыншысы Сана Анарқұлова, «Ертіс-Қазхром» командасының ойыншысы Анна Тарасова, «Жетісу» командасының ойыншысы Людмила Малофеева «Үздік ойыншы» аталымдарына лайық деп танылды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button